Құбығұл (1-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Көк Еділдің бойында
Уәли деген хан болған,
Батыр болған, бай болған,
Төрт түлігі сай болған.
Ойлағаны намыс пен
Қарал, жедел, ар болған.
Ықпалы жүрген күнінде
Бақыты асып, өрлеген,
Дұшпандасқан жауына
Ешбір ерік бермеген.
Тентек пенен телісін
Жүргізбей қияс, жөндеген.
Бақытты тұрмыс күнінде
Маңына жан келмеген.
Егер келсе дұшпан-шет,
Ешбір ерік бермеген.
Ықпалы жүрген күнінде
Малы менен бағы сай,
Тәрбиесі тағы сай
Патша еді халыққа,
Төресі ғаділ, сөзі жай.
Малы менен бағы тең,
Тәрбиесі тағы тең.
Шеттен дұшпан көз салса,
Әскер, құрал бәрі тең.
Сөйтіп жүрген Уәли
Тап жетпіске жас жетті,
Жастағы дәуір—бақ кетті.
Баласы жоқ, қубас хан—
Жайылып жұртқа ат кетті.
Үлкендікке шаталды,
Кәрілікке маталды,
«Қубас хан» халыққа аталды.
Бақыты кеткен күнінде,
Қартая келген шағында
Халқы ханға келмеді,
Алдияр айтып ханына
Елі сәлем бермеді.
Әңгіме айтса Уәли,
Елі қабыл көрмеді.
Сол халықтың даулысы
Хан екен деп Уәлидің
Алдына ешкім барған жоқ.
Уәлиді адам деп
Ешкім есіне алған жоқ.
Қайғымен көрді тарлықты,
Енді күні зарлық-ты.
Елемеді еш адам
Мінген тақыт, хандықты.
Құлдан көрді қорлықты,
Әркімнен көрді зорлықты.
Алдына ешкім келмейді,
Хан деп сәлем бермейді.
Осындай көрген қорлықты
Патша өксіп, еңірейді.
Енді ісі оңбады,
Малында ерік болмады.
Ықпалы қайтқан патшаны
Қараша жұрты қорлады.
Уәли бір ой ойлады,
Ойламасқа болмады,
Хан ойламай неғылсын,
Қартайған күнде оңбады.
—Бүйтіп тірі жүргенше,
Дүние жиып нетейін,
Дүние, бақыт, малымның
Баршасын талақ етейін.
Бір баланың зары үшін
Қаңғырумен өтейін.
Ел қорлығы өтті ғой,
Құлдардың берген зәбірі
Түп-түбіме жетті ғой.
Бір баланың қайғысы
Басымнан бақты төкті ғой.
Дүниеден күдер үзейін,
Кешікпейін, жүрейін,
Пірлерден тілек тілейін,
Темір аса қолға алып,
Темір кебіс киейін.
Хандық ауды басымнан,
Пақырлық, міскін жолымен
Дүние кезіп көрейін.
Мен патшамын демейін,
Енді қалған өмірді
Талайымнан көрейін.
Жердің жүзін кезейін,
Бақ пен малдан безейін,
Хандық, байлық күнімді
Қайыршыға теңейін.
Бүйтіп қорлық көргенше,
Мен кетейін, кетейін.
Қайыры жоқ қонысты
Енді талақ етейін.
Қайғыменен қамығып,
Қаңғырумен өтейін.
Ықпалым жүрген күнімде
Қайырлы патша мен болдым,
Бақ, дәулетке кен болдым.
Әскерді оймен жүргізіп,
Қайыспас берен ер болдым.
Бір баланың жоқтығы
Қартайған күнде кем болдым.
Тапталған тақыр, мысалы,
Бейне қара жер болдым.
Осындай тарлық көрген соң,
Халық қайғы берген соң,
Бір қылықты бастады.
Дүние, мал, шаһарды
Талақ етіп тастады.
Үлкейе келген шағында
Бір бала—ханның тілегі.
Қайғы, құса үдеді,
Дүниеден күдер үзеді.
Темір аса қолға алып,
Темірден кебіс киеді.
Талақ етіп елінен,
Қоныс еткен жерінен
Енді Уәли жүреді.
Еш ишарат көрген жоқ,
Тілегін пірлер берген жоқ.
Таңдайы қатып, арықтап,
Тек жаны бар, өлген жоқ.
Енді қайтты еліне,
Көк Еділдің өріне,
Туып-өскен жеріне.
Тап он айдың жүзінде
Қайта келді Уәли
Ұлы өзен Жеміне.