Қобыланды батыр (27-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 3 мин оқу
Әлқисса, екеуі біраз кеңескеннен кейін Қобыланды батыр тоғайға қарап жүре бастады.—Ата-ана, ел-жұртын қолына алмастан бұрын, Қобыланды батыр қатынын алды,—деген атаққа қаларсың, сақтаған Құдай өзі сақтар, мен әзірге қала тұрайын. Дұшпанды мұқатып алған соң, ата-ана, ел-жұртыңмен бірге келермін деп, шәһарға қайтуға ұлықсат сұрады. Онда Қобыланды:—«Сұлтаным әдейі іздеп келгенімде қолына ала қоймады» деп айтар деп, сені Қараспанға апарып тастап, қайтып келіп, ұрыс бастайын деп едім,—деп айтқаны:
Болған істер болмай ма,
Болмаған істер тынғай ма?
Өтірік айтқан оңғай ма,
Түлкі киген тоңғай ма?
Бұл ақылың, Құртқажан,
Патшаға бітсе болмай ма?
Сөзің дұрыс, Құртқажан,
Тапсырдым сені Құдайға.
Құртқа сонда сөйлейді:
—Жарылқасын Құдайым,
Сұлтаным сенің бетіңнен!
Ойын балық кетпейді
Жазғы судың бетінен.
Достым, жаның сау болса,
Кете алмас дұшпан еркіңнен.
Сұлтаным, бұршы мойныңды,
Бір сүйейін бетіңнен.
Мойын бұрды Қобылан нар,
Аузынан сүйді Құртқа жар.
Көбірек тұрды құшақтап,
Жарына боп ынтызар.
Жаз мінгенім жалды еді,
Қыс мінгенім қоңды еді.
Жасаған Құдай, оңдаса
Сүйгенімнің алды еді.
Артқаным қайың қос еді,
Асқаным алтын мосы еді.
Оңдамаса Құдайым,
Сүйгенім соңы осы еді.
Ашық боп жүрген қыз Құртқа
Аузын сүйді аймалап,
Бетінен сүйді қармалап.
Дұшпанға тиер Қобыланды
Жеті пірін паналап,
Мауқын Құртқа басқан соң,
Қобыланды сөйлейді:
—Әбзел салдым алаға,
Жау іздедім алыстан.
Ағайын, туған, қарындас,
Қарамай, қатын-балаға.
Мұнша Құртқа бой жазып,
Неге шықтың далаға?
Жеңіп алған ит қалмақ
«Келінің қашып кетті» деп,
Барғанша қорлық көрсетер
Атаң менен анаңа.
Құртқажан, енді кешікпей,
Қайт тезірек қалаға.
Құртқажан, сәлем айтқайсың
Ата менен анаға.
Әсіресе, қыпшақтан
Жасы үлкен ағаға,
Жасы кіші балаға.
Сұлтаным келді дегейсің
Қаланың сырты далаға.
Жанын қылды дегейсің
Ағайын, жұрттан садаға.
Хош-аман бол, Құртқажан,
Ертеңге шейін тапсырдым
Бір жаратқан Аллаға!
Ертеңгі күн таң атса,
Тұлпар туған Бурылды
Талап етіп мінейін.
Үстімдегі ақ сауыт
Кебін етіп киейін.
Сіздерді алған дұшпанға
Жалғыз да болсам, Құртқажан,
Аш бөрідей тиейін.
Қапастағы отырған
Біздің қыпшақ баласы
Қойсын бүгін ұйқыны.
Түніменен сайланып,
Бітіре берсін жұмысын.
Ер басына тоғайдан
Кесіп алсын бір келтек.
Арғымақ аттай жарасын,
Ашқарында шыққанда.
Еске алған туыстар
Кең қақпадан табылсын.
Құртқа сонда сөйлейді:
—Қайт десең, сұлтан, қайтайын
Алшағыр соққан қалаға.
Көргеннен соң шығып ем,
Шыдай алмай далаға.
Сұлтаным, сенен айрылып,
Ішім толды сәнаға.
Бір өзіңді тапсырдым
Бір жаратқан Аллаға.
Хандай қара басыңнан
Мендей сорлың садаға.
Хош айтысып қыз Құртқа,
Шәрге қайтып жөнелді,
Қобыланды сынды балаға.
Мінген аты қара-ды,
Ішкен асы сұлудың
Бойына енді тарады.
Көңілі тасып, шат болып,
Ұлы бесін кезінде
Сылаңдаған қыз Құртқа
Қалаға кетіп барады.
Айрылған соң Құртқадан,
Жұмысы бітіп құл мен күң,
Жатыр екен ұйықтап.
Келе жатқан жолынан
Оятып Құртқа алады.
Төрт бақташы қасында,
Сылаңдаған қыз Құртқа
Баратұғын жағына
Тезірек кетіп барады.
Қобыландының келгенін
Тоқтарбай басы көп қыпшақ
Естіген соң Құртқадан
Көңілі тасып қуанып,
Шаттанысып қалады.
Қыз Құртқаның соңынан,
Күннің батар астынан
Шұбалған аздап шаң шықты.
Шаң астына қараса,
Ақмоншақ аты астында,
Кәмшат бөркі басында,
Екі бөрі қасында,
Ақмоншақ атпен бұлаңдап,
Қарлыға сұлу бұл шықты.
Қарлығаның соңынан
Қаражал құла атпенен
Қобыландыға қосылды
Сейілұлы Қараман.
Қараманның соңынан
Айдынды Орақ, айлы Орақ,
Айналасы қанды Орақ.