Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (16-бөлім)

Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 3 мин оқу

Қазына алтын-күмісін,
Малын, жанын ызғытып,
Осыншама көп малды
Айдап жөнге салады.
Жалғыз туған Қобыланды
Артық бақыт табады.
Толып жатқан көп жаман
Көп олжаға кенелді.
Қаладан сыртқа шыққан соң,
Көп қосын көшпей бөгелді.
Атадан жаман туғандар,
Екі-үш күн етке тойғандар
Қоста отырып кеңесті.
Кеңескенде не десті:
—Жалғыз жүріп Қобыланды
Қаланы бұзып алдым дер.
Күліп жатқан жаманға
Олжаны өзім салдым дер.
Жиып шықты Қараман
Қияттан көп нөкерді.
Қобыланды елге сау барса,
Сәніміз біздің кетер,—деп,
Ақылдасты көп қият
«Жалғыз атты қыпшақты
Өлтіріп кетсек нетер?»,—деп.
Айтса дағы қылмады,
Мұраты қабыл болмады.
Артық туған Қобыланды
Толып жатқан қиятты
Есепсіз малға тойғызды.
Арамдыққа берілген
Жамандардың бұл сөзін
Қараман сезіп қойғызды.

Қобыланды батыр құрдасы Қараманмен ақылдасып, Қазаннан алған көп малды қасындағы нөкерлеріне айдатып жіберіп, өздері аздап дем алуға тоқтап қалды. Неше күн ұйқы, күлкі көрмеген Қобыланды құрдасы Қараманға:—Әлі де жау жеріндеміз ғой, мүмкін қуғыншылар болар, сондықтан сен қарауылда бола тұр, мен ұйықтап дем алайын,—деді. Қобыланды ұйқыға кетті, Қараман күзетте тұра берсін. Енді аздап Көбікті ханның жағдайына келейік.

Босып барды қалың жұрт
Қырлы, Сырлы қаладан.
Айрылдық деп Қазандай
Батыр туған данадан.
Қобыланды деген бір жебір
Шығыпты қыпшақ қарадан.
Жасы он үште болғанмен,
Мыңға өзін балаған.
Болды таңба сүйекке
Өлгені батыр Қазанның
Қаршадай жас баладан.
Алтын қақпа боялды
Қырылған қалмақ қанына.
Ешкім санап жете алмас
Өлгендердің санына.
Жолбарыс та бара алмас
Қобыландының жанына.
Шауып алып ел-жұртын,
Жүре берді-ау жайына.
Келдік, міне, өзіңе
Олардан қашып тайына.
Бұл хабарды естіген,
Көбікті хан ойланды:
«Қият—қыпшақ халқына
Салармын,—деп,—ойранды.
Ұрттап қанын ішермін
Қазандай ерді жойғанды.
Қырлы, Сырлы қаланың
Байлығына тойғанды.
Арындап келіп олжа алып,
Көңілі тасып тойғанды.
Қазаным, менің Қазаным,
Жауына берген жазаны.
Ең ауырын аямай,
Қаптаған қият сазайын.
Кегіңді алып, Қазаным,
Қобыландысын өлтіріп,
Көп қиятқа көр қазайын».
Көбіктіде ер еді,
Соқтыққан жауын жеңеді.
Қасына ерген нөкерге
Көп олжа тауып береді.
Астына мінген кер еді,
Бүкең қағып желеді.
Күн сәскеге жеткенде,
Сарыөзеннен өткенде,
Тау суындай сарқырап,
Ақ сауыты жарқырап,
Тарлан атпен Көбікті
Бұларға келді барқырап.
Көбікті сонда сөйлейді:
—Ел иесіз дедің бе,
Көл иесіз дедің бе,
Жан иесіз дедің бе?
Байтақ жатқан елімді
Еңіреткен кім еді?!
Елімнің қалың жылқысын
Айдап кеткен кім еді?
Батыр жігіт, қайдасың,
Батырлар табар айласын?!
Сол уақыттар болғанда
Көбіктіні шаншуға,
Қарамандай еріңіз
Ыңғайланды найзасын.
Көп қиятты басқарып,
Әр уақытта бұ дағы
Ойлаушы еді пайдасын.
«Ұйқысын бұзбай Қобыланның
Табармын,—деп ойлады—
Жекпе-жекте айласын».
Қараман ерлік бастады,
Ерлігін Алла қоспады.
Денесіне тигізбей,
Көбікті дінсіз ит қалмақ
Қараманның найзасын
Шоқпармен қағып тастады.
Ұмтылумен Көбікті
Қараманды ұстады.
Көбіктінің ерлігі
Мұсылманнан асады.
Жас күшіктей шыңғыртып,
Қараманды Көбікті
Тақымына басады.
Қулық пенен сұмдықты
Көбікті тағы ойлады:
«Оянып кетсе, болмас», деп,
Қобыландыны Көбікті
Ұйықтап жатқан жерінде
Тоғыз қабат тор тастап,
Бекітіп әбден байлады.
Ол уақытта Қараман
Ұйықтап жатқан Қобыланды
Оятуға болмады.
«Енді үзіп кетпес» деп,
Қобыландыны Көбікті
Оятпаққа сайланды.
Түртіп еді Көбікті,
Қобыланды тұрмады,
Ұйқысын Қобылан бұзбады.
Дұшпан деген ойда жоқ.
Жиып алды Көбікті,
Қару-жарақ бойда жоқ.
Қаперсіз жатып дұшпаннан
Басынан өтті дүние боқ.
Аңдаусыз жерде Қобыланды
Пенде болып дұшпанға,
Табанына тиді шоқ.
Бір уақта оянып,
Қобыланды көсілді.
Дұшпан деген батырдың
Әлі де жоқ есінде.
Көбіктінің байлаған
Тоғыз қабат торының
Бес қабаты шешілді.
Көбікті тұр таңғалып,
Қобыланды қалды сандалып.
Қобыланды батыр сасады,
Басынан бақыт қашады.
Ыза болып Қобыланды,
Жын қаққанға ұсады.
Кісен салып Көбікті,
Қараман мен Қобыланның
Аяқтарын тұсады.
Жеті кәміл бабасын
Жад етуге жаңылды.
Не қылса да бұларды
Енді қара басады.
Бұл екеуін Көбікті
Тақымына қысады.
Қос батырдың қос тұлпар—
Жылқысын да тұсады.
Белес-белес бел еді,
Тарлан атпен желеді.

Тағы оқыңыз