Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құбығұл (2-бөлім)

Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу

Ұлы Жемді жағалап,
Жердің жүзін аралап,
Шетірлінің бойына
Патша келді шамалап.
Жүдеп келген Уәли
Үш күн жатты паналап.

—Уа, Баба түкті пір бабам!
Басыңа келдім мен,—деді,
Іздегенім сен,—деді,
Халыққа патша мен,—едім,
Бүгінде болдым кем деді.
Ақсұңқар құс қыран ем,
Қартая келген күнімде
Қарғаға болдым жем,—деді.
Құлдардан көріп қорлықты,
Жалшыдан көріп зорлықты,
Көкірек қайғы-шер,—деді.
Жасым жеткен шағымда,
Қараша көзін салмады,
Менсінбеді ел,—деді,
Елемеді ер,—деді,
Ақырында халық қорлап,
Ел тізгінін бермеді.
Қиялы бүркіт қыран ем,
Құзғын менен қарғаға
Қартайып болдым жем,—деді.
Ықпалым тұрған күнімде
Ғаділ патша болғанмын,
Халқыма қорғанмын.
Қатарымнан озғанмын,
Қырымға қолым созғанмын.
Бақытым тұрған шағында
Талай жерге барғанмын,
Талай жауды алғанмын,
Дұшпанға бүлік салғанмын.
Ғаділшілік хандықпен
Халқымды баққан заңғармын.
Сол күнімнен айрылып,
Ақырында сандалдым.
Жердің жүзін айналдым,
Басыңа келіп зарландым.

Тап жетпіске жас жетті,
Қартайғанда бақ кетті,
Астыма мінген тақ кетті,
Падишамын тарыққан,
Қайғы шегіп зарыққан,
Тарлық көріп халықтан
Жердің жүзін айналып
Келдім қаңғып алыстан.
Халықтан көрген зорлықтан,
Құлдар берген қорлықтан
Мұңымды айтып зарығып,
Басыңа келдім сондықтан.

Соны айтты да Уәли
Қатып келген қабағы,
Шаршап келген бейшара
Қалғып кетіп барады.
Көзі ілініп ұйқыға,
Көңілі кетіп барады.
Мейірім болар бабадан
Қасына келген пақырға,
Жетпіске келген шағында
Аса таяқ қолында,
Ақ шалмасы басында,
Ақ шалмалы қарт адам
Осындай келіп қасында,
Ишаратпенен сөйлеп тұр
Жылап келген пақырға:

—Уәли патша сен едің,
Баба түкті мен едім,
Көзіңнің жасын көремін.
Тарығып келген азамат,
Тілегіңді беремін.
Жылап келген пақырым,
Сізге тисін себебім,
Бақытты нақ күніңде
Ел билеген ер едің,
Айтулы ханның өзі едің.
Ел намысын бермеген
Білікті ханның өзі едің.
Зарығып келген пақырым,
Тілегіңді берейін,
Көзіңнің жасын көрейін.
Уәли, сені жебейін,
Қолыңды жай, бата берейін,
Бір перзент берейін.

Шетірлінің бойында
Басыма патша келер деп
Бар едің, балам, ойымда.
Арынды нәсіп тұйғынсың
Ашылдық сенің жолыңда.

Бақытты жастық күніңде
Қорғаны едің халықтың,
Шыңнан әскер жүргізіп,
Талай жаумен алыстың.
Дұшпандасқан жаулардың
Талайын таптап, жаныштың.
Ықпалың қайтқан уақытта
Басыма келіп зарықтың.

Қайғыңды, патша, жой,—деді,
Қараңғыдан аршылсын
Қамыққан қайғы, ой,—деді.
Бір перзентті беремін,
Дүние малың сой,—деді.
Садақа етіп барған соң,
Кешікпей қыл той,—деді.
Тарығып көрген жалғыздың
Құбығұл атын қой,—деді.

Мерекеңе балаңа
Ұлы жиын той болсын,
[Бұл] тойыңа сойғаның
Ту бие мен қой болсын,
Ұзақ өмір, ұзақ күн
Балаңның жасы мол болсын.
Мейірімді ұл болсын,
Ықылас батам шын болсын.
Қайтпас жүрек, қайратты ер
Бір Құдайға құл болсын.
Алтыннан түбек ойылсын,
Уәли, қайғың жойылсын.
Алтыннан түбек ойылып,
Күмістен шүмек қойылсын.
Менің берген бұл батам
Сізге қабыл болынсын.

Көне эпос

Барлығы: 53 жыр

Тағы оқыңыз