Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қобыланды батыр (22-бөлім)

Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу

Қос бүйрегі солқылдап,
Көзінің жасын ағызып,
Артық туған Қобыланды
Қарлығаның қасына
Әзер келді былқылдап.
Қобыланды келіп сөйлейді:
—Жылқыда құмай аламын,
Қылшық жүнді қарамын,
Көмек берер демеймін
Сейілұлы Қараман.
Әйел де болсаң, дана едің,
Мұңымды саған шағайын.
Жау шауыпты елімді,
Жау кесіпті желімді.
Сындырып кетті белімді,
Қуратып кетті көлімді.
Жалған айтар демеймін
Жеті кәміл пірімді.
Ұлықсат етсең, Қарлыға,
Бүлінген елге барамын.
Тәңірі оңғарса жолымды,
Алаулаған қалмақтан
Бір алайын кегімді.
Қарлыға сонда сөйлейді:
—Ер де сасар болар ма,
Етегін басар болар ма?
Мұсылман туған пендеден
Кәпірлер асар болар ма?
Мұндай іске қуанбай,
Батырлар сасар болар ма?
Әуелі Құдай—панайым,
Ақ жаратқан Құдайым!
Ата-анам, өз халқым
Бір садаға басыңнан.
Құрбандық қылып шығып ем,
Шыққандағы ниетім:
«Сіз болар ма,—деп едім,—
Тәңірі қосқан жұбайым».
Өзім сізден қалған соң,
Артықша жедім уайым.
Артық туған Қобыланды,
Талабыңнан қайтпаңыз.
Жалғыз жүре беріңіз,
Азырақ тоқтап артыңа.
Ерерге жолдас бар ма екен
Қараман басы күн қият,
Жамандардан сынайын.
Қайғыланып, қан жұтпай,
Запыран ішіп, май құспай,
Пенде болған халқыңа
Тезірек жүріп жете гөр,
Медет берсін бір Құдай!
Талапкер туған ер болса,
Жиып алып қолыма,
Жаңылмасам артыңнан
Мен де жедел барайын.
Артық туған Қобыланды
Тайбурылға мінеді,
Қарына найза іледі,
Беліне байлап болатты,
Жасыққа асыл жалатты.
Тайбурылдың маңдайын
Қараспан тауға қаратты.
Астындағы тұлпардың
Жел тимеген бауырын,
Күн тимеген сауырын
Қамшымен ұрып қанатты.
Ертемен шыққан Қобыланды
Кешке дейін шабады.
Жете алмай жеріне,
Бара алмай еліне,
Түн ортасы болғанда,
Есіктің алды ағын-ды,
Бола жазды шығын-ды.
Шығын емей немене,
Екпіндеп шапқан Тайбурыл
Етпетінен жығылды.
Аттан түсе қалады,
Қолын салып Қобыланды
Жерді байқап қарады.
Батар күні батыпты,
Жазығы мал демесең,
Тайбурылдың ақылы
Адамзаттан артық-ты.
Артық туған қыз Құртқа
Екі мезгіл жем берген,
Жаныменен тең көрген.
Алтыннан соққан азбарға
Бурыл құлап жатыпты.
Мінген аты құла-ды,
Құландай шауып бұлады.
Жұртын танып Қобыланды,
Тоқымын төсеп, ер жастап,
Етпетінен құлады,
Ұзынынан сұлады.
Алтын ерге сүйеніп,
Өксіп-өксіп жылады.
Осы жерде Қобыланды
Таң атқанша жатады.
Таң сарғайып атады,
Таң шолпаны батады.
Зарланып шығып түнімен,
Таң атқан соң қараса,
Жұрты жатыр, елі жоқ,
Батпағы жатыр, күлі жоқ,
Қобыланды көріп жылады:
«Қаңғырып жүріп дүниеден
Ешбір опа көре алмай,
Өткенің бе дүние боқ?»
Таң атқанда Қобыланды
Тағы мінді жарасқан
Тайбурылдың үстіне,
Алтын тұрман еріне.
Іздеген жауға Қобыланды
Іркілмей кірді көріне.
Ертеңгі сәске кезінде
Бұлаңдаған Бурылмен
Жүгіртіп келді Қобыланды
Айнакөлде Құртқаның
Орда тіккен жеріне.
Жұртын көріп сол жерде
Қобыланды және бұрсанды,
Көзіне батыр жас алды.
Атынан түсіп Қобыланды
Қайғыланып, бойынан
Қуат кетіп, сандалып,
Аяғын жөндеп баса алмай,
Омақасып Қобыланды
Оң етегін басады.
Бекітіп алып буынын,
Артық туған Құртқаның
Орнына таман барады.

Тағы оқыңыз