Қобыланды батыр (31-бөлім)
Қобыланды · Құлзақ нұсқасы · 3 мин оқу
Қарлыға барып сөйлейді:
—Бірге туған Біршымбай,
Сен кеткен соң, шырағым,
Шәһарды басты көп дұшпан.
Дұшпанды қуып, шырағым,
Шәһарды алдым босатып,
Бір жанымды аямай.
Жалғыздық түсті басыма,
Қайратқа атаң жарамай.
Көп дұшпанның ішінен
Қашып еді үш батыр,
Жалғыз қудым шыдамай.
Өлсем де жоқ арманым,
Есен-аман, саламат
Көрсетті сені бір Құдай.
Мені танып, жалғызым,
Атыңның басын бұрмадың.
Қайратыңнан айналсам,
Жалғыз бауырым Біршымбай,
Болайын сенің құрбаның.
Менен қашқан үш дұшпан
Мынау келіп тұрғаны.
Сөзімді тыңда, әй, ботам,
Жалғыздық түсіп басыма,
Көңілімде көп қапам.
Осы келген батырлар
Менен қашқан адамдар.
Бұл дұшпанды ала алмай,
Басымды сізге қоса алмай,
Ақыл-айла таба алмай,
Жаудың тұрып қасында,
Қапа болды сорлы апаң.
Бір туғызған, шырағым,
Екеумізді бір Құдай.
Жақыны көрсе кемшілік
Кімнің жаны шыдайды,
Жара қатты, жан тәтті.
Басындағы бөркін жұлып ап,
Бірге туған Қарлыға
Алдына келіп жылайды.
Қарлығаның жылап айтқан сөздерін тыңдап болғаннан кейін, Біршымбай апасы Қарлығаны тауға таман апарып тастап, қайтып келіп жаумен соғыспақшы болды.
Қарлығаны соңынан ертіп алып, тауға кетіп бара жатқанда апасы Қарлығаның туған інісі Біршымбайды өлтіргені.
Кеседі қылыш сілтеген,
Жағады шамды пілтеден.
Назары арман ауғанда,
Біршымбайды Қарлыға
Найзамен салды желкеден.
Біршымбайдың мінгені
Айқын төбел құла ат-ты.
Біршымбай сынды батырды
«Жан апа» деп жылатты.
Өз апасы Қарлыға
Інісін аттан құлатты.
Біршымбайды Қарлыға
Айламенен өлтірді,
Сәтіне ісін келтірді.
Белес-белес бел еді,
Атасы әйел демесең,
Қарлыға қыз да ер еді.
Өз бауырын өлтіріп,
Көк ала атты жетелеп,
Қараман, Орақ, Қобыланды—
Үш батырға келеді.
Келгеннен соң Қарлыға
Өз інісін өлтіріп,
Көңілі түсіп, шат болып,
Батырлар қызға сенеді.
Көрген адам таң қалар
Қарлыға қыздың пормына.
Көп дұшпанын мұқатып,
Құдай қалап ерлердің,
Істері келді орнына.
Мінген аты кер ме еді,
Қарлыға мен Қобыланды,
Қараман, Орақ төртеуі
Бастарын қосып батырлар
Намыстарын бермеді.
Қобыландының бақыты
Барған сайын өрледі.
Біршымбайдың соңынан
Баспақты сиыр, танадан,
Алтын-күміс шарадан,
Қалмай қатын баладан,
Қара қала ерлері
Түгесіліп болған соң,
Тоқтататын адам жоқ,
Тоқтар басы көп қыпшақ
Шулап шықты қаладан.
Ел жайлауы Есіл-ді,
Ақ бөкендей жосылды
Үлкен қақпа аузында
Қаладан шығып көп қыпшақ
Қойдай маңырап шуылдап,
Қозыдай маңырап дуылдап,
Қобыланды ерге қосылды,
Шуылдап жылап бесінде.
Қабыл болды бұл сапар
Қобыланды ердің мұраты.
Ата-ана, көп халқы
Дұшпаннан шығып саламат.
Қобыланды ерге көрісіп,
Есендік-саулықты сұрады.
Көп дұшпанын мұқатып,
Ерлердің көңілі тынады.
Алшағыр ханның қаласын
Он жеті күн шабады.
Атаңа нәлет ит қалмақ
Іздегенін табады.
Үрерге иті қалмайды,
Сығарға биті қалмайды.
Қобыландының көп халқын
Жалғыз шапқан Алшағыр
Бүтін жұртын жалмады.
Алтын-күміс, бар малын
Ырғап-жырғап алады,
Артық бақыт табады.
Байдың қызы жамылар
Масаты шекпен беренді.
Қият, қыпшақ бірігіп,
Көп олжаға кенелді.
Алшағырдың мал-мүлкін
Қараспан тауын бет алып,
Ерлер алып жөнелді.
Артық туған Қобыланның
Келмеді дұшпан бетіне.
Ойлаған оның мұратын
Келтірді Құдай жөніне.
Үш ай, он күн дегенде
Қараспан тауын жағалап,
Азулы деген көлдерге
Тоқтарбай басы көп қыпшақ
Келіп қонды баяғы
Алшағыр шауып, зарланып
Бөлініп көшкен жеріне.
Көлден тарттым борықты,
Ел қонысқа қоныпты.
Кемшілік көріп кәпірден,
Пенде болып байланған,
Жылаған қыпшақ баласы
Бұрынғыдан екі есе
Бақ-даулетке жолықты.
Келіп қонды көп қыпшақ
Азулы деген көліне,
Ата мекен жеріне.
Бұрынғыдай толықсып,
Дәулет бітті еліне.
Дәулеті асқан Тоқтардың
Ісі келді жөніне.
Қобыландының келмеді
Ешқандай дұшпан шеніне.
Кәпірден келген көп олжа
Әділдікпен Қобыланды
Жиып алып көп халқын,
Бөліп берді қолынан
Тақыр кедей, кеміне.
Азулыға қондырды
Қобыланды жиып көп елді.
Қият, қыпшақ баласы
Көп олжаға кенелді.
Халықпен қатар олжаны
Үлестен көп алған соң,
Жарлысы байға теңелді.
Олжаны халқы бөлісті,
Кемеліне келісті.
Қарлыға сынды аруды
Еске алмай ұмытты.
Ұмытқан емей, немене
Ескерусіз қалған соң,
Қарлыға сынды сұлуың
Дәл сол жерде қамықты.
Ақылға дана қыз Құртқа,
Әйгілі талай ел жұртқа.
Қарлығадан болып садаға,
Бауырына тартады,
Алып шығып далаға.
Ауылдың бір жақ шетіне
Отау тігіп оңаша,
Қарлығаны апарып,
Жастарды жинап қыз Құртқа
Бастады ойын-тамаша.
Ойын өтіп болған соң,
Көңілдері толған соң,
Екі келін аймалап,
Күтеді ата-анасын.
Қос келінге үлкендер
Беріп жатты батасын.