Құбығұл (27-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
—Не жазығым бар еді,
Ей, Ақбілек, Ақбілек,
Бүлік салып жеріме,
Қайғы салдың еліме,
Мезгілсіз ажал келтірдің
Екі арыстан еріме.
Енді келді дұшпаным
Кек алатын жеріме.
Таңдап сүйген еріңе
Жеткізейін қазаны,
Обалың сенің өзіңе.
Суырып алмас алады,
Көтеріп алып сермеді.
Ақбілектің ағасы
Әкесінің қарынан
Шапшаң ұстап алады.
—Кейіме, әке, сен,—дейді,
Ашуыңды бер,—дейді.
Қол қусырып тұрғанда
Өлтіруің жөн емес,
Ақбілек тапты тең,—дейді.
«Ер дұшпаны өзінен
Мықты болсын» деген сөз,
Ақбілекке ризамын,
Өзіне тапты тең,—дейді.
Әділбай қолын жаяды,
Батасын беріп қарады.
—Теріс қолым жаяйын,
Теріс бата қағайын.
Жамандық болса, Ақбілек,
Сенен неге аяйын.
Тілегіңді бермегір,
Көзіңнің жасын көрмегір,
Жолдасыңнан айрылып,
Қанатыңнан қайрылып,
Қайғыменен еңірегір.
Қайғыменен қамыққыр,
Құса басып тарыққыр,
Жолдасыңнан айрылып,
Жалғыз қалып зарыққыр.
Дүниеде оңбағыр,
Жүрсең, жолың болмағыр,
Мені мұнша зарлаттың,
Өзіңді Құдай қорлағыр,
Менің берген батамды
Аққа Құдай жолдағыр.
Бір-бірінен айрылсын
Сүйіп құшқан теңдесің,
Тілегіңді бермесін,
Көзіңнің жасын көрмесін.
Байынан жолда айрылып,
Қайғыменен еңіресін.
Қайғыменен ішің от болсын,
Менің батам оқ болсын,
Жасыл соғып төбеңнен,
Өмірің өшіп жоқ болсын.
Теріс қолын жаяды,
Теріс бата қағады.
Енді Әділбай қайрылмай,
Шаһарына қайтып барады.
Ақбілектің ағасы,
Бір-біріне шыдамас
Бір кісінің баласы,
Ақылға асқан толық ед,
Көңілінде артық санасы.
—Бауырымсың, шырағым,
Алған ерің сынадым.
Қайырлы болып алғаның,
Баянды болсын тұрағың.
Сен теңіңді тапқансың,
Жедел қылып нетейін.
Жан жолдасың еріңмен
Досты болып кетейін.
Жат жұрттықсың, шырағым,
Ақбілек, өріс етейін.
Тілегімде жалған жоқ,
Іште сырым қалған жоқ,
Патша қызы әр уақыт
Теңін тауып барған жоқ,
Көңілде мүдәм қалған жоқ.
Өрістесім, шырағым,
Көңілімде арман жоқ.
Сырымды айтып өтейін,
Сен теңіңді тапқан соң,
Жедел етіп нетейін?!
Екеуі құшақ жаяды,
Құшақтасып дос болып,
Татулық көңіл қош болып,
Қуанышпен тарады.
«Өрісімсің, қалқам»,—деп,
Ақбілектей баланың
Ақ бетінен бір сүйіп,
Қош айтысып, достасып,
Ағасы кетіп барады.
Татуласып, келісіп,
Құшақтасып, көрісіп,
«Өрісімсің, Ақбілек»,—
Деп сүйісіп, өбісіп,
Қош айтысқан жер еді.
Құбығұл мен Ақбілек
Қос тұлпармен желеді.
Көлденең жатқан бір тауды
Кеселей басып жөнеді.
Ар жағында сол таудың
Шалқып жатқан айдын көл,
Бұлардың көзі көреді.
Теңгеліктен өткелі,
Қалмақпен соғыс еткелі
Өздері де, аты да
Сонан бермен шөлдеді.
Төбесінен күн өтіп,
Ақбілек шөлдеп келеді.
Шөлдеп келген Білектің
Бір су еді керегі.
Тілегіне кездескен
Мөлдір тұнық көл еді.
Мал баспаған жағасын
Бұрын-соңды бұл көлдің,
Көрген жоқ адам қарасын,
Жыныс ағаш ну дейді
Көл айнала жағасын.
—Рахатты шөпті көл,
Жағалай шалғын көкті көл,
Бақытқа бізге тап болды,
Жыныс ағаш нулы көл.
Ей, Ақбілек, Ақбілек,
Дем алуға лайық,
Рахатты көл екен,
Жағалай жыныс бәйтерек,
Семіруге тұлпарға
Шүйгін шалғын шөп екен,
Хош иісті көк екен,
Ат суарып, тынығып,
Түсіп кетер жер екен.
Аттың ерін алалық,
Қөптен бері шөлдедік,
Суын ішіп қаналық.
Шалыққан шөлдеп тұлпарды
Біз суарып бағалық,
Осы көлдің бойында
Бүгін тыным алалық.