Құбығұл (7-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу
Төрт айшылық жер еді,
Бір айшылық көл еді,
Адам бармас ел еді,
Хабар талып келеді.
Теңгеліктің ар жағы,
Шадыра ханның тұқымы
Әділбайдың Ақбілек
Айдан сұлу деп еді.
Мұңымды айтып толғаймын,
Қолымнан кетсең оңбаймын.
Түсіңе кірген сұлуды
Сол болар деп ойлаймын.
Адам барар жер емес,
Түске алданып, шырағым,
Қыз іздеуің жөн емес.
Ақбілектің хабары:
Сымбат бойы, ажары
Ай мен күннен кем емес.
Құралды, берік қаласы
Ер баратын ел емес.
Тілімді алсаң, шырағым,
Сөзімді қабыл аларсың,
Ханның қызы ханша бар,
Байдың қызы паңша бар,
Бұралған белі талша бар,
Қасыңа қырық жолдас ал,
Сұлуларға көзің сал,
Сансыз дүйім халықтан
Жаратқан қызыңды таңдап ал.
Әкеңде бар дүние-мал,
Дәулетті айдап қызға сал.
—Ата-ана тілін алмаймын,
Он сан үйлі халыққа
Атымның ізін салмаймын,
Ақбілектей аруды,
Тіпті, іздемей қалмаймын.
Ғашығым енді табылды,
Құдай ашар бағымды,
Қайта-қайта қайырып
Сындырмаңдар сағымды.
Хабарын біліп Білектің
Ішімнен қайғы арылды.
Кеспесе Құдай қарымды,
Жібермей жауға арымды,
Қалмақтан алып құшармын
Ақбілек сұлу жарымды.
Әке-шешем сен,—дейді,
Жалғызыңмын мен,—дейді.
Алыс сапар жол шегем,
Ризалықпен көн,—дейді.
Ел билеген хан әкем,
Жеделденген балаңмын,
Тұлпар тауып бер,—дейді.
Уәлидей хан әкем,
Өзіме-өзім сенемін.
Жазылған шығар маңдайға
Бақытымнан көремін.
Үнемді күнім таусылса,
Үйде отырсам да өлемін.
Өтінемін, қарт ата,
Бір тұлпар ат—керегім.
Сонда Уәли сөйлейді:
—Ат бермей неғып шыдайын
Тарығып көрген балама,
Қайғы салмаса игі еді
Қараңғы түнек замана.
Өрістегі көп жылқы,
Қарағым, бар да арала.
Бөлек жатыр қара ала,
Қолайыңа жаққан ат,
Өзің сына, қара да.
Тағы бөлек құла ала,
Басқа жатыр сұр ала,
Өзің байқа, сына да.
Ақты жылқы бір бөлек,
Көкті жылқы бір бөлек,
Торылы жылқы бір бөлек.
Сан жетпейтін көп жылқы
Ішінен тұлпар табылар,
Құрық ал да, жүген сал,
Көп жылқыға барып қал.
Көңіліңе жаққанға,
Шырағым, бар да құрық сал.
Құбығұл, сенің жолыңа,
Мал түгіл, құрбан кемпір-шал.
Белге жүген шалады,
Қолға құрық алады,
Көп жылқыға барады.
Жүйрікті сынап қарады,
Мақтауға сияр тұлпар жоқ,
Тауы қайтып Құбығұл
Жабығып кетіп барады.
—Уәли әкем сен,—деді,
Тарыққан балаң мен деді.
Мінуіме тұлпар жоқ,
Кілең итті жиған нең!—деді.
Халқыңда тұлпар бар болса,
Хабарын айтып бер,—деді.
—Сені көрмей тұрғанда
Көкірек қайғы, шер еді.
Жылаумен көзім көр еді,
Мінуге тұлпар жоқ болса,
Жиған жылқым сол еді.
—Бір тұлпар ат бермеді
Уәли әкем маған-ай,
Өтінем, анам, саған-ай.
Сан жетпейтін жылқыдан
Мінуге тұлпар таба алмай,
Мен қайғылы балаң-ай.
Білгенің болса, әжеке,
Перзентіңнен аяма-ай.
Анасына өтінді
Сағынып көрген баласы.
Шыдамады жалғызға
Шешесі байғұс шамасы,
Тарығып көрген Құбығұл
Көзінің ақ пен қарасы.
—Жалғызым, балам Құбығұл,
Ғашық өрті ішінде,
Ақбілектей аруды,
Жалғызым, көрдің түсіңде.
Жас та болсаң, Құбығұл,
Досың менен дұшпаның
Іші толар пішінге,
Жақсылық пен жамандық
Құдіреттің күшінде.
Кетем десең, шырағым,
Көңіліңде ғашық іңкәр бар,
Оң қолыңа қондырасың,
Жібек баулы сұңқар бар.
Ұлы Құмсай бойында,
Шалғынды көлдің ойында
Жетпіс құла тұлпар бар,
Тез беліңе жүген сал,
Шынжыр баулы құрық ал,
Жайылулы жатқан тұлпардың
Қалағанын мініп ал.
Бір ат түгіл, қара орман,
Садақа сенен кемпір-шал.