Құбығұл (25-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
Тірілігім болмаса,
Тұла бойдан әл кетті,
Ажар кетті, сән кетті,
Тұла бойға тараған
Күш беретін қан кетті.
Тірілігім болмаса,
Шаршап тұрмын мен,—депті,
Азырақ дем алуға,
Жолдасым, мұрсат бер,—депті.
Жаратпаймын сыңайын,
Осы дұшпан меңдетті.
—Сенің басшың мен едім,
Қайтпаған жаудан ер едің.
Сан жетпейтін жау болсын,
Жалғыз барам дер едің.
Жалғыз келген баладан
Тарыққан, батыр, нең,—деді.
Қорғанысың халықтың,
Екі күндей алыстың,
Жігері жоқ жамандай,
Шыны қорқақ адамдай,
Мұнша неге тарықтың?!
Талай жауға барғанда
Дұшпаныңды жаныштың.
Ер сыналар болды жер,
Талайды шапқан едің сен,
Көпке бар да, деміңді ал.
Осы дұшпан жауменен
Ұрысамын, маған бер.
Сынықтық көрді бұл жауды
Әділбекке беруге,
Не болса да ойлады
Маңдайынан көруге.
Бергенім сынық болар деп,
Риза болды өлуге.
Ер жеделі намысты,
Арланғаны анық-ты.
Ашу қысып ақырып,
Құбығұлға барысты.
Бір-біріне жабысып,
Екі батыр алысты.
Қайрауы жеткен қайсар ер,
Құбығұл атты еріңді
Көтеріп келіп алыпты.
Айландырып, үйіріп,
Қара тастың үстіне
Батыр сілтеп қалыпты.
Екі аяғы сарт етіп
Қара тасты жарыпты.
Шың үстінде қара тас
Талқан болып қалыпты.
Самұрық ұшты қиядан,
Үш түлеген жануар
Түлеп ұшқан ұядан.
Қанатын сулап қағады,
Оңтүстіктен келді де,
Қалықтап ұшып төмендеп,
Құбығұлды арқаға
Оң қанатпен салады.
Баланың кіріп ажары,
Тасиды күші, қажыры.
Қарысбекпен алысып
Күркіреген күндей-ақ,
Күңіреніп көтерді,
Үйіріп келіп алады.
Мұны тастың үстіне
Шалқасынан салады.
Ақ қанжарын суырып,
Қақ жүректен салады.
Көтеріп салып санатын,
Жеткізді жауға қазаны.
Қарысбек сынды батырдың
Сол жерде жетті ажалы.
Туысына шыдамай
Сансыз қолдың ішінен
Әділбек батыр шабады.
Жекпе-жек майдан жеріне
Әділбек батыр ақырып,
Қару-құрал бәрі сай,
Жекпе-жекке барады.
[Құбығұлдай еріңіз]
Шығарды қайрат, қажырды.
Әділбекті көргенде,
Жәрдем беріп бабасы,
Нұрланыпты ажары.
Келген жерден қағысты,
Ауыр батпан шоқпармен
Әділбек кезек алыпты.
Өлер жерің осы деп,
Толық мидың тұсы деп,
Тас төбеден салыпты.
Төбеде болат қалқаны
Талқан болып қалыпты.
Жәрдем беріп бабасы,
Есін жиып тұрады.
[Құбығұл кезек алады],
Ашуы қайнап қызады,
Белді бекем буады,
Батырсынған Әділбекті
Шоқпарменен ұрады.
Басы айналып есі ауып,
Жығылып, қайта тұрады,
Кешікпей есін жияды,
Екі ерді ашу құрсады,
Алмас қылыш жұмсады,
Күннің ыссы күнінде,
Шөлдеп ерлер сусады.
Найзаменен серместі,
Салған найза қайрылды,
Қу қурайдай көрмеді.
Көрмеді пайда қылыштан,
Екі батыр ұрысқан,
Балтаменен шабысты,
Ұңғысынан салысты.
Көңілі сезіп қуанды,
Бір ишарат білінді.
Әділбекті көтеріп,
Олай-бұлай жүгірді.
Жан өкпесі сығылды,
Қысқанда жүрек аузына
Әділбектің тығылды.
Алысқан жері қара тас,
Бір-біріне дұшпан-қас.
Балдырғандай майысып,
Болып тұрған бала жас.
Азамат ердің шырағы,
Пірлер жәрдем қылады.
Көтеріп алып ұрады,
Қара обадай Әділбек
Ұзынынан сұлады.
Есектейін ақыртып,
Нар түйеше бақыртып,
Аузына алмас тығады.
Оныменен қоймады,
Өкпесінен батырдың
Қос тіземен сығады.
Күн батқанша Құбығұл
Өлтіре алмай қалмақты
Амал ойлап тұрады.
Жұлдыз шыққан мезгілде
Ауыздан жаны шығады.