Құбығұл (5-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Хан тілегі болған жер,
Қызығы үшін баланың
Дүние малды сойған жер,
Пірі атап берген соң,
Құбығұл атын қойған жер.
Көп дәулетті бөліпті,
Қожа менен молдаға
Бірдей бөліп беріпті.
Мүсәпір, пақыр, нашарлар,
Жиып алып баршасын,
Бірдей бөліп беріпті.
Халықтан бата алады,
Ел батасын қағады,
Міскін, пақыр, нашарлар
Байып кетіп барады.
Бесікке салар жер болды,
Бұ да талас сөз болды.
Әр атаның ұлынан
Сансыз кемпір кез болды.
Бесікке салар жолына
Үлкен талас сөз болды,
Бұ да шатақ жер болды.
Кемпірлер сонда таласты,
Дүние үшін таласып,
Кемпірлер жолдан адасты.
Бірқатары қолға алды
Жерден көсеу ағашты,
Көсеуменен сабасты.
Бастарынан қан ақты,
Төбелесті салысты,
Бір-біріне жабысты.
Кең сарайдың ішінде
Сансыз кемпір алысты.
Опыр-топыр жығылып,
Талайлары талыпты.
Амалы көп бір қатын,
Өзі жесір тұл қатын,
Амалы асқан сұм қатын,
Айласы көп қу қатын,
Төбелестің ішінде
Сол балаға барыпты.
Құндақтаған баланы
Ептеп ұстап алыпты.
Ұлықсат сұрап анадан,
Баланы сұрап алыпты,
Сол бесікке салыпты,
Дым бітпеген қу қатын
Шала байып қалыпты.
Мереке, тойын өткізіп,
Көңілі патша тасқандай,
Қуаныш өршіп аспандай,
Шашуменен тарқасып,
Олжаға халық мақтанды-ай.
Перзенті Құбығұл
Қырқынан шығып күледі.
Қуанышқа толады
Ата-ананың жүрегі.
Көңілінде арман жоқ,
Әке менен шешесі
Перзентін сүйеді.
Дөңгелек жүзді көрікті,
Бірге жасы келіпті.
Зарығып көрген Уәли
Осындай қызық көріпті,
Екі жаста жүріпті.
Қадырлы ханның баласын
Халқы қалап сүйіпті.
Сияғына қарасаң,
Құбығұл бала сүйікті.
Үш пенен төртке келіпті,
Ата менен анасы
Ермек етіп желікті.
Көңілінде қайғы жоқ,
Қуаныш заман көріпті.
Бес пен алты жасында
Бала ойлайды ақылды,
Қанша ерке болса да,
Тентек емес мақұл-ды.
Қызығымен баланың
Ата менен анасы
Мырзалығын асырды.
Кем-кетік келсе үйіне,
Қайырым деп қолынан
Күнде берер шашуды.
Қонақтан бойын тартпайды,
Есігі күнде ашулы.
Жетіге келген шағында
Ат жақсысын мінеді,
Сәнді киім киеді,
Хан мақсаты орынды,
Қабыл болған тілегі.
Ардақты ханның баласы
Көркем сөзді, көрікті.
Ұйықтап жатса түсінде
Бір сұлу қыз көріпті.
Қасына ару келіпті,
Келе сөйлей беріпті:
—Хан баласы сен едің,
Ханның қызы мен едім,
Сен болдың менің керегім,
Сен мұнда да, мен онда,
Түсіңде аян беремін.
Ғашық болдым, Құбығұл,
Дидарласып бас қосып,
Бір қосылсам деп едім.
Мен сендікпін, ей, батыр!
Уәдемді беремін.
Хан баласы сен,—дейді,
Ханның қызы мен,—дейді,
Ғашық болдым, Құбығұл,
Ер болсаң, іздеп кел,—дейді,
Ғашық көңіл асығыс,
Досым, іздеп кел,—дейді,
Жеделсіз шіркін болмасаң,
Қолыңның ұшын бер,—дейді,
Сен сұңқар да, мен аққу,
Әуселемді көр,—дейді.
Түсінен шошып оянып,
Әкесіне келіпті,
Көрген түске сеніпті.
Құбығұл бала желікті,
Түсін айта беріпті:
—Әке, түсті шын көрдім,
Ай мен күннен нұр көрдім,
Оң қолыма ұстаған
Жасыл ала ту көрдім,
Бүгін көрген түсімде
Айдан да сұлу қыз көрдім,
Ұялсам да, айтамын,
Осы түсті шын көрдім.
Көрген түсім жөн,—дейді,
Түске сендім мен,—дейді.
Түсіме кірген сұлудың
Мәнісін айтып бер,—дейді.