Құбығұл (21-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Қайтуға болды талабым,
Өзім тұлпар табамын.
Қалмақты шаппай сау тастап,
Елге не деп барамын.
Құбығұл мен Ақбілек жүрерінде қасындағы қырық қызға «бізді жақсы көргендерің, еріңдер» дейді. Сонда қырық қыз айтады:
—Біз сендердің жолдарыңызға шырмау болармыз. Сендердің амандықтарыңызға тілектеспіз, біз сіздерден садақа. Сендерге келген сөз болса, осыдан күттік,—деп ермей, қош айтысып қалады. Енді жүруге таянғанда Құбығұл тұлпарын шақырады:
Қалтадағы бір шоқ қыл
Батыр қолға алады,
Атасының айтқан сөз,
Қылды өртеп жағады.
Ағашта жатқан тұлпарға
Қоңырсы қылдың иісі
Мұрнына барады.
Иісін біліп жануар,
Оқыранып шабады.
Адамнан есті жануар
Иесін іздеп барады.
Жал-құйрығы төгілген,
Жыныс ағаш ішінде
Жалғыз жүріп семірген,
Күйіне түсіп бұл тұлпар,
Төрт тұяғын тебінген.
Иесін танып елірген,
Оқыранып тағы да
Ұсынып мойнын берілген.
Қаруларын таңдаған,
Таңған күйден аумаған,
Арқасын жерге салмаған.
Үстімде жүгім ауыр деп,
Аяқ, төсін, бауырын,
Жерге төсеп, аунаған.
Болат тұяқ тұлпардың
Көзі оттай жайнаған.
Атқа мініп алады,
Ғашық жары Ақбілек,
Құбығұл тағы барады.
«Атты қайдан тапты» деп,
«Қайда атын бақты» деп,
Ақбілек аң-таң қалады.
Ақбілекке келіпті,
Қайтуға батыр желікті.
Жолдас қызға Ақбілек
Кезек-кезек көрісті.
Ырзаласып қоштасып,
Ұлықсат бәрі берісті.
Ат баққан жәмшік ішінен
Ақбілек тұлпар таңдады.
Көк тұлпарды өзіне
Лайықтап, оңдады.
Ақбілек жүген сұққанда,
Аузын ашып есінеп,
Көк тұлпар да паңданды.
Ақылы көп Ақбілек,
Ырымын аттың аңдады.
Жолыма ырым болды-ау деп,
Сапарым болар оңды-ау деп,
Атқа тоқым салады,
Ерді ерттеп алады.
Ат үстіне Ақбілек
Асыл киім таңады.
Қош айтысып қыздармен
Күңді қасқа алады,
Қыз ордада қалады.
—Басшы болған жолдасым,
Елік сүт берген сен едің,
Ақбілегің мен едім,
Жемісті сайдың бойында
Ғашыққа тиген себебің.
Еліне жаудың тастамай,
Алып кетсем деп едім.
Сен де тұлпар мін,—деді,
Асыл киім ки,—деді,
Әрі досым, басшымсың,
Бізбен бірге жүр,—деді.
—Жұлдыздың шықтың оңына,
Айналайын Ақбілек,
Мені жаудан қорыма.
Тілеуің едім, шырағым,
Мен ермей-ақ қояйын,
Болмасын кесел жолыңа.
Мен қалайын қалада,
Мені жаудан аяма.
Сен екеуің сау кетсең,
Болайын, пәлі-ай, садаға.
Ақбілек мұны қимады,
Құрметін бек сыйлады.
Жолдасын қимай жылаумен
Көзінің жасын тыймады.
Қара күңді қия алмай,
Көрісіп қайта жылады.
Амандасып, қоштасып,
Енді екеуі шығады.
Астындағы атына
Орай қамшы ұрады.
Тартпа қиып кетер деп
Бауырға жібек орады.
Түн ортасы толады,
Теңгелікке барады,
Екі ғашық шырақтың
Қабыл екен тілегі.
Өткізбейтін терең су
Бұларға өткел болады,
Қайраң өткел табады.
Өткелден өтіп қуанып,
Екеуі кетіп барады.
Әділбайдың қатыны
Сыншы еді тұқымы, нәсілі.
Әйелдің білгіш мақұлы,
Байынан артық ақылы.
Көрген түстен жасыды,
Сол күні көрген түсінде:
Ақ иық бүркіт төнеді,
Ардақтаған аққуды
Көп аққудың ішінен
Іліп алып жөнеді.
Осы түсті көреді,
Түстің қалай себебі?