Қобыланды батыр (28-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 3 мин оқу
Бұйратты тауда бар дұзақ,
Есіктің алды балдырған,
Нан пісірер тандырдан.
Кәпірлердің көңілін
Әр жерлерде қалдырған,
Қазақтың отын жандырған,
Жіңішке жирен аты бар,
Аллаға жеткен даты бар,
Бірге келді ер Орақ.
Қобыландының көп халқын
Кәпір алды деген соң,
Шақырушы—Қарлыға
Жеткен екен бұлар да.
Артық туған Қобыланды
Еркінше шауып көсілді.
Келеді деген бұларды
Жоқ еді ердің есінде.
Артынан келіп үш көкжал
Қобыландыменен бас қосып,
Есендік-саулық айтысып,
Бас қосады бесінде.
Қобыланды, Қараман, Қарлыға, Орақ төртеуі бас қосып, ақылдасып, Алшағырдың елін ертең шабатын болып келісіп, өздері ойнап-күліп жата берсін.
Алшағырдың қарт шешесі құмалақ ашып, баласы Алшағыр ханға айтқаны
Кемпір келіп сөйлейді:
—Жалғыз ботам, Алшағыр,
Сөзіме құлақ сал, Шағыр.
Басыңды көтер, жан балам!
Қастары төмен салынған,
Іздеген дұшпан жиылған,
Жалынбасаң, қарағым,
Басың сенің жойылған,
Бейне Қобыланға ұқсайды,
Келді, балам, тұр-сәна!
Қыр мұрынды, қой көзді,
Орта бойлы, нұр жүзді
Қараманға ұқсайды,
Келді, балам, тұр-сәна!
Жіңішке жирен аты бар,
Аллаға жеткен даты бар
Орта жүздің бегі еді,
Орақ батырға ұқсайды,
Келді, балам, тұр-сәна!
Алшағыр сонда сөйлейді:
—Қызыл тілді сөйлеткен
Екі жақ пен иегім.
Қиын қыстау жерлерде
Сыртқа тартқан білегім.
Бұл сөзіңе, әй, шеше,
Қозғалмайды жүрегім.
Жоқ сөзді айтып, қинама,
Қайдан келсін бұл жерге,
Көбікті батыр жоқ қылған
Қобыландының сүйегін.
Кемпір сонда сөйлейді:
—Жіңішке жирен аты бар,
Аллаға жеткен даты бар,
Орақ келгенге ұқсайды.
Қарасан жүзді, қой көзді
Қараман келгенге ұқсайды.
Ақмоншақ аты астында,
Кәмшат бөркі басында,
Қарлыға келгенге ұқсайды.
Қыр мұрынды, қой көзді,
Орта бойлы, нұр жүзді
Келді, балам, Бурылмен,
Қобыланға ұқсайды.
Май түбінде тортамын,
Ақ бөкендей жортамын.
Келді, балам, Бурылды
Қобыланды деп қорқамын.
Қобыланды болса егер ол,
Басыңнан көшер әруақ.
Астыңдағы алтын тақ
Сол мінер деп қорқамын.
Таңбасыз жатқан жылқыңды
Таңбалар деп қорқамын.
Енсіз жатқан қойыңа
Ен салар деп қорқамын.
Ұлан байтақ жұртыңды
Сол билер деп қорқамын.
Бұйырып соққан өзіңе
Үстіңдегі ақ сауыт
Сол киер деп қорқамын.
Ылдидан шапса, түсте озған,
Өрге шапса, кешке озған,
Томаға көзді қасқа азбан
Сол мінер деп қорқамын.
Менің өзім сасармын,
Қақпаның аузын ашармын.
Сен жатсаң да, мен жатпан,
Қаныкейдей көрікті қыз,
Тінікейдей текті қыз
Жау қолында жылатпай,
Күймеге салып екеуін,
Бұл қаладан қашармын.
Ат жектіріп қу кемпір,
Қызын салып күймеге,
«Қолына тисе сұлу қыз
Әркім әуес қылар» деп,
Қарамады қу кемпір
Алтын-күміс дүниеге.
Жеккен аты ала еді,
Ұлы бесін кезінде
Қызын салып күймеге,
Қақпадан шығып далаға
Кемпір қашып барады.
Қызын салып күймеге,
Қашқанын біліп кемпірдің,
Көбіктінің Қарлыға
Қиядан көзі шалады.
Артынан барып Қарлыға,
Қу кемпірге білдірмей,
Қаныкей мен Тінікей
Екі қызды біржола
Ұрлап алып қалады.
Қарлығаның алғанын
Сейілұлы Қараман
Қиядан көзі шалады.
Қызды алғанын білген соң,
—Қарлығажан, сауға,—деп,
Қарлығаның алдынан
Қараман кетіп барады.
Қарлыға сонда сөйлейді:
—Шөп ішінде жекенсің,
Бүршігі жоқ тікенсің.
Құдайдан сұрар ойың жоқ,
Өзіңе біткен мал жанды
Сауғадан жиған екенсің.
Таранып құстай түлейін,
Ақмоншақ атпен желейін.
Байытқалы келгем жоқ
Қияттың жарлы-кедейін.
Қараман саған не дейін,
Өзімнің басым сауғадан
Құтыла алмай жүргенде,
Мен кімге сауға берейін?
Қараман сонда сөйлейді:
—Мұсылманға—мұраттық,
Кәпірлерге—ғазаттық,
Шырағым, сауға сұрадым
Қаныкей мен Тінікей—
Екі қызды бер маған.
Қарлығажан, сені алмаймын,
Басыңа бердім азаттық.
Мінген аты астында
Қылшаң жүнді қара еді,
Шығара алмай жүр еді,
Ішіне толған сәнаны.
Қарлыға сынды сұлудың
Көңілі қатты сүйеді
Қобыланды сынды баланы.