Қобыланды батыр (30-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу
Алшағыр ханды өлтіріп,
Кәпірдің күнін қуырып,
Артықша тартып күш етіп,
Найзасын алды суырып,
Бір уақыттар болғанда.
Есіктің алды балдырған,
Нан піседі тандырдан.
Қарауыл отын жандырған,
Мұсылман көңілін қалдырған.
Қызылбастың жұртында
Тағыболат, Тасболат
Құртқаны алар сапарда
Бірі өзінің әкесі,
Жеті үлкен ағасын
Бірден қырып салдырған.
Ағанас пен Тоғанас
Алшағырдың соңынан
Қаладан шықты екі жас.
Әке, ағасын өлтірткен,
Ежелден кекті, бұлар қас.
Ағасы еді Ағанас,
Інісі еді Тоғанас.
Таптырмай ақыл-айланы,
Қобыланды ерге Ағанас
Келе салды найзаны.
Қараспанның тауында
Бір қызылбас, бір қазақ
«Бермейміз,—деп,—намысты»,
Екі батыр шегініп,
Найзаларын салысты,
Найза қанға майысты.
Итерісіп тұрысты,
Ат тізесін бүгісті.
Мінген аты ала еді,
Іздегені қызылбас.
Дұшпанын Қобыланды табады,
Пірлері кәміл қолдады
Қобыланды сынды баланы.
Көңіліме болмаса,
Ағанастың найзасы
Қобыландының бөксесін
Қисайтып кетіп барады.
Намыс қысып Қобыланды
Арыстандай ақырып,
Түзеліп атқа алады.
Қаһарланып Қобыланды
Ағанасқа ақырды.
Найзаның кіріп үңгісі
Ағанастай батырдың
Ерегескен Қобыланды
Қарасын суға батырды.
Артынан келді Тоғанас,
Қаһарланған Қобыланды
Оны да іліп тастады.
Тоғанастың артынан
Көкқасқа атты Ақтайлақ
Ұрысқа кірді жағдайлап.
Орақпенен ұрысып,
Ақтайлақты сол жерде
Орақ іліп тастады.
Ақтайлақтың соңынан
Баласы еді Нарқызыл
Келіп еді ұрысқа,
Қобыланды іліп тастады.
Қазан басты Қара дәу
Келіп еді ұрысқа,
Қарлыға іліп тастады.
Қалмақтың Қара батыры
Шығып еді ұрысқа,
Қобыланды іліп тастады.
Мұсылман көрсе оқ атқан,
Қызылбас көрсе шын тартқан,
Қырық құлаш Қызыл дәу
Шығып еді қаладан,
Орақ іліп тастады.
Осынша ердің соңынан
Күмбезді найза қолында
Ағын судың сағасы,
Аққайырдың жағасы,
Көп кәпірдің ағасы,
Көбіктінің баласы
Кәмшат бөрік басында,
Нөкері бар қасында,
Өзі он бес жасында,
Күйеу боп жатқан осында.
Үстіне дұшпан келген соң,
Ұрыспасқа айла таба алмай,
Соғыспаққа дұшпанмен
Және шықты шәһардан.
Келді екпіндеп Біршымбай,
Жеткенінше бір тынбай.
Бөтен сөзге қарамай,
Қобыландыны бір шанышты,
Қарлығаны бір шанышты,
Күркіреп кеп ұмтылған
Қараманды бір шанышты.
Сол боймен Біршымбай
Сыпыртып өтіп жөнеді.
Қайта оралып Біршымбай,
Орақты кеп бір шанышты.
Қапыда қалған Қобыланды
Ақылына бір келеді.
Найзасын алып қолына,
«Жекпе-жек»,—деп айғайлап,
Бурылмен енді желеді.
Байқап тұрған Қарлыға
Басқа бір ой ойланып,
Қобыландыға келеді.
«Мен барайын, батырым,
Қоя тұр»,—деп ақыл береді.
Қарлыға тұрып сөйлейді:
—Сіздер кейін тұрыңыз,
Барайын жалғыз мен,—деді.
Әуелі Алла панайым,
Хақ жаратқан Құдайым.
Мал шыдамас жауырға,
Ер шыдамас бауырға.
Сіздер кейін тұрыңыз,
Бірге туған ит еді,
Жалғыз өзім барайын.
Мінген аты ала еді,
Атасы әйел демесең,
Қарлыға қыз да ер еді.
Қараман, Қобыланды, Ораққа
Жолдастыққа жарады.
Есебін тауып айламен,
Өлтіруге ойланып,
Бөркін жұлып алады.
Шашын жайып Қарлыға,
Ақмоншақ атты қамшылап,
Ерлердің шығып қасынан,
Біршымбайдың алдынан
Қарлыға шауып барады.