Құбығұл (6-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
—«Түс—түлкінің боғы» еді,
Сені көрмей жүргенде
Көкірек шерлі, қайғылы,
Ішім жалын шоқ еді.
Түсіңде көрген сұлудан
Еш хабарым жоқ еді.
Қорлық көріп халқымнан,
Жылауменен шерлендім.
Зарығып, шаршап, тарығып
Қартайғанда көргенмін.
Жеті жасар күніңде
Түске азып, неге желдендің?
Түске алданба, шырағым,
Сені көрмей тұрғанда
Мазасыз еді құлағым.
Ғайып түске алданып,
Менен бұйым сұрадың.
Қол астымды жияйын,
Халқымнан сұрайын.
Сен дүниеге келген соң,
Ашылды жүз бен шырайым.
Тарығып көрген жалғызым,
Қатты айтсам, қайтар райың.
Хабарын білсе сұлудың,
Халқымнан оны сұрайын.
Осы бүгін қайта тұр,
Ертең баян қылайын.
Бала алданып барады,
Әкесінің бұл сөзі
Баласына жағады,
Келер кешке болғанда
Кеше көрген сұлу қыз
Тынымын тағы алады:
—Хан баласы сен,—дейді,
Ханның қызы мен,—дейді,
Жеделсіз жаман болдың ба,
Желікпеген нең,—дейді.
Жеделді туған ер болсаң,
Алыстан іздеп кел,—дейді.
Ғашықтықтан сарғайдым,
Қолыңнан ұшын бер,—дейді.
Толықсып тұрған жасымда,
Қайғысы ғашық басымда,
Ұйқыға көзім ілінсе,
Тұрасың, досым, қасымда.
Жеделді туған жан досым,
Қайғыға мені батырма,
Іздегені жолында
Жедел еткен батырға.
Тағы ұйқыдан тұрады,
Ғашықтан іші қызады,
Елең-алаң уақытта
Ордада жатқан қартының
Қасына келіп тұрады.
—Жалғыз балам сен едің,
Қуанышты әкең мен едім,
Мезгілсіз келген нең еді?
Жұмысыңның айтып бер
Кәрі әкеңе себебін.
—Қайғымды айтам мен,—деді,
Сүйеніш бабам сен,—деді.
Кеше көрген сұлу қыз
Тағы тыным бермеді.
Кешегі айтқан сөз,—деді,
Ғашығымның хабарын
Хан әке, айтып бер,—деді.
—Елге хабар салғанмын,
Халқымды жиып алғанмын,
Халқым хабар білмеді.
Не екенін біле алмай
Аң-таң болып қалғанмын.
Қарғадай бала күніңде
Неге мұнша зарландың?
Қайғы салдың әкеңе,
Ой таба алмай сандалдым.
Сағынып көрген шырағым,
Әкеңе ақыл саларсың.
Түске алданба, Құбығұл,
Ержеткен күніңде
Теңіңді іздеп табарсың.
Астана ел халқыңнан
Қалаған қызды аларсың.
—Қабартпа, ата, көңілді,
Қалдырма ғашық зейінді,
Түсте ғашық, айтып бер
Сағынысқан теңімді.
Жеделімнен танбайын,
Өзге қызды алмаймын,
Түсімде көрген ғашықты
Іздемей, сірә, қалмаймын.
—Атаңның хандық бағы бар,
Бұл жеделің шын болса,
Қайғымен әкең тарығар.
Астана жұрт халықтан,
Жалғызым, теңің табылар.
Өксіп көрген жалғызым,
Тілімді алсаң не қылар!
—Әкем шынын айтпады,
Өтінем, анам, саған-ай!
Ғашықтың дерті жаман-ай,
Білгенің болса айтып бер,
Жалынып тұрған балаң-ай.
Түсте көрген тең құрбым
Тіпті есімнен кетпейді,
Іште ғашық жанады-ай.
Құбығұлдың шешесі
Шыдамайтын балаға,
Ананың, сірә, пешесі,
Айтылар сөздің төтесі,
Жалынып тұрған балаға
Айтылар шындық көшесі.
—Шырағым, менен сұрадың,
Сені көрмей тұрғанда
Талай өксіп жыладым.
Түсіңді байқап сынадым,
Сен туған соң, қарағым,
Кеткен менен уайым.
Әжекелеп өтіндің,
Шын айтпай не ғып, шыдайын.
Қайта келмесе игі еді
Баяғы көрген уайым.
Егер шынымды айтпасам,
Қайтады маған райың.
Түсіңде көрген сұлуды,
Қарағым, баян қылайын: