Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (7-бөлім)

Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 3 мин оқу

—Адырдан адыр өтерміз,
Терең сулы тар өткел
Одан да өтіп кетерміз.
Жекпе-жекке шығысса,
Қазандайын қаһарға
Қайсымыз беттерміз?!
Найза ұшында шаншылып,
Құзғынға жем боп кетерміз.
Сөзімді тыңда, ерлерім,
Ерлерге білінер қадірі
Бетегелі, шалғынды
Туып-өскен жерлерім.
Ел қадірін көп көрген,
Сыйласаңдар әр кәрінің
Айтайын деген сөзі бар.
Қамдарың үшін бәріңнің.
Жолай жүріп соғыңдар,
Қара қыпшақ еліне.
Наздарыңды айтыңдар,
Қобыландыдай еріне.
Хабарсыз жатыр Қобыланды,
Егерде білсе бұл істі,
Ат маңдайын түзетіп,
Қызылбаста болған-ды.
Данышпан Құртқа жары бар,
Біліп отыр бұл жайды.
Жібере қоймас Қобыланды
Қызылбасқа Қазанға
Бұл секілді ұпайды.
Айтпауына Қобыланға
Әйелі Құртқа мәні бар.
Құртқа сұлу дананың
Желпіп бағып отырған
Тайбурыл дейтін аты бар.
Мінетін күні толған жоқ,
Жасы толмай, батырға
Мінгізбеске шарты бар.
Айтсақ соғып хабарын,
Әруағымыз артылар.

Бұған басқа батырлар да қарсы болмады. Барлығы «мақұл екен» деп мақұлдады.—Оған барғанда сөзді өзім айтайын,— деді Қараман. Өйткені жайлауымыз шектес, бірге ойнап-күліп жүрген құрдас еді,—деді Қараман.

Қараман айтты:—Құрдасжан,
Мен—Сейілдің ұлы Қараман
Қызылбасқа кетіп барамын,
Жүрмейсің бе, сырлас жан,
Қолқалық саған қыламын.
Естуің бар ма, құрдасжан,
Қазан дейтін батырды?
Мал-мүлкін алып, адамның
Қанын судай сапырды.
Тағы да келіп қиятқа,
Бір ру елді шауыпты.
Ноғайлыны жаулап ап,
Қыпшаққа көңілі шауыпты.
Қырық мың әскер соңымда,
Елімді іздеп барамын.
Осы жол үлкен қауіпті,
Жасыңнан артық талайың,
Қобыланды батырым,
Аңғармай нағып жатырсың,
Шулаған елді, жақының?
Жүрмейсің бе, құрдасым,
Жорық, майдан кезінде
Күлкі етіп халықты,
Өктемдік бізге қылмасын.
Қобыланды сонда сөйлейді:
—Бағымды бастан алмасын,
Айналамды өрт шалмасын.
Көлдегі қаз-үйректі
Лашын құс іледі.
Менің барар-бармасымды
Хабар салып алайын
Ақыреттік жолдасым
Үйдегі Құртқа біледі.
Осыны есітіп Естемес,
Ауылға қарай жөнелді
Құртқадан хабар алмаққа.
Желе жортып келеді,
Көзін салып жан-жаққа.

Тоқтарбайдың ордасының оң бағыттағы ақ отаудың сыртынан жанаса келіп, үйде жатқан қыз Құртқаға айтқаны:

—Үйдемісің, қыз Құртқа,
[Түздемісің, қыз Құртқа.]
Әйел болдың амал жоқ.
Егерде еркек болғанда,
Болар ең жұртқа бір тұтқа.
Мінгенде атым қызыл-ды,
Алысқа жол сызылды.
Қызылбастың Қазанға
Арыстанның көңілі бұзылды.
Мінбекке керек қазанат,
Белге керек шарболат,
Денеге керек жалаңқат,
Жан—Жаппарға аманат!
Жалғыз емес жолдасты
Қияттан келді қолғанат.
Батырың мініп шабуға
Жарады ма Бурыл ат?
Құртқа сонда шығады:
Қылаң етіп, қылт етіп,
Сылаң етіп, сылт етіп,
Аққу құстай сыңқылдап.
Алтын білек ақ Құртқа
Көтеріп дауысын сөйлейді
Естеместей ағаға,
Еркелікпен сылқылдап:
—Дүниеде көп адамзат
Тоймас қызық, іңкәрға.
Жұмсады ма сұлтаным
Үйдегі Бурыл тұлпарға?
Дұғай сәлем дегейсіз,
Тұлпарына жұмсаған
Жұрт иесі сұлтанға.
Және де сәлем дегейсіз,
Құрбы менен құрдасқа,
Заманы бірге сырласқа,
Жылы бірге жылдасқа,
Жауы бірге мұңдасқа.
Бөрі де қастық қылмайды
Қасына ерген жолдасқа!
Қараспан тауын жайлаған
Жұрт иесі сұңқарға
Жәрдемші болсын бір Құдай.
Күні-түні тілейміз,
Бақыттылық бір сұраймыз.
Бергенін Құддай алмасын,
Алды-артын өрт шалмасын.
Тілімді алса сұлтаным,
Бұл сапарға бармасын.
Көп жылайды дегейсіз
Асқар тауда белдік бар,
Жасағанда кеңдік бар,
Азда қанша теңдік бар.
Сұлтаныма сәлем айтыңыз,
Біз байлаған тұлпарда
Қырық үш күндік кемдік бар.
Осыны есітіп Естемес,
Қобыландыға келеді.
Құртқаның айтқан сөздерін
Түгел айтып береді.
Құрдасқа келді Қобыланды,
Құртқадан сөз қозғады.
—Көлден ұшқан қаздаймын,
Жаманның тілін алмаймын,
Хақ бұйырған сапардан
Алла жазса, қалмаймын.
Асыл досым, сөкпесең,
Бұл сапарға бармаймын.
Асқар тауды бел деген,
Ақ бармақпен жемдеген,
Өзінен басқа көрмеген,
Бағып тұрған баласын
Құртқа сынды жан жарым
Қырық үш күні кем деген.
Қараман сонда сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Бұл барғаннан барсақ біз,
Қазан ерді өлтіріп,
Қаласын бұзып алсақ біз.
Еркек болып не етеміз,
Әр сапарға шығарда,
Қатынға ақыл салсақ біз?!
Есіктің алды ебене,
Ерлер киер кебене.
Кеткен кісі келе ме,
Алғанын Тәңірім бере ме?
Әр тарапқа шығарда,
Қатынға ақыл салған соң,
Асыл туған Қобыланды,
Қатынның тілін алған соң,
Неше батыр болса да,
Басында билік жоқ адам
Арыстан туған құрдасым,
Ол қатын емей немене?!

Қобыланды

Барлығы: 307 жыр

Тағы оқыңыз