Құбығұл (14-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Тағыңнан аудың, Әділбай,
Келіп сәлем бергенде.
Бұл бәлені жалдасаң,
Бүлік салар еліңе,
Ылаң түсер жеріңе,
Зауал төнер еріңе.
Айламенен, амалмен
Қайғы салар өзіңе.
Алданбаңыз, Әділбай,
Арбап айтқан сөзіне.
Айламенен, амалмен
Жетім болып келген-ді,
Мұны көзім көрген-ді,
Көкірегім шерленді.
Жаратпаймын ажарын,
Амалменен үйіңе
Мүсәпір болып кірген-ді.
Сұрғылт екен ажары,
Арыстандай айбатты,
Сыртына шыққан қажыры.
Бұл бәлені жалдасаң,
Халықтың суыр базары.
Жалдай қойсаң егерде,
Басыңнан дәурен күн асар,
Патшам, қайғың ұласар,
Халқыңды жылатар.
Бүгін пақыр болғанмен,
Ерлігін ертең сынатар.
Амал, ақыл, түрі сай,
Келбет-ақыл, сияғы
Біреуіне бірі сай,
Сынаудың жоқ бұрысы-ай.
Жалдай қойсаң егерде,
Берекет елден шын кетер,
Халқыңнан бақыт күн кетер.
Жалдаймын деме бибекер,
Ақырында, Әділбай,
Өзіңнен бақыт шын кетер.
Бәлелікпен келген-ді,
Ақырында түбіңе
Мүсәпірсіп бұл жетер.
Сонда Әділбай сөйледі:
—Сыншы едің, қатын, сен,—деді,
Сынауың сенің жөн,—деді.
Олай болса баланы
Жалдамайын мен,—деді.
—Аяп едім, әй, бала,
Пақырлық айтқан сөзіңе,
Ұлықсат берем өзіңе.
Алуға сені болмады,
Кете бер енді жөніңе.
—Әй, Әділбай, батырым,
Қатынның айтқан сөзіне
Айнып неге жасыдың.
Ерге билік бермеген
Мықты-ақ екен қатының.
Жанға залал етер ме
Мен секілді пақырың.
Қатынның тілін алғаның,
Өзіңе сын болмай ма
Айтқаныңнан танғаның?!
Алдыңызға келгенше,
Дидарыңды көргенше
Көп болып келді арманым.
Өзіңе сынық болмай ма,
Ей, тақсыр, айтқаныңнан танғаның.
Басыңызға мін шығар,
Қатыннан кем қалғаның.
Сонда Әділбек сөйлейді:
—Олай болса, пақырым,
Әйелдің тілін алмайын,
Уәдемнен танбайын.
Қалай болар жағдайың,
Өзің айтшы, мүсәпір,
Қызметке жалдайын.
Не жұмысқа келеді,
Жас бала, сенің жағдайың?
—Олай десең, Әділбай,
Жетімдіктің жөнінен
Кемдіктің көрдім талайын.
Келгенінше әлімнің,
Батыр, сізге жағайын.
Ірі малың баға алман,
Жөндеп жабу жаба алман.
Үй айнала оттайтын,
Түс болғанда тоқтайтын,
Қозы-мозы бағайын.
Баланы қатын сынап тұр,
Сөзін естіп Құбығұлдың
Ханымы ханның жылап тұр.
Бір бәленің боларын
Залым қатын сезіп тұр.
Қатын залым сынапты,
Хан жалдаймын дегенде
Шын еңіреп жылапты.
Келбеті келген келісті
Құбығұл бала сияқты.
Әділбай жетім сөзін қабыл көрді,
Бағуға сонда қозы ерік берді.
Алама киім киіп, таяқ алып,
Қозының сонда бала соңына ерді.
Жас бала таяқ алып қозы бақты,
Алаңсыз баққан малдың бабын тапты.
Айнала жанып тұрған ыссы күнде
Қозыны үш қайтара суға жапты.
Күн ыссы талай шөлдеп, таңдай қатты,
Көрмеген мұндай қорлық ешбір затты.
Өзінің тура істеген қызметі,
Ақылмен Әділбайдай ханға жақты.
Арадан неше талай күндер өтті,
Хабар жоқ ғашығынан, жүдеп кетті.
Салпылдап көп қозының соңында жүр,
Ажар жоқ, қатқан қабақ, жүдеп кетті.
Құбығұл ақыл ойлады-ай,
Ойласа ойға тоймайды-ай.
Қатты жүдеп тарығып,
Мойны болды ырғайдай,
Жүдеушілік зарпынан
Биті болды торғайдай.