Құбығұл (24-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу
—Неғылғаның, Ақбілек,
Ерге қайғы салғаның.
Атың әйел, нашарсың,
Мұнша неге зарладың?!
Өлімменен тең болар
Қашып кетіп қалмақтан,
Елге аман барғаным.
Жаудан аумас маңдайым,
Жүр деп тілек тілеме,
Бұл тіліңді алмаймын.
Жаудан қашып кеткендей,
Ақбілек, мен қандаймын.
Сенің тіліңді алғаным,
Ойласам, маған сын шығар,
Ер басыма мін шығар.
Ұрысуға бұл жауға
Болдым қатты ынтызар.
Араласып әскермен,
Соғысқа болдым шын құмар.
Атың әйел, нашарсың,
Көрінбей жауға тасамен
Астына жалдың бара бер,
Менің тілімді ала бер.
Қайрат қысқан едім ер,
Төркінің мен досыңның
Соғысқанын сырттан көр.
Қайғыланбай, Ақбілек,
Енді маған рұқсат бер!
Ақбілектің батырға
Айтуға жоқ амалы,
Іші оттай жанады,
Құбығұл мұнда қалады.
Көзінің жасы бұршақтап
Ақбілек кетіп барады.
Қайрылып тұрып сөйлейді:
—Ғашық болып қосылған,
Алған ерім сен едің,
Сүйікті құшқан, алғаның
Ақбілек ару мен едім.
Жаудан аман құтылып,
Елге жетсек деп едім.
Айтқанымды қылмадың,
Ұрыспай жауға тынбадың.
Қанша тілек тіледім,
Майыспадың, сынбадың.
Арыздасып нетейін,
Жамандық болса егерде,
Жолдасың болсын иманың.
Аман келсең бұл жаудан,
Мен садаға, құрбаның.
Тіл алмадың, амал жоқ,
Тоқтатуға заман жоқ.
Есепсіз, сансыз жаулар көп,
Көңілімдегі сөзімді
Айтып едім тоқтар деп.
Заман қандай, түр қандай,
Алдыңдағы күн қандай.
Қош аман бол, жолдасым,
Арыздасып қоштастым
Қеңшілікте тұрғандай!—
Деді дағы Ақбілек,
Жүре берді жөніне.
Жыраға атты арқандап,
Қарауыл қарап отырды
Бозбелес жалдың белінде.
Құбығұл батыр жалғыз тұр,
Қолында туы жалбырап,
Отты көзі жаудырап,
Ашу қысып жайнайды
Екі беті албырап.
Таланым қалай болар деп
Көрген соң жауды қуанып,
Жолдасы жоқ қасында,
Қолға тұрды ту алып.
Жердің жүзі жыбырлап,
Шықты жау да шұбалып.
Қуғыншы жау—сансыз көп,
Көп әскердің басшысы—
Ту ұстаған Әділбек.
Жауға кекті бермеген,
Қашаннан нәсіл тұқым тек.
Ішінен батыр ойлайды,
Шығарса деп жекпе-жек.
Ақбілектей аруды
Көрсетпей жауға асырды,
Бозбелес тауға қашырды,
Жау жақындап келгенде
Құбығұл бала ақырды,
«Жекпе-жек» деп шақырды.
Қуғыншының қалың жау
Сөзге тоқтап тұрады,
Жекпе-жекке қалмақтан
Қарасбек батыр шығады.
Жекпе-жек деп келісті,
Қашпа-қашпа десіпті,
Қарсыласа берісті,
Найзаменен салысты.
Қармақ болып қалысып,
Аударысып салысып,
Ат үстінен алысып,
Бір-біріне жабысып,
Балтаменен ұрысты.
Ұңғысынан сынысты,
Тастан қайтпас ақ семсер,
Шапқыласты қылышты.
Болат сауыт киген ер,
Бірін-бірі ала алмай,
Қатты ашуға күйген ер
Ат үстінен алысты.
Екеуінің жеделі
Бірін-бірі арбаған,
Батырларға намыс-ты.
Тартысқанда тіресіп,
Аттың белі талысты.
Түсе қалып атынан,
Белге шынжыр шалысты.
Күреске ерлер барысты,
Теуіп кеткен жерлерін
Жер ошақтай қазысты.
Күні-түні екі күн
Алысқанға болмады.
Алысумен жүргенде
Ұлтандары тозады.
Екеуі шаршап талысты,
Қатты шаршап қалысты,
Ер шаршамай неғылсын,
Екі күндей алысты.
Көрген адам қорқатын
Қарысбектің келбетін,
Бұрын жанның көрмеген
Ешкім мұндай бәндесін.
Қабағы түкті, жабылған,
Қарысбектің қашаннан
Ұрысқан жауы алынған.
Талай батыр алысып,
Жеңілген де, бағынған.
Талайдың күні тарылған
Айтулының өзі еді.
Садақпен атса, өтпеген,
Қылышпен шапса, кеспеген,
Адамның әлі жетпеген,
Кигені сауыт көк берен
Айласы қалмақ тағы артық,
Ақыл менен ой терең.
Екеуі тыныс алады,
Әділбек жақын барады.
—Қарысбек, неден тарылдың,
Қалай күштен арылдың?!
Неге басын кеспейсің
Атадан дұшпан залымның?!
—Әділбек батыр, пұрсат бер,
Пұрсат беріп азырақ,
Менің сөзім тыңдап көр.
Көңіліме кірді уайым,
Жаратпаймын ал, басшым,
Бұл дұшпанның сыңайын.
Қайтпас қайрат берен ер,
Қайтарды менің райым.