Қобыланды батыр (20-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу
Тайбурылды мінген соң,
Дұшпанға теңдік бермедім.
Он үш жасқа келгенше,
Басыма түскен кемшілік
Көбіктіден көргенім.
Ата-ана, көп елім
Хабарсыз жатыр жерінде.
Көп қайғының ішінде
Менің бүйтіп жүргенім.
Мынау тұрған Қарлыға
Ата-ана, көп жұртын
Қиып еді мен үшін
Артықша тиіп пайдасы.
Көбіктінің өлгені—
Қарлыға қыздың айласы.
Көбіктінің көрдің өлгенін,
Тәңірім бақты бергенін.
Қызметі көп еді,
Артықша мақтап айтпаймын.
Мынау тұрған Қарлыға—
Өзі сүйсе, бергенім.
Қарлыға жауап айтқанша,
Қараман келіп сөйлейді:
—Мұңлық пенен Зарлық,—деп,
Түйенің көркі нарлық,—деп,
Жүктің көркі сандық,—деп.
Сауға тілеп, өтініп,
Құрдасымнан қыз алдым,
Татулыққа нандық,—деп.
Қарлығаны Қараман
Жетелеп ала жөнелді,
Құрдасжан берді, алдық,— деп.
Мінген аты дөнен-ді,
Үшеуі тоқтап бөгелді.
Азырақ тұрып сөйлесіп
Болғаннан соң үшеуі,
Көбіктінің жылқысын
Гулетіп айдап жөнелді.
Ақ бөкендей жосылды,
Төрт аяғын көсілді.
Қияттан шыққан көп құлға
Үшеуі келіп қосылды.
Атқа мініп желгендей,
Ер қадірін білгендей,
Қобыландыменен ісі жоқ,
Құрметтейді көп қият
Қараманды сол жерде
Олжаны өзі ап келгендей.
Нәсілі жаман көп қият
Қараманды көтеріп,
Ат үстінен алады,
Астына мамық салады.
Соншалықты құрметпен
Күтіп оны алады.
Қобыланды сынды батырдың
Атын ұстар кісі жоқ,
Нәсілі жаман көп қият
Бұл батырмен ісі жоқ.
Мінген аты қызыл-ды,
Сын тағдырға сызылды.
Олжаға көңіл біткен соң,
Толып жатқан көп қият
Көшпекке көңіл бұзылды.
Байдың қызы жамылар
Масаты шекпен, қамқасын.
Қобыландымен ісі жоқ,
Үдере көшті көп қосын.
Керуен барып қонған соң,
Артық туған Қобыланды
Жалғыздық айтып жабығад,
Бір Тәңірге жад етіп.
Жалғыздық жаннан өткен соң,
Сүйекке намыс жеткен соң,
Қарамандай құрдасы
Көп қиятқа бас қосып,
Есіне алмай құрдасын,
Көптік етіп, мастанып,
Қобыландыдай батырды
Жалғыз тастап кеткен соң,
Қобыланды наз ғып сөйлейді:
—Опасыз дүние осы ма,
Жалғыздық түсті басыма.
Толып жатқан қияттан
Жан келмейді қасыма,
Жаман да болса, дүние-ай,
Көптің ісі бітеді,
Жалғыздың ісі жетеді.
Еңбекпен тапқан олжамды
Еште бір қандай еңбексіз
Қияттар алып кетеді.
Ақылсыз туған мен байғұс
Бүйтіп жалғыз жүргенше,
Қараспанды жайлаған
Қалың қыпшақ көп елден
Ондап, бестеп қасыма
Жігіт алсам не етеді?!
Мен байғұстың басымнан
Қаңғырып жалғыз жүргенде,
Арманменен, дариға-ай,
Дүние бір күн өтеді.
Шыныменен шамдансам,
Өзі түгіл бұл қолдың
Жұртына әлім жетеді.
Жалғыз туған мен сордың
Алдымда сүйеу ағам жоқ,
Алладан басқа панам жоқ.
Тәңірі жалғыз жаратты,
Көппін деуге шамам жоқ.
Артымда таяу інім жоқ,
Жалғыздықтан басқа мінім жоқ.
Көптік етер күнім жоқ,
Білмей қалдым басымнан
Өткенің бе дүние боқ?!
Мінәжат етіп жылаймын
Өзімнің нашар халімді.
Жазым етіп, көз жұмсам,
Жұрт талайды малымды.
«Атадан алтау екен» деп,
Өзімнен төмен жаманға
Болайын неғып жалынды.
Енді қашан көремін
Кемпір менен шалымды?
Пендем десең, Құдайым,
Ойла менің халімді.
Ойламасаң халімді,
Осы түннен шығармай,
Тағдырымды бітіріп,
Тауыс менің нанымды!