Қобыланды батыр (24-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 3 мин оқу
Қобыланды тыңдап тұр, атасы зарлап болғаннан кейін, анасы Аналықтың айтқан жоқтауы:
—Тоғайдан қудым көжекті,
Етектеп тердім тезекті.
Жалғызымды жоқтайын,
Шаршағанда тоқтайын.
Жан қосағым, Тоқтарбай,
Беріңіз маған кезекті,
Омар менен Оспандай.
Жан қосағым, Тоқтарбай,
Жұмылған көзді ашқандай,
Ай мүйізді қошқардай
Ішіміз толды қайғыға-ай
Жалғызымнан айрылып,
Пенде болдық дұшпанға-ай!
Пайғамбар—Тәңірі жолдасы,
Кәпірдің өтті бұл ісі
Жан қосағым, Тоқтарбай,
Түн ортасы болғанда,
Қобыланды жақтан жел соқты.
«Жаңылмасам деп едім,
Жалғызымның астында
Тайбурыл аттың тынысы.
Шырағым асты белеңнен,
Кетіп еді жау іздеп,
Астында Бурыл дөненмен,
Көкке тойған көбеңмен.
Жұмысы болмай жөнелді,
Қараспанды жайлаған
Қалың қыпшақ көп елмен.
Өткізермін деуші едім
Жасықты жанып пышаққа.
Жалғыз туған жас қозым
Талаптанды сапарға.
Көзіңді сал, Тоқтарбай,
Алласы берген шыраққа.
Бұлты келді төбеңнен.
Бұлтың келді, өзің жоқ,
Жалғызым барда көңілім тоқ.
Жалғызым сенен айрылдым,
Күйіп-жанып болдым шоқ.
Жалғызымның барында,
Көшке жорға мінгенім,
Еруде қамқа кигенім.
Жалғызым, сенен айрылып,
Сонша бейнет көргенім!
Құлағың сал, Тоқтарбай,
Иінім бүгін тартады,
Қараспанға ел қонып,
Еруде қамқа кигендей!
Қарым және тартады,
Қараспан тауын қабаттап
Қалың қыпшақ ел көшіп,
Кешке жорға мінгендей!
Төсіме біткен қос тері
Ішінде жоқ бос тері,
Бұлақ болып есілді
Жалғызым келіп емгендей!
Мен бейшара зарлаймын
Ботасы өлген түйедей.
Ернім және тартады
Он үш жасар баламның
Ақ бетінен сүйгендей.
Қуанамын мен сорлы
Кеткен қозым келгендей.
Оң қабағым тартады
Сапар кеткен қозымнан
Анық хабар келгендей.
Жұмылған көзім ашылып,
Жалғызымды көргендей!
Есіктің алды төбелік,
Бейшара болған біздерге
Кәпір қылды көп зорлық!
Алпыстағы шешең Аналық
Тезек теріп етектеп,
Құрт қайнатып, жүн түтіп,
Арқан ескен не қорлық?!
Өзге қорлық, қорлық па,
Өзіңнің жарың Құртқаны
Қалмақтың ханы Алшағыр
Алам дейді сол зорлық!
Шырағым келіп ат қояр,
Алшағыр тіккен ордаға.
Кәпірден көрген бұл қорлық
Өлгенше естен кетер ме?!
Біз мұнда көрдік көп қорлық,
Жас қызым жүрді бекерге.
Зарланған менің дауысым
Шырағыма жетер ме?!
Қобыландының қарындасы Қарлығаштың көрген түсі
Қарлығаш сонда сөйлейді:
—Жан шешеке, тұра-тұр,
Жан көкеме түс көрдім.
Адыра қалған ақ балтам
Тасқа тиіп кетілді.
Тәңірі аямас болар ма,
Мен бейшара жетімді?
Жан көкем болса елімде,
Қалмақтың ханы Алшағыр
Бүлдірер ме еді кентімді?!
Бүгін менің түсімде
Өзімнің бабам ішінде
Қазанның Сырлы қаласын
Артық туған жан көкем
Сайрандап жалғыз жүр еді.
Қазанды шауып, жау қашып,
Бірге туған жан көкем
Қаһарын тігіп, ақырып,
Қараманды шақырып,
Қатын деген бір сөзін
Бетіне айтып тұр еді.
Бөлінбеген ұйқысын,
Жыртылмаған құлпысын
Қараман мен жан көкем
Таң ата алып жүр еді
Көбікті ханның жылқысын.
Жамандатқыр Тарлан ат
Қашып барып еліне,
Ер салуға Көбікті
Тарлан атқа асықты.
Терлік салып беліне,
Қуып жетіп Көбікті,
Ұйықтап жатқан жерінде
Жан көкемді пенде етіп,
Ақымақ қырғыз желікті.
Бұл секілді бейнетке
Жан көкем неғып көніпті?
Жан көкемді қолдамай,
Сеніп жүрген бабасы.
Ағекемнің бұл сапар
Болмады қабыл тобасы,
Көбіктінің асып айласы.
Өз аттасым Қарлыға
Көкеме тиіп пайдасы.
Қараман мен көкемді
Қолын шешіп, босатып,
Түн ішінде қашырып,
Қызметін асырып.
Өз аттасым Қарлыға
Артық туған көкемнің
Аяғына бас қойып,
Мұсылман болып жүр еді.