Құбығұл (10-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
—Қауырсыны қатқан соң
Ұшады сұңқар ұядан.
Бабына түсіп, желігіп
Көргенін ілер қиядан.
Әкең тілек сұраған,
Тілегін, балам, бермедің,
Көзінің жасын көрмедің.
Ата менен анаға,
Қайырылмастай қарттарға
Мейірімсіз сен бе едің?!
Бір қыз үшін халқыңнан,
Құбығұл балам, кеткенің.
Ата-анаңды жылатып,
Шырағым, сенің неткенің?!
Сапар шектің алысқа,
Амалы бар ма кемпір-шал,
Қайғыменен өткенім.
Ата менен ананың
Сүйеуі—сүйген баласы,
Інінің қанат, құйрығы—
Алдында өскен ағасы.
Ерді берік сақтайтын
Шығыршықты сауыттың
Дулығалы жағасы.
Атаң менен анаңның,
Балам, тілін алмайсың,
Жеделіңнен танбайсың,
Сапарыңнан қалмайсың.
Көрген түске алданып,
Түсіңде қызды таңдайсың.
Сындырмайық, балам, сағыңды,
Байламайық бағыңды.
Сәуел көрдім түсімде,
Жаудан алып құшарсың
Ақбілек сұлу жарыңды,
Жібермессің арыңды.
Көрген түске қуандым,
Кеше көрген түсімде
Туырлықтай ту алдың.
Астыңдағы Құла атты
Бал-шекермен суардың.
Түсімде биік тау көрдім,
Тау басында қар көрдім,
Құйрығын тауға сабаған
Айдаһар көрдім, зәр көрдім.
Осы түсті мен көрдім,
Бер жағынан сол таудың
Ту ұстаған ер көрдім.
Айдаһарды құлатып,
Қарлы таудың басынан
Қарауыл салған қайтпайтын
Қайыспас берен ер көрдім.
Осы түсті, Құбығұл,
Сапарыңа меңгердім.
Ақ күн туар жолыңа,
Ақ батамды тез бердім.
Бір жағыңнан ай туар,
Бір жағыңнан күн туар,
Осы көрген сәуелім
Өтірік емес, шын шығар.
Саған жәрдем тілеуші
Бақытыңа күн шығар.
Ата-анасы балаға
Ақ батасын оң берді.
Ұлықсатпен жол берді,
Қаруын сайлап мол берді.
Берік сауыт кигізді,
Садағын сала байлатып,
Ер қаруы—бес қару,
Бесеуін тамам ілгізді.
Бес қаруын іледі,
Берен сауытын киеді.
Алла деп атқа мінеді,
Амалы жоқ кемпір, шал
Қайғы отына күйеді.
Ажарланып баланың
Алып ұшты жүрегі.
Кемпір, шал қолын жаяды:
—Алла, Алла, Алла жар,
Алла болғай пана, жар!
Өзекті жауға өлім бар,
Жалғызымның жолынан
Қорқыныш қатты, қаупім бар.
Жаныңа жолдас алмадың,
Әскерменен бармадың,
Әлдеқандай күнің бар.
Жалғыз кеттің, қарағым,
Осы жолдан қаупім бар.
Сен кеткен соң ата-анаң
Қайғыменен болар зар.
Қайта айналып келгенше,
Амандасып көргенше
Тағы да болды күнім тар.
Бата қағып, шырағым,
Бердім саған ықтияр.
Аман барып, есен қайт,
Жауға өткіз, балам, зар.
Амалдап қызды алып кел,
Сыр білдірмей тілімді ал.
Ойлап, балам, ақыл тап,
Құбығұл балам, басың бақ,
Астыңа мінген Құлаша ат,
Ақылмен ойлап жөнін тап.
Білініп қалып қалмаққа,
Балам, болма жауға мат.
Сан қалмақтың елінде
Қуаныш болсын, көңілің шат.
Есебін тапсаң егерде,
Білінбей жауға алып қаш.
Кемпір, шалдан бата алып,
Құла атқа мініпті.
Ата менен анасы
Ақылмен айтты білікті.
Адырнасы бес қабат
Үстіне сауыт киіпті.
Балдағы алтын көк болат
Орай белге іліпті.
Ай балтасы тақымда,
Көк найзасы қалтылдап
Батыр жолға жүріпті.
Астындағы Құлаша ат,
Әрі-бері сыдырып,
Атын байқап қарады.
Сауырдан тері шыққанда
Жұлдыздайын ағады.
Танауынан дем шығып,
Қолтығынан жел шығып,
Зулап кетіп барады.
Тұяғы тиген жерлерді
Жер ошақтай қазады.
Ат бауыры жазылды,
Басқан ізі қазылды,
Қара терге боялып,
Үдей-үдей шабады.