Қобыланды батыр (29-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу
Қаныкей мен Тінікей
Қос сұлуды бір беріп,
Артық туған Қарлыға
Қарамандай жаманнан
Басын сатып алады.
Кеш болған соң жағалап,
Бір төбеге жетеді.
Күліп-ойнап бәрі де,
Қоржынға салған азықтан
Бұйырған дәмді татады.
Кірпік қақпай бәрі де,
Таң сарғайып атады,
Таң шолпаны батады.
Асылға жасық масыл ма,
Аққа құлпы жасыл ма?
Ғашық боп жүрген Қарлыға
Қараманнан шыға алмай,
Қашаннан бері қан жұтып,
Басын қосқан сықылды
Қобыланды қыран асылға.
Таң атқан соң төрт көкжал
Асылдарын киініп,
Бір Құдайға сиынып,
Аттарына мінеді,
Үстіне сауыт киеді.
Беліне байлап болатты,
Қарына найза іледі.
Алшағыр соққан қорғанның
Туын алып батырлар,
Қақпасына жүреді.
Қақпаға жақын келгенде,
Артық туған Қобыланды
Шу асаудай тулады.
Жаны төзбей Қобыланды,
Жалғыз өзі қалаға
Ат қоюға ойланды,
Ата-ана, қарындас
Жатқаннан соң кәпірде.
Қалың қыпшақ көп еді,
Таң атпай күткен атырды.
Қақпаның келіп аузына,
Қобыланды батыр ақырды,
Қарт бурадай бақырды,
«Алшағыр» деп шақырды.
Қобыланды сонда сөйлейді:
—Әй, Алшағыр, Алшағыр,
Сөзіме құлақ сал, Шағыр!
Менің атым—Қобыланды,
Қарақасқа атқа міне шық,
Сауытыңды кие шық,
Қарыңа найза іле шық,
Әуелі бастан ойлай шық,
Алды-артыңды қармай шық,
Арманда қапыл болмай шық!
Белес-белес бел еді,
Хан болғалы Алшағыр
Халқына тиіп пайдасы,
Қатарынан Алшағыр
Асып жүрген айласы.
Мұсылманнан қанша ердің
Басын жойған ер еді.
«Алшағыр» деп шақырған
Қобыландының дауысы
Құлағына келеді.
Шыдай алмай Алшағыр,
Үстіне сауыт киеді.
Беліне байлап қылышын,
Қарына найза іледі.
Өрге шапса, кешке озған,
Ылдидан шапса, түсте озған
Томаға көзді, қасқа азбан
Алтын тұрман ер салды,
Атына батыр мінеді.
Қарақасқа тұлпардың
Құйрығын шарт түйеді.
Шақырып тұрған батырға
Бет қайтпастан жүреді.
Қарақасқа тұлпармен
Алшағыр шықты қаладан.
Түлкідей көзін жайнатып,
Тасқа шанышқан сүңгісін,
Қарыс сүйем бойлатып.
Көргенше жүрген шыдамай,
Алшағырды көрген соң,
Тайбурыл атты көсілтіп,
Қобыланды шапты даладан.
Екі батыр бет қайтпай,
Жақындасып қалысты.
Өшігіп жүрген батырлар
Бөтен жауап айтыспай,
Шегінісіп екеуі,
Емен найза салысты.
Итерісіп тұрысты,
Ат тізесін бүгісті.
Бүге-бүге тұрысты,
Бір-біріне ұмтылып,
Тақымдары құрысты.
Бірін-бірі ала алмай,
Қақырғаны қан татып,
Түкіргені жын татып,
Жаннан күдер үзісті,
Аш күзендей бүгіліп.
Қанжарменен қарысты,
Семсерменен серместі,
Семіз тайдай ойнады.
Артық туған Қобыланды
Ерегіскен дұшпанның
Басын жоймай қоймайды.
Семсер қалды майысып,
Қанжар қалды қайысып.
Бір уақыттар болғанда,
Қобыланды сынды еріңіз
Найзасын ырғап ендірді.
Алшағырдай доңызды
Ат сауырына міндірді.
Қаһарланып Қобыландының
От шығады ұртынан.
Үміт үзді Алшағыр
Шәһарлы байтақ жұртынан.
Ұлы сәске болғанда,
Жылғаланып жоқ болды
Қарақасқа аттың сыртынан.
Шәһардың қалың ішінен
Алшағыр шықты түбектен.
Қатуланып Қобыландының
Түгі шықты білектен.
Етке тоқтар қайрат па,
Өтіп кетті сүйектен.
Тартып бақты, шықпады
Қобыланды батырдың найзасы,
Қанмен қатып жібектен.