Қобыланды батыр (21-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 2 мин оқу
Таудың толды саласы,
Батырдың алған жылқыға,
Жер толмаған құлпыға.
Қобылан сынды батырдың
Жүре алмады астында
Тайбурыл аты ақсақ боп.
Ат басындай жүрекке
Қайғы менен шер толып,
Бұл қайғыны көрген соң,
Артық туған Қобыланды
Есі кетті сандалып.
Бір Құдайға Қобыланды
Жылады түнде зар қылып.
Жанында жалғыз адам жоқ,
Көп қосынның шетінде
Қобыланды келеді қаңғырып.
Жол шетінде Қобыланды
Тайбурылдан түседі.
Қатарынан Қобыланды
Асып туған кісі еді.
Құрбысында адам жоқ
Қобыландыдай мүшелі.
Жамандар қылды өсекті,
Жылап жүріп Қобыланды
Тоқымнан қылды төсекті.
Қараман қылды мастықты,
Жылап жүріп Қобыланды
Ерден қылды жастықты.
Тоқымын төсеп, ер жастап,
Артық туған Қобыланды
Етпетінен құлады,
Ұзынынан сұлады.
Алтын ерге сүйеніп,
Өксіп-өксіп жылады.
Жылап жатып батырдың
Көзі кетті ұйқыға.
Таң сарғайып атқанда,
Бір уақта Қобыланды
Таң шолпаны батқанда,
Көк есегі астында,
Ақ сәлдесі басында,
Он сегіз мың ғаламның
Он бес мыңы бар қасында,
Қобыландының өзінің
Жеті кәміл бабасы
Жетіп келді қасына.
Отырды келіп басына
Жеті кәміл бабасы,
Қобыландыға сөйлейді:
—Мінген атым бозды ғой,
Саған келген пәлені
Қорғаймын деп Қобыланды,
Алтын тонның етегі
Тамтық қалмай тозды ғой,
Арқам жаман қозды ғой.
Құлағың сал, Қобыланды,
Құланнан аттым қодықты,
Көлден тарттым борықты.
Кешегі күн ішінде
Сенің атаң, шырағым,
Тоқтарбайға жолықтым.
Оқпанды сай жыра екен,
Асқар-асқар қыр екен.
Киімі жыртық үстінде,
Ақ табан болып жат елде
Қойшы болып жүр екен.
Алпыста анаң Аналық
Арқан есіп, жүн түтіп,
Қайғыменен қан жұтып,
Қасіретті күн тартып,
Тезек теріп анаңыз,
Құрт қайнатып жүр екен.
Қарындасың Қарлығаш
Дастарханы иығында,
Шынаяғы қолында,
Алдамшасы белінде,
Бөтен жаудың елінде,
Қызылбастың шетінде
Қызмет етіп жүр екен.
Өзіңнің Құртқа жарыңды
Қалмақтың ханы Алшағыр
Аламын деп тұр екен.
Дұшпан алды еліңді,
Аңыратып жеріңді.
Сындырып кетті беліңді,
Кесіп кетті желіңді.
Жалған айтар демеңіз
Жеті кәміл піріңді.
Өзіңнің осы сауыңда
Олжаға салып қоймаңыз,
Қалың қыпшақ еліңіз,
Ол да саған өлім-ді.
Өлгеніңше жәрдеммен
Алаулаған қалмақтан
Бір алып қал кегіңді.
Кей жаманның сөзі бар
Шағатұғын жыландай,
Айыр құйрық шаяндай.
Жақсылардың сөзі бар
Асылдан ұшқан қаяудай.
Араласаң тоғайды,
Көресің қашқан қоянды.
Бабасының дауысымен
Қобыланды шошып оянды.
Көзін ашып қараса,
Таң сарғайып атыпты,
Таң шолпаны батыпты.
Мақпал жастық мамық-ты,
Ойланып түсін қамықты,
Айнала көзін салыпты.
Соны сезіп Тайбурыл,
Қайғыланып жүр екен.
Пірінен хабар жеткен соң,
Көзін салып қараса,
Тұлпар туған Тайбурыл
Құландай ойнап тұр екен.
Биік-биік қыр екен,
Оқпанды сай жыра екен.
Жанында жоқ еш адам,
Қобыланды жалғыз қалған соң,
Қарамандай жаманды
Толып жатқан көп қият
Артықша құрмет қылған соң,
Қыз да болса Қарлыға
Серікке жарар ер екен.
Тайбурыл атты жетелеп,
Сауғаға кеткен бейшара
Қарлыға күтіп тұр екен.
Түрегелді Қобыланды
Көзінің жасы мөлтілдеп.
Мойыны кетті батырдың
Қуатсыз болып былқылдап.