Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (17-бөлім)

Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 3 мин оқу

Асып тұрған қатардан
Көбікті де ер еді.
Дұшпанын батыр мұқатып,
Ауылына келеді.
Қалыңнан соққан қарсақтай,
Салақтатып Көбікті,
Тақымында қос батыр
Ұлы сәске кезінде
Шәріне кеп енеді.
Көбікті келе сөйлейді:
—Үйдемісің, Қарлыға,
Жер астына бір түсер
Бұл адамның барлығы,
Алланың кеп тұр жарлығы.
Қайысқан болат сынғандай,
Желіккен көңіл тынғандай.
Өтірік қандай, шын қандай,
Сені берсем күйеуге,
Екі пенде әкелдім
Бас жетімге қылғандай.
Көгершін қонып қабаққа,
Сұңқар беріп тамаққа,
Жауып таста апарып
Қос кілтті лабаққа!
Қарлыға мінген кер еді,
Маң-маң басып келеді.
Аты әйел демесең
Бұл шәһардің бегі еді.
Байлауда жатқан батырдың
Екеуін екі қолтыққа
Боқжамаша қысып ап,
Ақырын алып жөнеді.
Көтеріңкі қабаққа,
Апарып жауып тастады,
Қос құлыпты лабаққа.

Екі батырды жауып қойып, Қарлыға ойланады. «Мен бұрын да мұсылман болғым келіп жүруші едім, осы екеуімен үйлессем, осыларды босатып кетейін. Егер келіспесе, осында жатып шіріп өлсін»,—деп, екі батырға айтқан сөзі:

—Тауға бітер ай татыр,
Ол татырда мал жатыр.
Байлауда жатқан қос батыр,
Мейіз берсем, жеймісің?
Қазан сынды батырды
Өлтіріп қашқан ермісің?
Қолыңды шешіп, қашырсам,
Қарлыға қыз қашырмай,
Өзім қаштым дермісің?
Қараман сонда сөйледі:
—Менің өзім нашармын,
Түтікпен ауыз ашармын,
Бұл бейнеттен құтқарсаң,
Болайын сенен тасадтық,
Қарлыға, босат қолымды.
Қобыланды сонда сөйлейді:
—Хош, аман бол, Қараман,
Сен қашсаң да, мен қашпан.
Ат жолынан адасқан
Ердің жолын Тәңірі ашқан.
Алты жаста ат мініп,
Он үш жасқа келгенде,
Жаратқан жалғыз бір Құдай,
Қызылбасқа қас қылдың.
Кет, Қарлыға, қасымнан
Езе берме бұл шақта
Дәулет құсы ұшты деп,
Бір сағат болмай басымнан.
Өшті болған атаңнан
Өшімді алмай мен қашпан.
Кекті болған атаңнан
Кегімді алмай мен қашпан.
Кәпірге деп жаратқан
Дұшпан қылып Құдайым
Қобыландыны о бастан.
Қалам салдым қалтама,
Алты жаста ат мініп,
Он үш жасқа келгенше,
Таулар күйіп, тас жанды
Қобыланды деген атыма.
Қорған болып туғанмын
Әуелден-ақ халқыма.
Асықпаңыз, Қарлыға,
Бір мінерсің Бурылдың
Жайдақ сауыр артына.
Әуелі Құдай жалындым,
Ата-анамды сағындым.
Жауға пенде болғаным
Қара басып өзімді,
Ұйқы басып көзімді,
Кәміл пірімді жаңылдым.
Қараман, барсаң сәлем де
Азулы деген көлдерге,
Асқар-асқар белдерге,
Қараспанды жайлаған
Қалың қыпшақ елдерге.
Және сәлем дегейсің
Ит жүгіртіп, құс салған,
Найза ұстаған ерлерге!
Және сәлем дегейсің,
Тұлпар мініп, ту алған
Бұрынғы жолдас, бектерге!
«Кәпірге пенде болды» деп,
Үлкен аға, кіші іні
Ойға алмас біздерден.
Е, дариға, дүние-ай!
Асқар, асқар белдерім,
Азулы деген көлдерім.
Қараспанды жайлаған
Қалың қыпшақ елдерім.
Ол елімде көп еді
Тұлпар мініп, ту алған,
Қатар өскен жасымнан,
Найза ұстаған ерлерім.
Жазым болып, көз жұмсам,
Ағайыным жоқ еді,
Кім іздейді, достарым,
Еске түсіп, жылаймын
Неше алуан шерлерім.
Қараман, және сәлем айт,
Мені іздемей жатпасын
Қатар туған, тең өскен
Құрбы туған бозбала.
Пенде болып жатырмын,
Қазам жетіп, көз жұмсам,
Қариялардың айтқаны
Келмеді ме басыма,
«Осы емес пе деген сөз
Опасыз дүние ақырда».
Болат қылыш қынына
Жау үстінде салынбас.
Қынжылмасын елдегі
Аға, іні, қарындас.
Өлтірсе де кескілеп,
Көбікті кеп қолынан.
«Босата көр мені»,—деп,
Қобыланды оған жалынбас.
Шын болса егерде
Туғаным менің батыр боп,
Алдауға ешбір шалынбас.

Тағы оқыңыз