Құбығұл (23-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Әділбай қолға сөйлейді:
—Әскер қолым сен едің,
Халықтың ханы мен едім.
Осы залым дұшпанды
Денесін шауып, қор қылып,
Кегімді алсам деп едім.
Бұл жауымды мұқатсам,
Ерлерім, сыйлық беремін.
Соны өлтірген батырды
Өзіммен тең көремін.
Басын кескен ерлерге
Үлкен сыйлық беремін.
Даяр қылып керегін,
Қолымнан сыйлық кең берем.
Өз алдына шаһар сап,
Айдынды шалқар көл менен
Рахатты жер берем.
Ат жүйрігін сайлаңыз,
Өткірлеп алмас қайраңыз.
Еркек кіндік жас, кәрің,
Біреуің шаһарда қалмаңыз.
Сонда халық шаттанды,
Қуанып ерлер мақтанды.
Қару-жарақ, көк найза—
Бәрі даяр саптаулы.
Тастан қайтпас ақ алмас
Буылып, белге қаптаулы,
Қол астының халқы
Ханның сөзін ақтаулы.
Әскерді хан айдады,
Еркектен адам қалмады.
Әр жерінен ту ұстап,
Сан жетпейтін қалың жау
Құбығұлменен ұрыспақ.
Ақбілектей аруды
Құбығұлдан айырмақ.
Дегеніне келтіріп,
Қайтып елге қайырмақ.
Әскерінің құралын
Баршасын тамам даярлап.
Қу желқом салып ерменен
Әскердің атқа мінген жер.
Оқ өтпейтін сауытты
Ерлер енді киген жер.
Бес мың әскер ауыр қол
Тұс-тұсынан ту байлап,
Ерді қуып жүрген жер.
Ақбілек кетіп халқынан,
Ханның іші күйген жер.
Құралын тамам сайласып,
Қаруларын қайрасып,
Әмір етіп бастыққа,
Көп әскерді айдатып,
Сарбаздарын ойнатып,
Әскер мінген жүйріктің
Ауыздығын шайнатып,
Барабан тартып, ту алып,
Сансыз әскер шығарып,
«Қызды айырып қалам» деп,
«Басын кесіп жетімнің,
Әкеліңдер маған» деп,
Ашу тұтып қуарып,
Біресе тұрды қызарып,
Әскербек шықты қол бастап,
Жалбыраған ту алып.
Теңгеліктің өткелмен
Әскер өтіп барады.
Түн ортадан ауады,
Күн шыққанда Құбығұл
Әжіғырдың тауынан
Қарауыл тұрып қарады.
Жердің жүзін қаптаған
Әскерді көзі шалады.
Сан жетпейтін көп қалмақ
Құбығұлды өлтіріп,
Айырып Білек қызды алмақ.
Осы сансыз әскерді
Құбығұл байқап тұрды аңдап.
—Сүйіскен жарым, Ақбілек,
Жан жолдасым сен едің.
Сүйісісіп қосылған
Жаным бірге деп едің.
Сансыз әскер қауіпті,
Әжіғырдың тауынан
Қарауыл салып көремін,
Ақылдасам өзіңе,
Қашып кетсем бұл жаудан,
Сынықтық болар деп едім.
Әскер сансыз мол екен,
Сансыз қуған бұл жаудан
Қашпағаным жол екен.
Ұрлап алып кеткенім
Маған қорлық сол екен.
Сұрағаным сансыз жау
Ақ сапарым оң екен.
Ерге сынық болмай ма,
Дұшпанменен алыспай,
Қашып кетсем, Ақбілек,
Екеуімізге намысты-ай!
Ажалым жетсе, өлермін,
Бендеге қаза алыс па-ай!
Сонда Ақбілек сөйлейді:
—Құралды қалмақ ел еді,
Елінде батыр көп еді.
Қарсы келген жауының
Қасықтап қанын төгеді.
Әскерің жоқ, құрал жоқ,
Батырсынба, Құбығұл,
Тұрудың жоқ керегі.
Жердің жүзі қыбырлап
Сансыз әскер келеді.
Кел, қашалық, қашалық,
Атқа қамшы басалық.
Көмегің жоқ, жолдас жоқ.
Әжіғыр таудан асалық.
Атса, мылтық өтпейтін,
Шапса, алмас кеспейтін,
Атақты талай ері көп.
Әділбектей батыр бар,
Қарасбек атты жас ұл бар,
Ерлерінің кемі жоқ.
Ұрысам деме бұл жауға,
Бұл тұрудың жөні жоқ.
—Олай деме, Ақбілек,
Сансыз жаудан саса алман,
Көп деп қорқып қаша алман.
Қашып кетіп көп қолдан,
Елге барып жата алман.
Мың қалмақтан жау болсын,
Осы жаудан саса алман.
Ақбілек сонда жылап тұр,
Жан жолдасы батырдың
Қашпасын жаудан сынап тұр.
Ақбілектің көзінен
Төгіліп аққан қара жас
Мысалы аққан бұлақ-дүр.
Қайта-қайта жалынып
«Кетелік» деп сұрап тұр.