Құбығұл (4-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Кер маралдай керіліп,
Басуына ерініп,
Той дегенде серігіп,
Сауырдан шашы төгіліп,
Қос шашбауын тебініп,
Хор қызындай көрініп,
Құмырсқадай белі бар,
Қас сүрмелі көзі бар,
Сұлу, сымбат жүзі бар,
Қылаң кердей қылаңдап,
Ақ қайраңдай сылаңдап,
Нәзік белі бұраңдап,
Қиғаш қасы қиылып,
Қыз да келді ол тойға.
Орай жібек салынған,
Беті қызыл жалыннан,
Ару жандар неғылған
Әзілдесе құрбысы
Көріскенше сағынған.
Балдан тәтті сөзі бар,
Қас сүрмелі көзі бар.
Мысалы, самал секілді,
Әдемі сөз лебі бар,
Көрген асық болатын,
Көрсе, көзі тоятын,
Әзілдесіп сөйлессе,
Арман кетіп көңілден,
Қайғысын мүлде жоятын
Келіншек те келді ол тойға.
Шекелері тоқпақтай,
Жауырыны қақпақтай
Ұл да келді ол тойға.
Өзімдікі заман деп,
Кім таласар маған деп,
Өзінен бөтен өзгені
Бәрі менен жаман деп,
Өзгеден артық көңілім,
Жолдасым жақсы жаран деп,
Бай мен ханның баласы
Мырза да келді ол тойға.
Еркіменен жүрмеген,
Кеңшілікті білмеген,
Құл да келді ол тойға!
Иықтан қабы түспеген,
Қызыметін істеген,
Дәмді тамақ ішпеген
Күң де келді ол тойға.
Біліктіден сөз алған,
Ақыл сұрап жол алған
Шешен де келді ол тойға,
Ел бастаған білімді
Көсем де келді ол тойға.
Той көрмесе еріккен,
Тойды көрсе желіккен
Есер де келді ол тойға.
Сөзден шашу шашатын,
Халықтың көңілін ашатын,
Қалмай келді ақындар,
Тентек пенен сақилар,
Мүсәпір мен пақырлар,
Ақсақ пенен соқырлар,
Жиылып халық топырлар.
Және қалмай келіпті
Сары қарын қатындар.
Неше түрлі көп малды
Хан тойына арнаған,
Домбыра, қобыз шерітіп
Бақсылар да қалмаған.
Орта Ноғай елінен
Жан қалмады бармаған.
Сүрініп кетіп «көтек» деп,
Бірін-бірі жетектеп,
Бесікке салар кәдесін
Әлдекім алып кетед деп,
Күңкілдесіп өсектеп,
Кемпір де келді ол тойға.
Осындай қызық қылғызып,
Халқын қоймай жиғызып,
Ортадан балуан тұрғызып,
Үйдің аузын ашады,
Шелектеп алтын шашады,
Халық олжаға батады.
Тамам мерген жиылып
Алтын қабақ атады.
Алтын қабақ аттырды,
Ат бәйгесін шаптырды,
Риза етіп халықты
Қуандырып шат қылды.
Сапырулы сары қымыз
Келген жанды мас қылды.
Молда, қожа көп еді,
Ат қоятын жер еді,
Ат қоюға таласып,
Қожа менен молданың
Төбелесер жері еді.
Ат қоюға таласты,
Шариғаттың жолынан
Енді молда адасты.
Бір-біріне жол бермей,
Асаменен сабасты,
Құндақтаған баланың
Тұс-тұсынан қамасты,
Төбелесті, салысты,
Үй ішінде алысты,
Асаменен ұрысып,
Молдалар басын жарысты,
Басының қаны ағысты.
Уәли сұлтан ханына
Айтысуға барысты.
—Қожа, молдам сен едің,
Қайырлы ханың мен едім.
Дүние-малға таласып,
Ақылыңнан адасып,
Төбелескен нең еді?!
Қуанышты күнімде
Бәріңді бірдей көремін,
Сан жетпейтін малымды
Қолымнан санап бөлемін,
Шашуы үшін баламның
Дүние малды беремін,
Жақсың менен жаманың—
Бәріңді бірдей көремін.
Ізетпенен келіңдер,
Шашуымды беремін.
Зарығып көрген бала үшін
Дәулетімді жоямын,
Тірі болса жалғызым,
Дүние-малға тоямын,
Шашуымды алыңдар,
Өзім атын қоямын.