Құбығұл (12-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
—Атаның тілін қылмадым,
Айтқанына тұрмадым.
Осы тарлық қиын жол,
Құлаша, сені қинадым.
Кәрілігіңді айтсаң да,
Жануар, мені қимадың.
Су басында тарықтым,
Өте алмай мұнан зарықтым,
Астымдағы серігім,
Сізге ақыл салыппын.
Жоғары ерні жыбырлап,
Төменгі ерні қыбырлап,
Ашылғанша сөйлер тіл,
Құла ат тұрды сыбырлап:
—Тарықпа, батыр, сен,—дейді,
Астыңдағы тұлпар мен,—дейді,
Шын тарығар болар ма
Қыз іздеген ер,—дейді.
Астыңдағы Құланың
Қимылын, батыр, көр,—дейді,
Келгенің алыс жер,—дейді.
Кемімесем егерде,
Теңгеліктің суынан
Аяғымды малмастан,
Тұяғымды тигізбей
Өткіземін мен,—дейді.
Олай-бұлай қыздырып,
Орғып шауып жүр,—дейді,
Берік мініп үстіме,
Батыр, қамшы ұр,—дейді.
Мықтап ұстап шоқтықтан,
Бала, көзің жұм,—дейді.
Шаршамайын, талмайын,
Өзімді-өзім барлайын,
Жасым жетіп үлкейдім,
Кәріліктен танбасам,
Сар буын болып қалмасам,
Тұяғымды тигізбей
Өткізейін мен,—дейді.
Олай-бұлай шабады,
Шоқтығынан Құланың
Мықтап ұстап алады.
Ор қояндай орғытып,
Құлаша ат қарғып барады.
Су шетіне шыққанда
Бір аяғын малады.
Аяғы суға малынып
Азалап жатып қалады.
«Кәріліктен тандым» деп,
«Ұятты болып қалдым», деп,
Көңіліне алады.
«Тұр», деді батыр, тұрмады!
Құла атты бала сыйлады,
Тұрмаса да ұрмады.
Тұрмаған соң Құлаша ат,
Ер Құбығұл жылап тұр,
Тұрмасын аттың сынап тұр.
Айналып атқа қарайлай,
Тастап атын кете алмай,
Жолда тұрды зарығып,
Баратұғын жеріне
Жолда қалды жете алмай.
«Ақбілек ғашық қатарым,
Оңбады ғой сапарым,
Құлаша ат, сенің қасыңа
Жануар, бүгін жатамын».
Кеш болып жатып қалады,
Түн ортасы болғанда
Ақ шалмалы шал адам
Қасына жетіп барады.
—Жолдасың, балам, мен,—деді,
Су басында тарығып,
Жылай берген нең!—деді.
Тарығып жылар болар ма
Сапарға шыққан ер?!—дейді.
Қорғаушы бабаң мен едім,
Мен тілекші шал,—дейді,
Құйрығынан тұлпардың
Бір тал қыл жұлып ал,—дейді,
Тез қалтаңа сал,—дейді.
Қару, киім баршасын
Ат үстіне таң,—дейді,
Құрым тауып ки,—дейді,
Әділбайдың ордаға
Мүсәпір болып бар,—дейді.
Сапарың болар оң,—дейді,
Қайырлы болар жол,—дейді.
Ақбілектің әкесі
Әділбай атты патшаға,
Шырағым, малай бол,—дейді.
Шамаң келсе жақ,—дейді,
Ақыл, айла тап,—дейді.
Үй айнала оттайтын,
Түс болғанда тоқтайтын,
Шырағым, қозы бақ,—дейді.
Менің тілім ала бер,
Айтқанында сол ханның
Айтқанына бара бер.
Өріске шығып кетпейтін,
Алыс жолға жетпейтін,
Шырағым, қозы баға бер.
Айтқаныма көн,—дейді,
Ықыласқа сен,—дейді.
Керексе тұлпар, қыл тұтат,
Астыңа мінер Құлаша ат
Тапсырармын мен,—дейді.
Атты күйлеп бағайын,
Аттың күйін табайын,
Бағуын рас табайын.
Қыз іздеген жалғыздан
Жәрдемім неге аяйын!
Тарыққан күнде жебейін,
Сені бөтен демейін.
Керек кезде даярлап
Қару-жарақ, атыңды
Аман сақтап берейін.
Айтқан тілімді аларсың,
Әділбай ханға жағарсың.
Аулақ кетпей жақыннан
Қозы-мозы бағарсың.
Атаңның сөзін алыңыз,
Ұмытып, балам, қалмаңыз.
Пақыр бол да, балам, бар,
Осы тапқан айламыз.