Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құбығұл (22-бөлім)

Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу

Сол күні көрген түсінде
Шаң басыпты қаланы,
Кіл қайғылы жан көрді.
Бұрынғы кең көшесін
Қысаңшылық тар көрді.
Теңгеліктің ар жағы
Тұман басқан қараңғы
Әжіғырдай тау көрді.
Тау басында бүлгіндік,
Соғыс көрді, жау көрді,
Жылға сайдан жылжыған
Сарқырап аққан қан көрді,
Кіл қайғылы жан көрді.

Шошыды түстен шамасы,
Осы түсті көреді
Ақбілектің анасы,
Күлдей болып құлаған
Әділбектің жатқан қаласы.
Түстен шошып оянып,
Ханды оятты шамасы.

—Ұйықтап жатпа сен,—деді,
Ұйықтап жатқан нең,—деді.
Үйге келген бәлені
Жалдама дедім мен,—деді.
Жалдап едің сен,—деді,
Ақбілектің ордасын
Қазір байқап кел,—деді,
Көзіңменен көр,—деді.

Қайғымен өмір өшкен-ді,
Қас масқара еткен-ді,
Қозы баққан жас бала
Түп-түбіңде жеткен-ді.
Түсім ғайып болмаса,
Ардақтап баққан Білекті
Сол залым алып кеткен-ді.

Бүлдірген шығар сол бала
Білек жатқан сарайды.
Қазір бар да, тез қара,
Сен падиша болсаң да,
Ақылға асқан мен дана.
Ғапылдық бізге жетті ғой,
Қызық дәуір өтті ғой,
Ақ сарыбас аққуды
Бүркіт іліп кетті ғой.
Сол жалдаған жас бала
Ақыр түпке жетті ғой.

Айрылған шығар балаңның
Енді бізден арасы.
Анық түстің тазасы,
Білек жатқан орданы
Түнде барып қарашы.
Болмаған шығар тілегің,
Таусылған шығар үнемің.
Бір қызбенен тек кетпес,
Қуа қойсаң егерде,
Талай жанның сол залым
Бітірер деп қорқамын
Асыл, тыныс жүрегін.

Бектерін қасқа алады,
Ақбілек жатқан жақсы жай
Түнде барып қарады.
Қыз ішінде Білек жоқ,
Оттай іші жанады.
Қыздарды қысып қамады,
Бәрінен жауап алады.
Сонда қыздар шулады,
Біреуі қорқып тұрмады.
Көргенін айтты баршасы,
Қорғалап айтып бұрмады,
Қыздарды патша қорлады.

Зәрін шашып жендетке
Қыздарды қыр деп ақырды,
Жендеттерін шақырды,
Кілең жасты қимаған
Бірқатары халықтың
Күнәсін кеш деп бас ұрды.

Ашуы қатты хан залым
Босамады, күшейді.
Ашу қысып желікті,
Елге салмады ерікті.
Жендеттерге ақырып
Қыр деп әмір беріпті.
Айтпадың деп көргенің,
Қыздардың қанын төгіпті.

Есік баққан құлдарды,
Күңдерді түгел жияды.
Қара күңнен бөтені
Еш нәрсені сезген жоқ,
Көрмегенін баршасы
Түгел айтып жылады.
Айтқанына нанбады,
Бұларды да қырады.
Қара күңнен өздері
Жеке жауап алады.
Жауабын байқап қарады,
Күң білікті, саналы.

—Мен айтайын шынымды,
Шын айтайын жөнімді.
Хан баласы Құбығұл
Алтын айдар тұлымды,
Су басында жолығып,
Айттым соған сырымды.
Жемісті сайдың бойында
Бітуәжа мен болып
Қауыштырдым қызыңды.

Өлуіме сенгенмін,
Неғылсаң да, Әділбай,
Өзім риза, көнгенмін.
Уәде етіп ерменен,
Жемісті сайдың бойында
Қолымнан ұстап бергенмін.
Ақбілекті қосуға
Құбығұлға арманмын.
Теңін тапты Ақбілек,
Хан баласы екенін
Көрген шақта аңғардым.
Екеуі аман, сау кетті,
Екеуінің жолына
Құрбан болып қалғанмын.

Бітуәжа мен болдым
Екі ғашық араға,
Құбығұл батыр, Ақбілек
Сағынысқан балаға.
Жанымды қидым сол үшін,
Аман кетсе сен жаудан,
Солардан жаным садаға.

Жендеттер ұстап қамады,
Шаштан ұстап алады,
Алмаспен басын қағады.
Әділшілік тілекпен
Күңнің жетті ажалы.
Ашу қатты, кәр күшті,
Қыз бен күңге тарттырды
Осындай ауыр жазаны.

Тағы оқыңыз