Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (9-бөлім)

Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу

Сонда Қобыланды сөйлейді:
—Артықша туған қыз Құртқа,
Сонша неге тарықтың?
Ашулы келген жарыңнан
Мұнша неге қорықтың?
Мынау белдің астында
Кегі кеткен Қазанды
Іздеушілерге жолықтым.
Салдым ақыл өзіңе,
Қапа болып айтқан сөзіңе.
Ашуменен келіп ем,
Шыдай алмай төзуге.
Ақылын өзің таппасаң,
Қалып ең аз-ақ өлуге.
Сөзіне зілді құрдастың
Шыдай алмай төзуге
Жаман әйел болғанда,
Қалар еді басың кесіліп.
Даналығың мәлім боп,
Қалған жоқ па шешіліп.
Жадырашы, Құртқажан,
Қабағың тұр ғой түйіліп.
Ашулы болған жолдасың
Кешірім сұрап міне енді,
Алдыңда тұр ғой иіліп.
Асыл туған қыз Құртқа,
Мен кетті деп қамықпа.
Қараңғы түнек ішінен
Шығарамын жарыққа!
Осы кеткен сапардан
Аманда барып, сау қайтсам,
Әйел де болсаң басыңды,
Хан сайлармын халыққа.
Сонда Құртқа сөйлейді:
—Айдын көлден қу аттым,
Қызығып құстың етіне.
Жазғы балық ойнайды
Айдын көлдің шетінде.
Кисең киім жарасар
Ақ қағаздай етіңе.
Жол жүруге ойлапсың,
Жеткізсін Тәңірім ниетіңе.
Сұңқарым менің, сұлтаным,
Сіз алыстан келгенде,
Тікелей қарсы қарауға
Жарамаймын бетіңе.
Қобыланды тағы сөйлейді,
Сөйлегенде бүй дейді:
—Жылқы ішінде аламын,
Қылшық жүнді қарамын.
Тоқтар менен Аналық
Дүние кезіп аралап,
Күдер үзіп малынан
Тірідей безіп жанынан,
Тілеп алған баламын.
Алды-артымда ешкім жоқ,
Жеке туған дарамын.
Өкпелеме, қыз Құртқа,
Болмады деп бір күнше.
Кемпір шалдың қойнына
Жатайын деп барамын.
Қамшы салды Қобыланды
Тобылғы меңді торыға.
Дөңгелене жөнелді
Тоқтарбай тіккен ордаға.
«Тәттілігі шекердей,
Құлыным Қобылан ба екен»,—деп,
Үйде отырған кемпір-шал,
«Жалғыз қозым ба екен?»,—деп,
Жүгіре шықты далаға.
Көзі түсті балаға,
Бірден жылап екеуі,
Баладан болды садаға.
Алма кезек екеуі
Жиі-жиі қарайды
Қобыландыға қадала.
Еміреніп иіскеп,
Қарайды көзіне бадана.
Елжіреп шын барады
Көрмегендей жыл бойы,
Ақ пейілді сорлы ана.
Жалғыздан жаны айналды,
Екі кәрі толғанды,
Кезек-кезек қолға алды.
Күн батпай-ақ Қобыланды
Алып жатып кемпір-шал,
Жая менен беріп жал,
Кезек-кезек сөз қатты.
Әңгімемен Қобыланды
Күлдіріп жатты қос қартты.
Тілеп алған жалғыз ұл
Кемпір-шалға тым тәтті.
«Өзіме қара қозым»,—деп,
Оң жақтан ана бұл тартты.
«Маған келші, қозым»,—деп,
Ірге жақтан шал тартты.
Кемпір-шалға адам жоқ
Қобыландыдай сымбатты.
Шал-кемпірдің қойнында
Алма кезек домалап,
Артық туған Қобыланды
Кірпік қақпай таң атты.
Таң сарғайып атқанда,
Таң шолпаны батқанда
Шал-кемпірдің қойнында
Арда Қобылан жатқанда,
Тайбурылға ер салып,
Аз ғана азық жем салып,
Қобыланды жатқан ақ үйдің
Алдынан әкеп өткізді
Сұлу Құртқа толғанып.

Құртқа сұлу Тайбурыл атты есіктің алдына көлденең ұстап тұрып:—Жолдастарыңыз жолға шығайын деп жатыр, жүрмейсіз бе?—деді. Қобыланды ата-анасы, қарындасы Қарлығашпен, сүйген жары қыз Құртқамен қоштасып, Тайбурылға мінді. Бірақ тоқсандағы Тоқтарбай, жетпістегі Аналық, қарындасы Қарлығаш, сүйген жары Құртқа сұлу Қобыландыны қимай, соңынан ере берді.

Тағы оқыңыз