Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық (16-бөлім)
Көне эпос · Ж. Шайхысламұлы басылымы (Қазан, 1896) · 2 мин оқу
Қарадәуді сүйретіп,
Дүрілдетіп келеді.
Ылдидан төмен құлатып,
Зырылдатып келеді.
Бәдәнін тасқа қақтырып,
Пырылдатып келеді.
Жүрегін тасқа қақтырып,
Пырылдатып келеді.
Төбет иттей ыржитып,
Ырылдатып келеді.
Соғып тасқа денесін,
Дырылдатып келеді.
Қарадәудің торғайын
Шырылдатып келеді.
Сүйретті дәуді далаға,
Тас тығылды шараға.
Жалынды сонда Қарадәу
Зарлық хандай балаға:
—Бір іс қылдың, жас бала,
Бұрынғы өткен мәрттейін,
Қаптаған қара өрттейін.
Бір көтертші басымды,
Айналайын, жан бала,
Арманда өліп кетпейін.
Айналайын, жан бала,
Қалмады менде ақыл-ай,
Құрыды халім, тақсыр-ай,
Бір мұштымдай баланың
Күшті еді қандай тақымы-ай.
Арманда өліп барамын,
Дүниеден кеттім ақыры-ай.
Көтере алмай басымды,
Кеттім бе енді қапыл-ай!
Жұдырықтай баланы
Тоқтата алмай барамын,
Не болды маған, япыр-ай!
Дүниенің білдім жалғанын,
Көтердім Алла салғанын,
Тістеулі кетті бармағым.
Көтере алмай басымды,
Ішімде кетті арманым.
Бір мұштымдай баланы
Тоқтата алмай барамын,
Қай жаққа кетті салмағым.
Айналайын, қарағым,
Жаныма қатты батқан соң,
Көзімнен ақты бұлағым.
Тақымға салып сүйретіп,
Болдым ба көкпар лағың.
Мен де өзіңдей ер едім,
Ерге серік шер едім.
Жетті хәлім өлімге,
Бір көтерші басымды.
Не тілесең берейін,
Айналайын, шырағым.
Әлқисса, анда Қарадәудің етінен еш нәрсе қалмай парапара болған соң, «емді өлмегенде не жаны қалды» деп босатты. Қорқырап біраз жатып, есін жиып алып, басын көтеріп, баланы көріп түрегеліп алыса берді.
Тұра келіп қағысты,
Жағаласып алысты.
Қарсы шеңгел салысты,
Атаңа лағынет Қарадәу
Енді ойлады намысты.
Бір уақыттар болғанда
Зарлық хандай баланың
Бақайшағы майысты,
Қабырғасы қайысты.
Айдаһардай ысқырып,
Балықтайын бұлқысты.
Жас баланың басына
Қиын-қыстау іс түсті.
Жығыларға ептеліп,
Аяқтары сандалып,
Зарлықхан батыр сол шақта
Қарадәуден бек састы.
—Мендей ғаріп құлыңның,
Ал, ұсындық, қолын ал.
Сүйегім менің болды сал,
Қуат кетіп тәнімнен,
Қалмады менде зәрре хал!
Бір медет берер күнің-ді,
Жаратқан Қадір Зұлжалал.
Тілімде көп-дүр қатамыз,
Дін үшін жанды сатамыз.
Мен перзентің қысылды,
Хазірет Адам атамыз.
Мұнда көрдім машақат,
Машақат көрдім мен бейхад.
Бұ сондай сасқан уақтымда,
Иә, Расул, қыл шапағат.
Жетім болдым әуел бастан,
Талай бейнет көрдім жастан.
Мүсәпір қылып Құдайым,
Қорлық көрдім талай істен.
Бір медет берер күнің-ді,
Әбубәкір, Омар, Оспан.
Әлқисса, Зарлық батыр дәудің басын кесіп, ернін тесіп ағашқа басын асып, Гүлсары атқа мініп қайтадан салып жетіп Құралайға келеді. Анда Зарлықтан қыз сауға сұрады.
«Құп, дәуді өлтірдім» деп, Құралайды мінгестіріп алып жөнеле береді.
Бәрекелді, жігіттер,
Зарлық хан қылған санатқа,
Мұндай қылған қайратқа.
Құралай мен Зарлық хан
Мінгесті бұлар бір атқа.
Басын жолға салады,
Тұлпардан туған Гүлсары ат
Сүмбідей болып жарады,
Мінгесіп алып кетеді,
Неше белден өтеді.
Баяғы көрген дарияға
Мінгесіп келіп жетеді.