Қобыланды батыр (14-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 3 мин оқу
Жалғыз өзі Қобыланды
Бұл қаланы алады,
Артық бақыт табады.
Қарауыл қарап қайтпаққа
Бұлаңдатып Бурылмен,
Асқар тауға барады.
Таудың шығып басына,
Ақ найзаға сүйеніп,
Жан-жаққа көзін салады.
Қараса, Қобыланды көріпті
Қалың қият көп қосын
Олар да келіп қамапты,
Қазанның Қырлы қаласын.
Қобыланды сынды батырға
Қараман келіп сөйлейді,
Сөйлегенде не дейді:
—Артық туған Қобыланды,
Балтам тастан өтпейді,
Жамандар сөзді кектейді.
Жүрмеймісің, батырым,
Қызылбастың кентіне
Сенсіз күшім жетпейді.
Қобыланды сонда сөйлейді:
—Атан ба екен, нар ма екен,
Жая ма екен, жал ма екен,
Шекер ме екен, бал ма екен,
Ер бұзбаған қамалды
Қатын бұзған бар ма екен?!
Мал саттым базар бөзіне,
Салсаң жылқы тоқтайды
Арқаның қалың бозына.
Жолама менің өзіме,
«Қатын» деп айтқан сөзіңді
Сен бір айтсаң, екі айттым,
Келмеді ме кезіңе.
Көрінбе менің көзіме,
Неше батыр болсаң да,
Үйде қалған Құртқаның
Сатса алмаймын өзіне.
Өзі түгіл алмаймын
Сағынғанда бір ауыз
«Жаным» деген сөзіне.
Қараман бұл сөзді есітіп, шыдап тұра алмай, өкпелеп жөніне жүре берді. Қобыланды батыр біраз ойланып тұрды да, «қанша айтқанымен жылы бірге жолдас еді, қатеден айтқан бір ауыз сөзіне бола көңілін қалдырмай-ақ қояйын» деп шақырып, өкпекінәлерін айтысып, екеуі де қосынға келді.
Қобыландының қырғыздың қазған орынан секіртпекші болып атына айтқан сөзі
Қобыланды тұрып сөйлейді:
—Мал саттым базар бөзіне,
Салсаң жылқы тоқтайды
Арқаның қалың бозына.
Тұлпарым, саған айтайын,
Құлағың сал сөзіме.
Шекер менен бал қандай,
Жая менен жал қандай?
Анаңыз тұлпар деуші еді,
Қырғыздың қазған орынан
Қарғимысың, жай қандай?
Тайбурыл сонда сөйлейді:
—Артыңда қалды еліңіз,
Болды ма менде кегіңіз?
Анамыз Құртқа деген соң,
Сатылмайды теріміз.
Артық туған шеріміз.
Салған қолқаң сол болса,
Қарғысам қарғып көрейін,
Тәуекел етіп көріңіз!
Қобыланды сынды еріңіз
—Әйт, жануар, шу,—деді,
Бурыл бұлқып гуледі.
Ортасына шәһардың
Бурыл келіп топ етті,
Жердің шаңы бұрқ етті.
Төрт аяғы тиген жер
Тесіле жаздап солқ етті.
Іркілмей Қобыланды жүрген соң,
Қайтпасын батыр білген соң,
Қарақасқа ат мінген
Ат құйрығын шарт түйген,
Артына сауыт бөктерген,
Алдына дабыл өңгерген,
Алмағанға дем берген,
Азды-көпті тең көрген,
Құдайдан дұшпан сұраған,
Жау көрмесе жылаған,
«Қолына жұмсақ болсын» деп,
Найза ұстаған жеріне
Топтап жібек ораған.
Шын қаһары келгенде
Жаңбыры қардай бораған.
Суда болар сары сазан,
Молдалар айтар бес азан.
«Жеке бала, жеке»,—деп,
Алдынан шықты ер Қазан.
Қазан келіп сөйлейді:
—Атыңды сұрасам кім деймін,
Жөніңді сұрасам кім деймін?
Қалжың сөзге көнбеймін?
Ашуыма көп тисең,
Үстіңдегі ақ сауыт,
Астыңдағы Бурыл ат
Қан тигізбей бер деймін!
Атыңның жалы жатыпты,
Алыс жолдан келгендей.
Қабағың сенің қатыпты,
Түн ұйқыңды бөлгендей.
Атыңның бауыры жарапты,
Көп шабуыл көргендей.
Қобыланды сонда сөйлейді:
—Мал саттым алтын-күміске,
Ат алудан қашпаймын,
Алғанымша асықпа.
Келмей жатып ат сұрап,
Қызылбас, неден есірдің?!
«Қырғыздың қызы сұлу» деп,
Сүйемін деп келіп ем,
Бұл сапарда жесірді.
Шыдамасаң, бері кел,
Көрсетейін кесірді.
Атасы жаман анасыз,
Атамды сұрап не етесіз?
Атаңыз бар-ды жетесіз,
Анаңыз бар-ды некесіз,
Жоқ сөзді айтып нетесіз?!
Көзіңді сал ойыныма,
Қылышым тиер мойныңа,
Қан сорғалар қойныңа.
Атаңа нәлет ит қалмақ,
Басылмаған есерсің.
Патсайыдан киген қамқаңды
Қан қылмай-ақ шешерсің.
Қарақасқа тұлпардың
Сауырынан түсерсің.
Мойыныңнан аққан қызыл қан
Шамаң келсе, ішерсің.
Жауға шабар ер жігіт
Жаманнан ақыл сұрамас.
Бетімнен қаһар шығады
Жаңбыры қардай аралас.
Мұсылманның баласы
Өзім өлмей жыламас.
Іздегенім қызылбас,
Аты, тонын әр жерде
Беруші еді сендей нас.
Қылышпен өлтірсем,
Қиқалады дерсің сен.
Найзаменен өлтірсем,
Миқалады дерсің сен.
Садақпенен өлтірсем,
Қапыл қалдым дерсің сен.
Мылтықпенен өлтірсем,
Жазым қалдым дерсің сен.
Мінген атың құла ғой,
Сендер көп те, мен жалғыз,
Қолыңа келді бір бала,
Білгеніңді қыла ғой.
Ел жайлауы Арыс-ты,
Батырлар қылды намысты.
Әуелі тәуір сөйлесіп,
Артынан шайтан жабысты.
Шайтан емей немене,
Ырғай сапты найзаны
Ырғай-ырғай салысты,
Итерісіп тұрысты.
Найза қанға майысты,
Ат тізесін бүгісті,
Бүге-бүге тұрысты.
Қанжар қалды қайысып,
Семсер қалды майысып.
Қақырығы қан татып,
Түкірігі жын татып,
Ерлер жаннан түңілді,
Аш күзендей бүгілді.