Құбығұл (16-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Айтқан тілді ал,—дейді,
Көтеріңкі көңілім,
Қырға салған бақшасы
Жемісті сайға бар,—дейді,
Қарағым, тілім ал,—дейді,
Айтқаныма көн,—дейді,
Ақбілек сұлу тең,—дейді.
Ертең сәске болғанда
Ақбілектей сұлуды
Апарайын мен,—дейді.
Жемісті сай бақшадан,
Шырағым, күтіп тұр,—дейді.
Орындармын тілекті,
Ертеңге кестім сүректі,
Шамам келсе, амалмен
Апарам алдап Білекті.
Не болғанын білмеймін,
Айдан сұлу Ақбілек
Бұрынғыдан жүдепті.
Қосармын сені теңіңе,
Құбығұл батыр, әбден нан
Күң шешеңнің сөзіне.
Жемісті сайдың бойында,
Ертең түсте қосармын,
Ертіп алдап апарып
Ғашық болған теңіңе.
Күң тілін Құбығұл ер алмақ болды,
Амалдап қызды ертіп бармақ болды.
Ойлады неғылса да барайын деп,
Бұл күңнің уәдесі салмақ болды.
Сол күңмен ер Құбығұл уәде етті,
Байласып уәдені күң де кетті.
Ерге етті сол қара күң қызметті,
Күн батып, қараңғылық түн де жетті.
Қара күң айламенен амал етті,
Сұлуға Ақбілек қыз ұйқы жетті.
Ұйқы жоқ күң ақылды ойлап отыр,
Ауады түн ортасы, таң да жетті.
Төбеден жұлдыз ауады,
Таң сімері жауады.
Ақбілек ару сұлудың
Мазасын күң алады.
—Айласы көп саналы,
Күң де болсам, жолдасың
Қасыңдағы мен,—деді,
Тілейтұғын тілек бар,
Тілегімді бер,—деді.
Осы сапар қасыма
Жолдас болып ер,—деді.
Жемісті сайда алма ағаш
Пісіп тұрған секілді,
Миуадан жеміс тер,—деді.
Шын тілеймін тілекті,
Тілегімді бер,—деді.
Білекте болар даналық,
Көңілімде жоқ қаралық,
Ішімде жоқ алалық,
Жемісті сайға баралық,
Ағаштан алма қағалық.
Ермеймін деп, қарағым,
Ете көрме балалық.
Ақбілек, сенде төрелік,
Жолдастыққа сенелік,
Қарағым, маған ерелік,
Жемісті теріп бақшадан,
Көтеріп көңіл келелік.
Қызмет еттім мен,—деді,
Бір сапар маған ер,—деді,
Мәуеден миуа тер,—деді.
Өтінемін, қарағым,
Салтанатпен, сәнменен
Бақшадан миуа тер,—деді.
—Жолдасым, күңім сен едің,
Хан ханшасы мен едім.
Саған қалай еремін,
Аяғым қадам баспаған,
Ата-анам бағып сақтаған.
Қыз да болсам, қарағым
Бағыңда тұрған мен едім.
Әкем бағып сақтаған,
Жаяу жерді баспаған,
Жаяу жүріп баратын
Мен емеспін ақ табан.
Жемісті сайың құрысын,
Жүр дегенге бармаймын,
Айтқан тіліңді алмаймын.
Сенің тілің алғандай,
Қараша күңім, қандаймын?!
Бағымда жазған сертім бар,
Мен сертімнен танбаймын.
Тіпті, саған сенбеймін,
Айтқаныңа көнбеймін.
Жемісті сайың құрысын,
Бақшадан жеміс термеймін.
Ұйқымды бұзып, қара күң,
Ала берме мазамды.
Бағымда жатқан ханшамын
Еш көрмеген адамды.
Егер барсам бақшаға,
Сонда жүрген қалмақтар
Алар менің мазамды.
—Олай десең, шырағым,
Есебін өзім табайын.
Еш адамға көрсетпей,
Амалдап алып барайын.
Жыныс ағаш ішіне,
Шырағым, сені жіберіп,
Қарауыл өзім қарайын.
Уәде саған берейін,
Бір сапар ет мерейім.
Еш адамға көрсетпей,
Кешке алып келейін.
Азаттық, кеңдік көрмедім,
Уайым айтып сөйледім.
Бір тілегім бермедің,
Бір сапарға ермедің,
Бақшадан жеміс термедің.
Тілегімді берместей,
Жек көрген күңің мен бе едім.
Өтінішім көрсейші,
Бір сапарға ерсейші,
Миуадан жеміс терсейші.
Еш адамға көрсетпен,
Шырағым, маған сенсейші.