Құбығұл (3-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу
Сөйдеп қолын жаяды,
Бір батасын қағады.
Ұйқысынан оянып,
Төңірекке қарады.
Тұра келсе, ешкім жоқ,
Мұнысы қалай болды деп,
Көңіліне алады,
Жүгіріп кетіп барады.
Сүйегі бекіп тыңайып,
Тимеді жерге аяғы.
Көңілінде құса, қасірет
Кеткенге ұқсап баяғы.
Шынықпай сүйек неғылсын,
Шын ишарат көріпті,
Көңілі өсіп желікті.
Көңілі өспей не қылсын,
Ақ шалмалы бір адам
Ақ батасын беріпті.
Бір батасын береді,
Қуаныш еткен жер еді.
Зарығып келген бұл қартқа
Бабаның тиген себебі.
Шыққан жері Жем еді,
Көк Еділдің бойына
Екі күнде келеді.
Жәрдем беріп нашарға,
Пірдің тиді себебі.
Өзінің мекен жеріне,
Орта ноғай еліне
Екі күнде келеді.
Елі-жұртын жияды,
Адамның басын құрады,
Садақа түске қылады.
Пақыр менен міскінге
Садақасын береді,
Қожа менен молда, ишан
Олжалы болған жер еді.
Келгендерден бата алып,
Сол зарыққан Уәли
Көңілі тынды деп еді.
Үлкейгенде осындай
Уәли кемдік көріпті.
Зарыққанда патшаға
Бір себебін беріпті.
Қаныш тоқал—жас қатын
Он екі айда-ай жеріпті.
Қызығына шыдамай,
Қатты жүдеп, зарығып,
Табылмай жерік тарығып,
Зарығып ұзақ жүреді.
Қызығына шыдамай,
Қыдырып жүрген шағында
Көкше таудан алмас тас
Бұл әйелге табылды.
Назары ауып сол тасты
Ауызға салып шайнайды,
Тастан тісі таймайды.
Қуаныш кіріп көңілі
Ажарланып жайнайды.
Ажары кіріп желікті,
Күннен-күнге тыңайып,
Жүдеген әйел серікті.
Жеті мүше бәрі де
Жазылып, тәні еріпті.
Бес айдың жүзі болғанда
Балаға іште жан бітіп,
Білініп іші қалады.
Тоғыз ай, он күн болғанда
Ұл перзентті табады.
Дүниеге бала келген соң,
Тілегін Құдай берген соң,
Айғыр сойып ақыртты,
Бура сойып бақыртты,
Қол астын қоймай шақыртты.
Той ететін ой болды,
Хан тойына сойғаны
Ат, айғыр, түйе,қой болды.
Хан тойына шақыртып,
Дүйім халық ел келді,
Бай менен бек тең келді.
Тұлпар мініп ту алған
Жау дегенде қуанған,
Қайтпас берен ер келді.
Ел де келді ол тойға,
Тұлпар мініп, ту алған
Ер де келді ол тойға.
Асыл киіп, қырынған,
Тойға құмар бұрыннан,
Жүйрік мініп ұрынған,
Той дегенде қызынған
Сері де келді ол тойға.
Қызық тойға келмеген,
Мереке, қызық көрмеген
Кіл мүсәпір, пақырлар,
Кем де келді ол тойға.
Көптігін азға білдірген,
Күш қылып елді бүлдірген,
Зорлық қылған аздарға
Көп те келді ол тойға.
Үкімін жұртқа жүргізген,
Ел бастаған би менен
Бек те келді ол тойға.
Қол астынан сыртқары
Шет те келді ол тойға.
Батыр менен жиынға
Паң да келді ол тойға.
Қарашысы қасында
Хан да келді ол тойға.
Дүние дәулет айдаған
Бай да келді ол тойға.
Самайынан бит аққан
Тазда келді ол тойға.
Буындары дірілдеп,
Көзінің алды іріңдеп
Шал да келді ол тойға.
Ақ шалмасы басында,
Шәкірттері қасында,
Молда да келді ол тойға.
Бағымдары соңында,
Табиб кітап қолында,
Қожа да келді ол тойға.
Сәлделері қазандай,
Мал табатын амалды-ай,
Мал табуға талапты
Аузын ашып арандай,
Атын қойып мал табу,
Оқысып тамам намазды-ай.
Мүләйімсіп, мүлгісіп,
Табатұғын мал үшін,
Салып отыр азанды-ай.
Киім киіп, қырынған,
Мінген аты ұрынған,
Тойға құмар бұрыннан
Жас та келді ол тойға.
Кілең қайқы серілер,
Мас та келді ол тойға.