Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құбығұл (9-бөлім)

Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу

Қос құлағың тігілген,
Ор текедей жүгірген,
Әр мүшеңе қарасам,
Қартайсаң да, жануар,
Тұлпарлығың білінген.
Ол жетпіс бір құладан
Көңілім сынап түңілген.

Сынауыма толғандай,
Мақсатым менің болғандай,
Үстіңе мінсем, жануар,
Таудай бақыт қонғандай.
Ақ ниетте көңілім,
Сапарды Алла оңғарғай.

От орнындай тұяғың,
Ұшқырлы жебе құлағың,
Өзгеден артық сияғың,
Жануар, сені сынадым.
Егер мінсем бұл жолға,
Ойлаған болар мұрадым.

Алды-артыңнан сынасам,
Алысты қылған жуықтай,
Толғаған мойның құрықтай,
Көңілімді, құла, суытпа-ай.

Үкілі құйрық, майда жал,
Сендей болмас өзге мал.
Өтінемін, жануар,
Өтінішім жадыңа ал!

Сауырлығың екі кез,
Шүйел белің құрған тез,
Сия берер айтсам сөз,
Құлаша тұлпар, өзің біл,
Талапты ерге келдің кез.
Өтініш еткен сөзім бар,
Жауабын бер енді тез.

—Бабымды таптың сен,—деді,
Жылқыда жүйрік мен,—деді.
Мақтаған мұнша нең,—деді,
Сүйек-тәнім қыздырдың,
Өзге ат менен кем,—деді.
Қартайсам да, Құбығұл,
Бір қимылдап көрейін,
Бір қызығым көр,—деді.

Кәрі жасым, шырағым,
Сенен неге аяйын,
Бір қимылдап қарайын.
Қартайсам да, батыр-ау,
Жұмысыңа жарайын.
Тек екі күн таң асыр,
Сергіп тұяқ қағайын,
Кіндігімнен жарайын.
Төрт айшылық жеріңе,
Шадыра ханның еліне
Үш күнде алып барайын.

Айырылмасам барымнан,
Кәрімін деп тарылман.
Уәли ханның жалғызы
Құбығұлсың жалынған.
Қайырлы үстім тұлпармын,
Ақбілекті құшарсың
Ғашық болып сағынған.

Құлаға мініп шаһарға
Құбығұл бала келіпті,
Бала мінген Құланы
Уәли хан енді көріпті.
Балам болды есер деп,
Жалғыз қолдан кетер деп,
Кетеріне сеніпті.

Сонда Уәли толғайды:
—Сен келген соң дүниеге
Жастағыдай бағым бар,
Ізгілікті, құрметті,
Қадірленген шағым бар.
Жаратпаймын жолыңды,
Жалғызым, тілімді алыңдар.

—Көңілім кетті ғашыққа,
Қанша айтсаң да тіл алман,
Маңдай алған жағымнан
Атымның басын бұра алман.
Жақсылық пен жамандық
Жазған шығар бір Аллам.

Сірә, балаң басылмас,
Жаратып Құла ат мінбей,
Ат құйрығын шарт түймей,
Тепеден-тең қайратпен
Ақбілек ару қыз сүймей.
Батыр батыр бола ма,
Жасанған жауға кеп тимей,
Қолындағы көк найза
Түйреп жаудан өткізбей.
Балаңның көңілі басылмас,
Ғашық болған түсінде
Ақбілек ару қыз сүймей.

Табылды Құла ат бағыма,
Ақбілек асыл аруға
Қосылатын шағыма.
Бейнет етіп басыма,
Жолдас алман қасыма.

Жолдас ерсе егерде,
Көмектікке жарамай,
Басқа қиын іс түссе,
Жамандар қарар ма-ай?
Әкем менен әжекем,
Ақ батаң бер маған-ай.
—Алданбадың, балам, болмадың,
Жүруге қиял ойладың.
Тағы атаңнан күй кетті,
Баяғы тарлық күн жетті.
Сен тумаған күніңде
Уәли хан атаңды
Құл мен құтан билепті.

Алмадың айтқан сөзімді,
Сен кеткен соң, Құбығұл,
Қадірлемес халық өзімді.
Сен тумаған күніңде
Әркімнен көріп зәбірді,
Көзден аққан ыстық жас
Қойынға талай төгілді,
Қайта кимесем игі еді
Баяғы таз кебімді.

Шешесі сонда толғады,
Ботасы кеткен түйедей
Еңіреп жылап боздады.
Ата менен анасы—
Тілекшісі баланың,
Кемпір-шал байғұс—қорғаны.

Тағы оқыңыз