Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (17-бөлім)
Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу
Бұл дарияға жолғасты,
Тұлпарға қамшы бір басты.
Артына әйел мінгесті,
Киіктей сұлу Гүлсары ат
Бір аяғы жер басты,
Бір аяғы су басты,
Кете жаздап дарияға,
Зарлық батыр бір састы.
Ол дариядан өтеді,
Өтіп алып кетеді.
Күлмес ханның үйіне
Құралай, Зарлық жетеді.
Кедейлер тігер кепесін,
Ақсақал жейді шекесін.
Ұзын сөзді қысқартып,
Енді айталық төтесін.
Отыз күн ұдай ойын қып,
Қырық күн ұдай тойын қып,
Құралайды Зарлыққа
Молдалар қиды некесін.
Әлқисса, Зарлық хан ойын-күлкіменен жата берді.
Күндерде бір күн Мұңлық Зарлықтың түсіне кіріп: «Ей, аға, мені ұмыттың ба?» дейді. Анда Зарлық «аһ» тартып, оянып айтты:—Ей, Құралай, мен қайтамын. Менің қарындасым иесіз тауда жүр еді,—дейді. Құралай қыз атасына хабар береді:
—Зарлық қайтам дейді, мені қалдырмасын,—дейді.
Анда атасы Күлмес хан іші алтын, сырты күміс алты қанат ақ орда береді. Екі мың қой, бір мың жылқы, он күң, он құл, он отаумен көшіріп жөнелтеді, Зарлыққа Гүлсары атын берді. «Қош» деп риза қылып, жарым жолға шығарып салды.
Бұлар неше медет жол жүріп, Шөгірлінің тауына келеді.
Анда Зарлық жақсы таза киімдер алып, ілгері қарындасына ұзап кетті. Баяғы орнына келсе, Мұңлық жоқ екен. Қайда екенін біле алмай Зарлықтың жоқтап жылағаны:
—Ай, көзден аққан қанды жас,
Сарсаң болды ғазиз бас,
Басқа бейнет түскенде,
Ақылдасым, сырласым,
Бірге өскен мұңдасым,
Көкең келді сағынып,
Қайдасың, Мұңлық, жолдасым?!
Шаруа тігер шайласын,
Пақырлар қылар пайдасын.
Ізіңді жерден таба алмай,
Құртты көкең айласын.
Көкең келді сағынып,
Қарағым, Мұңлық, қайдасың?!
Аллаға көп-дүр қылығым,
Қылмадым түзу құлдығын.
Көкең келді сағынып,
Жүрегі оттай қабынып.
Қайдасың, қалқам, Мұңлығым?!
Әлқисса, анда Мұңлық мыстан кемпірден қорқып, басқа бір берік жерден мекен қылған еді. Ағасының дауысын естіп, айқай салып келіп, құшақтай алып көрісіп тұрып айтқаны:
—Келдің бе, көке, жаңадан,
Өткенсін терең сулардан.
Көкежан, өзің кеткелі
Кетпеді аузым тәубадан,
Кетпеді қолым жағадан.
Білмедің, көке, қызықпен,
Бір жыл өтті арадан.
Келдің бе, аға—қорғаным,
Асыл туған, сұңқарым.
Жұрт егесі, сұлтаным,
Жаяулықпен кетіп ең,
Құтты болсын, жан көке,
Астыңа мінген тұлпарың.
Болды ма қабыл сұрағым,
Жолдың көрдің жырағын.
Құтты болсын, жан көке,
Астыңа мінген пырағың.
Болды қабыл сұрағым,
Бұл барғаннан, барғаның,
Күлмес хан елін алғаның.
Елін қырып, жан көке,
[Басына] қайғы салғаның.
Бейшара болған Мұңлықты
Сонда есіңе алмадың.
Қайрылып, көке, келмедің,
Мұңлығым қалды демедің.
Дұшпаннан қорқып күтініп,
Әсте уайым жемедің.
Құралайды ап кеткен
Қарадәуді іздедің.
Жолға түсіп есілдің,
Қайратқа сеніп есірдің.
Қарадәудің қолында
Біраз ғана қысылдың.
Бейшара болған Мұңлықты
Сонда да есіңе алмадың.
Жиһаннан асты өрнегің,
Талай бейнет көргенің,
Қарадәуді өлтіріп,
Қазасын оның бергенің.
Құралаймен мінгесіп,
Дарияға жетіп келгенің.
Бейшара болған Мұңлықты
Сонда да есіңе алмадың.