Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құбығұл (30-бөлім)

Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу

Ақбоз орда құлап тұр,
Бәйбіше өксіп жылап тұр,
Осы көрген қиын түс
Жамандыққа жорып тұр.
Тұр екен орда қаңырап,
Құлаған екен шаңырақ,
Солып тұр екен аңырап.
Әйелдің түсі сол болды,
Бұл түсінен қорқып,
Бәйбіше жылап қор болды.
Таң мезгілі болғанда
Түс аяғы оң болды.

Оң болғанның мәнісі,
Құлауға тұрған боз орда
Қалыбында тігіліп,
Боз орданың ішінде
Азамат отыр жиылып.
Келіп жатыр байтақ ел
Тұс-тұсынан құйылып,
Алдияр деп көп халық
Хан алдында келіп тұр.
Тақ үстінде көрісіп,
Халыққа қолын беріп тұр.
Қараса, халқы жиылып,
Бұқаралар төніп тұр.
Айтысқандарға Уәли
Төресін тура беріп тұр.

Бәйбіше еді әуелден,
Жалғызы кетіп жылаған,
Көз жасын төгіп бұлаған,
Тігілді орда құлаған.
Ақбоз орда ішіне
Асыл киім салулы,
Неше түрлі асыл зат
Үйде жайнап жаюлы.
Жаңа көрді бәйбіше,
Ілулі жанат ордада
Неше түрлі қаруды.

Бір жақсы түс білінді,
Керегенің басына
Сауыт, қару ілінді,
Көрген түсі бақ болды,
Ұлан жиын ел келіп,
Бәйбіше түске шат болды.
Айналасы орданың
Байланған бедеу ат болды.
Қуаныш түстен оянып,
Азамат басын құратты,
Халқына түсін сынатты.
Білімпаздың баршасын
Басын қосып сұрапты.

Осы түсті айтқан соң:
—Бұл қуану—ел бағы,
Ел тілегін берген-ді,
Ардақтысы халықтың
Құбығұл жақын келген-ді.
Құбығұл жауға кеткен соң
Көкірегің шерлі еді.
Қиядан келіп байланған,
Екі тұлпар ат көрсең,
Қуаныш пенен шат көрсең,
Халыққа қонған бақ көрсең,
Іздегенін Құбығұл
Жаудан алып келгені,
Ел тілегін бергені.
Қуаныш болар халыққа,
Қожа, молда, ақсақал,
Түзу жорып анықта.
Түстің жөні осылай,
Сынап, халық, парықта.
Қуаныш болды хан, ханым,
Бұрынғыдай қамықпа!

«Осы жору дұрыс»,—деп,
Халық қабыл алады.
Жақсылыққа баста деп,
Ақсақал бата қағады.
Халық тарап жатқанда-ақ
Қос тұлпармен жарысып,
Басыменен алысып,
Аузын ашып қарысып,
Құбығұл келіп қалады.
«Сүйінші!» деп патшаға
Көрген жандар барады.

Хан, ханымның қабыл-ды
Шын тілеген тілегі.
Қуанғаннан бұлардың
Жарылмады жүрегі.
Елі-жұртын жияды,
Садақа тойын қылады.
Жалғызы аман қосылып,
Орта ноғайлы халқының
Кемпір мен шал қартының
Еткен жер осы мұрадын.

Бұрынғы ала түлек озған заман,
Хикаят осылайша болған заман.
Әркімдер бет алдында, бет-бетінде,
Жоқ еді еш сүйеніш қорған заман.
Баласы Уәлидің Құбығұл ер,
Халқым, осылайша болды тамам.
Сөзімде кемдік болса, сөге көрме,
Білгенше тапқаны осы кәрі бабаң.

Тағы оқыңыз