Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (20-бөлім)
Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу
Бір жартасқа қамады ол киікті,
Падиша ұстаймын деп көңіл мықты.
Басыңнан қарғығаның өлесің деп,
Шаншар хан қырық жігітке бұйрық қыпты.
Киікті ұстаймын деп қамалады,
Сонда киік өз күшін шамалады.
Шаншар ханның басынан қарғып кетіп,
Киік кетті бет алып бір даланы.
Сол киік бастан қарғып қашып кетті,
Тасқынын падишаның басып кетті.
Тау басында жүр еді Зарлық бала,
Ол киік Зарлық ханға жетіп кепті.
Зарлық хан бұ киікті көзі көрді,
Тауда жүрген балаға кезі келді.
Атының басын бұрып Зарлық бала,
Киікті ұстамаққа қуа берді.
Зар ұрып қамшы басты Гүлсары атқа,
Тауды өрлеп киік қашты қалың шатқа.
Гүлсары ат бет алған соң құтқара ма,
Зарлық хан жетіп келді бір сағатта.
Киікке жетіп келді Зарлық бала,
Қасында екі жігіт келді жана.
Сол киік бір жартасқа қарғып шықты,
Жамиғат, құлақ салып тыңдап қара.
Ол киік адам болды ақсақалды,
Көрді де Зарлық бала аң-таң қалды.
«Жан балам, не себептен қуасың!» деп,
Ол адам Зарлық ханға жауап қылды.
Ол киік Зарлық ханның пірлері екен,
Ғайып ерен қырық шілтеннің біреуі екен.
Зарлық пен Шаншар ханды қоспақ үшін
Куә боп арасында жүрген екен.
Әлқисса, анда Зарлыққа Ғайып ерен, Қызыр пайғамбардың Шаншар ханды баян қылғаны:
—Шаншар хан әділ патша ұлық болған,
Көп патшадан мүләйім сынық болған.
Қырық жігіті қасында тамаша әйлап,
Тауына Шөгірлінің келіп қонған.
Шаншар хан әділ патша сенің атаң,
Дұшпанға саясатты, өзі мехкам.
Ізімменен келеді мені қуып,
Ей, бала, дұғагөйің сенің әкең.
Ей, балам, келе жатыр дұғагөйің.
Мәдина, Мекке бірлән құбыла күнің.
Атаңыз келе жатыр қырық жігітпен,
Алдынан шық атаңның, тұрма кейін.
Мұны айтып ғайып болды Зарлық пірі,
Атасын, арман бар ма, көрсе тірі.
Атасын естіген соң тағат қылмай,
Зарлық хан кейін қарай жүреді енді.
Қарап тұрса, әкесі келе жатыр,
Қасында жолдас болған өңшең батыр.
Атасын көргеннен соң құрмет қылып,
Тұрады аттан түсіп Зарлық батыр.
Шаншар хан жетіп келді қастарына,
Оранған алтын тәжін бастарына.
Атасын көргеннен соң Зарлық бала,
Көзінің шетін жуды жастарына.
Патшаның қолын алды елден бұрын,
Білмей тұр бұл Зарлықтың ішкі сырын.
Көл болды көздің жасы етегіне,
Көрісті қырық жігітпен бірін-бірін.
Патша айтты:—Ей, балам, кімсің?—деді,
Бұл тауға қайдан келіп жүрсің?—деді.
Қай жерлік, қай патшаның баласысың,
Сырыңды айт, осы халық білсін,—деді.
Падиша сөз сұрайды ортаға алып,
Балаға түзде жүрген қайран қалып.
Жауабын атасының естіген соң,
Жылайды өксіп-өксіп қайғыланып.
Бала айтты:—Мен сөйлейін, ей, падишам,
Жетімдікпен Зар болдым ата-анам.
Сізге баян қылайын мен сырымды,
Құлақ сап, ей, падиша, сөзге қараң.
Патшасы патшалардың—патша Құдай,
Жыладым дәргаһына сиынып уай.
Бар еді әділ патша Шаншар атты,
Қараған хүкіміне он сан Ноғай.
Білсеңіз, сол патшаның баласымын,
Көзінің ағы менен қарасымын.
Алланың тағдыр—ісі мұндай болып,
Туған соң ата-анадан адасыппын.