Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (23-бөлім)

Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 3 мин оқу

Жұртына көзін салады,
Қараса, күлдің ортасы
Көтеріңкі көрінді.
«Күл ішінде не бар?»—деп,
Қобыланды күлді қарады.
Ашып күлді қараса,
Жая менен жал екен,
Түрлі тағам бар екен.
Өзін қалмақ алғанда,
Көк арбаға салғанда,
«Кез болса бұған батыр,—деп,
Тауып азық қылсын»,—деп,
Ақылды туған Құртқаның
Бөтен нәрсе тастауға
Шамасы келмей сұлудың,
Көміп кеткен наны екен.
Күлдің алып ішінен,
Нанды қолға ұстады:
«Бұйырғаны Құдайдың
Осы шығар бізге»,—деп,
Тәубесін айтып Қобыланды,
Шетінен нанның тістеді.
Тамағынан ас жүрмей,
Іші күйіп барады.
Өзгесін жемей батырың,
Ат қоржынға салады.
Енді мініп атына,
Жүрерге жолын таба алмай,
Қайсы жаққа кеткенін
Жаудың жөнін біле алмай,
Жапанда тұрып Қобыланды
Зарығып тағы жылады:
—Жан жаратқан Құдайым,
Жалғыздық басқа түсіп тұр
Дүниедегі уайым.
Қайсы жаққа жүрейін,
Қай тураға барайын?!
Атқа мініп жасымнан
Серілікпен жүрсем де,
Ашылмаған екен талайым.
Ата-ана, көп халқым
Қайда барып табайын?
Бір басыма тар қылдың,
Дүниенің кең сарайын!

Батырдың дағдарып тұрған шағында Тайбурыл жерді иіскелеп, кісінеп-кісінеп, күннің шығысына қарай шауып жөнелді. Мұны байқай келгенде, Құртқа сұлудың Тайбурылдың сүйсініп жейтін жемін шашып кеткені мәлім болды. Бұған түсінгеннен кейін Қобыланды Тайбурылдың еркімен жүре берді.

Тайбурылды Қобыланды:
—Әйт, жануар, шу!—деді.
Бурыл тұлпар гуледі,
Табаны жерге тимеді.
Көлденең жатқан көк тасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі.
Арандай аузын ашады,
Аяғын топ-топ басады.
Ертемен шапқан Қобыланды
Кешке дейін шабады.
Жете алмай қалаға,
Бекер шапты далаға.
Сілтеуден анық табады,
Түнге шейін шабады.
Түн ортасы болғанда,
Есіктің алды ағын-ды,
Бола жазды шығын-ды.
Шығын болмай не қылсын,
Екпіндеп шапқан Тайбурыл
Етпетінен жығылды.
Қобыланды түсе қалады,
Жер-жерді байқап қарады.
Аллаға тілім жазықты,
Ат ауырса, қарны ашса,
Қылсын деген азықты.
Қыз Құртқа қағып кетіпті
Кез бойы алтын қазықты.
Қолын жерге салыпты,
Тайбурылдың астынан
Қобыланды тауып алыпты.
Ол қазықты бес бүктеп,
Ат қоржынға салыпты.
Атына Қобылан мініпті,
Тайбурылын тайдырмай
Табанын жолға салыпты.
Батыр туған Қобыланды
Таң атқанша шабады.
Елін шапқан дұшпанын
Адаспай Қобыланды табады.
Таң сарғайып атқанда,
Таң шолпаны батқанда
Алшағырдың шәһарын
Батырдың көзі шалады.
Шәһарға жетіп барады,
Қақпасын тауып ала алмай,
Тайбурыл атпен шабады.
«Асылдан соққан найза,—деп,
Жақсы кісі жаманға
Көп тигізир пайда»,—деп,
Таң атқанша Қобыланды
Үш айналды шәһарды,
Кіруге тесік қайда?—деп.
Мінген аты қара-ды,
Қылшаң жүнді қара-ды.
Түнде қойға барғанда,
Жоқтаушы еді Тоқтарбай
«Жалғызым» деп баланы.
«Уай, қозым!» деп зарлаған,
Жас қозыдай маңыраған,
Саулы іңгендей боздаған.
Сыртта жүрген Қобыланның
Құлағын жарып барады.
«Қалайша жоқтар екен»,—деп,
Құлағын батыр салады.
—Келелі түйем ішінде
Қоспақ бура ұқсаған,
Жалғызым, сенен айрылдым!
Мың жылқының ішінде
Көзге түсер тұлпардай,
Қанаты бүтін сұңқардай,
Ботам, сенен айрылдым!
Ішім толған көп қайғы
Уһілесем кетпейді.
Кәпірден киген сары тон
Тіземе тартсам жетпейді.
Күнде ал деймін Құдайға,
Өлшеулі демім бітпейді.
Жалғызым барда көңілім тоқ,
Жалғызым, сенен айырылып,
Табаныма жетті шоқ,
Басымнан өтті дүние боқ!
Мен қу басқа тимеді
Тағдырмен келген ажал оқ!
Айы біткен айда өлер,
Күні біткен күнде өлер.
Жалғызымнан айрылып,
Көрген күнім құр бекер.
Опасыз дүние сырғанақ,
Он үш жасар Қобыланды,
Шыныменен сенен айырылсам,
Өтірік емес Құдайдың
Шыныменен ұрғаны-ақ!
Кәпірге пенде болғанша,
Бұл бейнетті көргенше,
Жалғызымның артынан
Неге өлмедім мен шұнақ?!
Кемшілік берді бұл кәпір
Кәміл тоқсан жасымда.
Пенделіктен кәпірдің
Қойын бақтым мен пақыр.
Жалғызым менің келер ме,
Сорым қайнап мен сордың,
Иә, болмаса, сол жақта
Қазасы жетіп өлер ме?
Тірі болса жалғызым,
Пірлері беріп хабарды,
Менің бүйтіп кәпірге
Пенде болған жайымды,
Басыма түскен уайымды
Қобыланды қозым білер ме?!

Тағы оқыңыз