Құбығұл (13-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Айттым сырмен барымды,
Қалмаққа бермен арыңды.
Ақырында құшарсың
Ақбілек ханша қосағың,
Жолдас болар жарыңды.
Қарттың тілін алады,
Қару-жарақ, киімді
Ат үстіне таңады.
Бір шоқ қыл жұлып құйрықтан
Қалтасына салады.
Алама киім жыртықты
Құбығұл іздеп табады.
Атасына атты тапсырып,
Әділбайдың ордаға
Пақырлықтың жолымен
Құбығұл кетіп барады.
Ақсақал қорған азамат,
Тұлпарды да қазанат,
Қару, киім—бәрін де
Тапсырды қартқа аманат.
Шалыменен қоштасып
Құбығұл кетіп барады.
Әділбайдың ордасын
Сұраумен іздеп табады.
Қайыршы болып жас бала
Хан үйіне барады.
Лұқсат сұрап келеді,
Тақ үстінде сол ханға
Келіп сәлем береді.
Жас баланы көрген соң
Арызыңды айт деп еді.
Сонда ханның айтқаны:
—Қалмақта көзге түспеген
Қайдан жүрген баласың,
Қайда кетіп барасың?
Өтірік қоспай сөзіңе,
Расын айт, расын.
Тәуір екен сияғың,
Жұмысыңды сұрадым,
Қайдан жүрсің, шырағым,
Арыз айта келдің бе,
Арман мен не мұрадың?
—Ата, тыңда арызым,
Мен, мен едім, мен едім,
Ата менен анадан
Жетім қалған кем едім.
Қайыры жоқ халқымның,
Сол себепті қайырлы
Сізге жетсем деп едім.
Паналатсаң егерде,
Сізден қайыр көремін.
Жаста жетім қалыппын,
Кемшіліктен тарықтым,
Қайырлы деп, ей, ханым,
Сізден хабар алыппын.
Жеткенімше асығып,
Шаршап жолда шалдықтым.
Халқымның кәрісі,
Ақсақалдың бәрісі:
«Бүйтіп жүрме, шырағым,
Қалмақ деген халықта
Әділбай деген хан» деді.
«Әрі батыр паң» деді,
«Әр керектің бәрі сай,
Есепсіз дәулет мал» деді.
«Мүсәпір мен пақырға
Қайыры көп жан» деді.
«Әділбайға бар» деді,
«Айтқан тілді ал» деді.
Даңқыңды естіп алыстан
Іздеп сені келемін,
Мүсәпір, пақыр, кем едім,
Іздегенім сен едің.
Менің жайым осылай,
Нашарға тисе себебің.
—Ер жетпеген баласың,
Қатпаған, балам, шаласың.
Қорғайын да қоршайын,
Маған қалай жағасың?
Ханың менен ханымның
Қалайша көңілін табасың?
Қызмет ете келіпсің,
Нешік малды бағасың?
—Шамам келсе, ата, жағайын,
Жетіммін рас, талайым.
Ірі малды баға алман,
Шаруа жөнін таба алман,
Ауылға жақын оттайтын,
Түс болғанда тоқтайтын,
Қозы-мозы бағайын.
Жас бала сөзге зерек тақ-тақ болды,
Сол ханға бала қозы бақпақ болды.
Баланың ақыл менен айласы көп,
Алдында Әділбайды мақтап болды.
—Жас бала, маған әбден жақ,—деп айтты,
Шырағым, шаруа күйін тап,—деп айтты.
Берейін тілегіңді енді, балам,
Ұлықсат, енді қозы бақ,—деп айтты.
Әділбайдың қатыны
Сыншы еді тұқым-нәсілі,
Артық еді ақылы.
Айтылар шындық мақұлы,
Сынаудың жоқ ғапылы.
—Әй, Әділбай, Әділбай,
Үйге келген бәлені
Жалдаймын деген нең,—деді,
Жалдай көрме сен,—деді.
Келбетіне қарасам,
Келісті туған ер,—деді.
Сияғына көз салсам,
Қайтпайтын жаудан шер,—деді.
Бұл бәлені жалдасаң,
Бөрідей сілкіп жер,—деді.
Келбетіне қарасам,
Келімді туған ер екен.
Сияғына көз салсам,
Айтулы ердің өзі екен.
Жетіммін деп тұрғаны
Сені алдаған сөзі екен.
Сымбатына қарасам,
Хан баласы бек екен,
Айла, ақылы көп екен.
Мүсәпір болып ақылмен
Алдыңа сенің келген-ді.
Жаратпаймын сияғын,
Қиындық бізге төнген-ді.