Құбығұл (18-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 3 мин оқу
Алтын тонын жамылып,
Өрттей беті қабынып,
Қара күң алды билігін
Ақбілектің жалынып.
Күңге ерік берген соң,
Енді тұрсын нағылып.
Таң сімері болады,
Қырық қыз қосшы қасында,
Күңнің тілін алады,
Ордадан шығып барады.
Ақбілектей аруды
Ғашық болған еріне
Апару күңнің тілегі.
—Ханның қызы мен едім,
Өтініш еткен сен едің.
Қайда апарсаң, онда апар,
Саған билік беремін.
Миуадан жеміс теремін,
Қасымда қырық қызбенен
Көтеріп көңіл келемін.
Төбелдірік басымда,
Толықсып тұрған жасымда,
Не ойласаң, қара күң,
Ісің келер мақұлға.
Айтар сырың бар болса,
Менен тіпті жасырма.
Алтын шашқап шашымда,
Асыл телпек басымда,
Алтын кебіс аяқта,
Өзің бастап жүре бер,
Жемісті сайың қай жақта?
—Өле-өлгенше, Ақбілек,
Тілегіңді тілейін,
Мәуелі жеміс сайына
Тура бастап жүрейін.
Тура бастап жөнелді,
Ақыл менен амал көп,
Қара күң асқан өнерлі,
Рауан таң біліне
Жемісті сайдың бойына
Бастап келді ол енді.
Жүзім, жиде, алма бар,
Мұндай жеміс қайда бар?
Әуелден хан ектірген
Түрлі миуа сайда бар.
Бір жағынан қараса,
Мұнартқан биік тау да бар.
Бір жағынан көз салса,
Жылмиған жазық жайлауы
Шалғын шыққан кең өріс,
Мал жайлауға жай да бар.
Ұзақ малға өріс бар,
Қалың ағаш тегіс бар.
Неше түрлі жеміс бар,
Құрма менен өрік бар.
Қалың миуа ішіне
Қыздар кіріп барады,
Көп жемісті көрген соң,
Көңілдері ауады.
Ағаштан жеміс қағады,
Бұл жеміске алданып
Қайғысы кетті манағы.
Ойында жоқ ешнәрсе,
Жемісті жию талабы.
Уәде еткен сөзімен
Қасындағы қара күң
Еш адамға көрсетпей,
Қарауылдап бағады.
Қарауыл сырттан қарады,
Күн тал түске толады.
Бұл бақшадан ауады,
Бір бақшаға барады.
Қара күң бастап келеді,
Мұнан да жеміс тереді.
Қызға ғашық балаға
Қара күңнің уәдені
Байлаған берік жері еді.
Қыз бастаған күң еді,
Қалың шалғын ішінде
Ұйықтап жатқан ер еді.
Айламенен күңекең
Құбығұлды көргенде
«Көтек» деп қарғып жөнеді.
Айла-амалы көп еді,
Өп-өтірік шошыған
Күңекеңнің ебі еді.
Мұндай амал ойлаған
Күң ақылы терең-ді.
Құбығұл мен Білекті
Қауыштырар жер еді.
Тағы күңің сөйледі:
—Жолдас күңің мен,—деді,
Ардақты қызым сен,—деді.
Қапыда көрдік жас жанды,
Жауабыңды айтып бер
Кіммен сөзің бар еді,
Мына жатқан нең?—дейді.
—Қасымда басшы қара күң,
Бармаймын десем, болмадың,
Тіпті еркіме қоймадың,
Ұшыратып бәлеге,
Нешік қиял ойладың?
Анамдай баққан сен едің,
Ардақтаған қорғаным.
Келмеймін деп көп айттым,
Еркіме мені қоймадың.
Не, жақсы ма, жаман ба,
Өліп қалған адам ба,
Өкпесіне қолың сал,
Орындап сөзім тамамда.
Қыздың тілін алады,
Күңнің қалай амалы.
Ептеп басып барады,
Өкпеге қол салады.
Мұрнын шымшып баланың,
Төбетейін қағады.
Күңнің қалай амалы,
Мұрнын шымшып оятып,
«Көтек» деп қарғып барады.
Ақбілек көзін салады,
Алтынменен қаптаған
Алтын айдар сұлудың
Көзінің жауын алады.
Қыздың түсті назары,
Көңілі әбден ауады.
Сұлу жүзін көргенде
Ақылдан Білек танады.
Құбығұл сонда сөйледі:
—Қалмақтың күң мен қыздары,
Ұйқымды бұзба сен,—деді,
Оятқан мені нең,—деді.
Қалмақтардың күңдері
Меніменен тең бе еді?
Менің теңім сен емес,
Сенің теңің мен емес,
Ұйықтап жатқан жерімнен
Оятқаның жөн емес.
Жеделін берік тұтпаған,
Қажырлы туған ер емес.
Айтқанымның бәрі рас,
Келемеж ету жөн емес.