Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құбығұл (26-бөлім)

Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу

Қарысбек пен Әділбек
Қол бастаған ер еді,
Егесті жер болғанда
Дұшпанды қырған бөрі еді.
Екеуінің өлгенін
Көп қалмақ көзі көреді.
Екеуіне тайлас жоқ,
Өзгелері кем еді.

Сөйлесе сөздің жүйі бар,
Ежелден толық миы бар,
Әділбайдың уәзірі
Ақмаман деген биі бар.
Сол уақытта халқына
Ақыл айтар түрі бар,
Ақылды, толық миы бар.
Сондай білгіш адамды
Қайтаратын кімі бар.

[Сонда Маман сөйлейді]:
—Айтамын ақыл, көп халық,
Қарысбек пен Әділбек
Арыстаны еді елімнің,
Медеуі еді белімнің,
Қиындық көріп тарығып,
Еңіреп жылап егілдім.
Бұл қиындық жер болды,
Уақыт тарлық халқыма
Осы бүгін кез болды.
Қалай болды замана,
Енді ойлайтын жер болды!
Екі нәннен айрылып,
Көкірек мұңлы шер болды.

Мақұл десең, о, халқым,
Жекпе-жекке баруға
Қарсыласар адам жоқ!
Әскер шөп те, ол—орақ,
Соғысуға шараң жоқ.
Қарсыласып тіресер
Енді бізде адам жоқ.
Әділбай, патша данамыз,
Ақылға салып қараңыз.
Осы айтқан санамыз,
Ақбілек сіздің балаңыз,
Теңін тауып сүйіпті,
Тілімді алсаң, тараңыз.
Алдыратын ер емес,
Ойласып, халқым, қараңыз.

Бөтен бар ма сөзімде,
Әділбай, сына мұнымды,
Ел билігі өзіңде.
Қарсы барар адам жоқ,
Ойға салсам еліңде.
Сонда Әділбай сөйледі:
—Бұл сөзіңді алайын,
Ағасы жалғыз Ақмедет
Соны ертіп барайын,
Олай десең, қайтейін,
Батамды беріп қалайын,
Оң бермеймін батамды,
Теріс қолым жаяйын,
Теріс бата қағайын.

Сонда Әділбай патша тұрып былай дейді:

—Мен әрі хан едім, әрі ер едім. Халықтың арын арлаған, талай жауды жаулаған. Бұл бір балаға әлім жетпейді деп қорқып тұрғаным жоқ. Мен қызымды алып қашқан жас баламен алысып жүруімді өзіме сынық, бойыма мін көремін. Сондықтан мен оларға теріс батамды берейін, халық, сендер қайта беріңдер.

Ту тастап Әділбай мен қыздың ағасы таудың басына шығады. Ақбілек пен Құбығұл екеуі жау қайтар ма екен, немесе тағы да жекпе-жекке шығар ма екен деп қарауыл қарап тұр екен. Сонда Ақбілек әкесі мен ағасын көріп айтады:

—Ғашық болған жолдасым,
Әке менен ағамды
Танып тұрмын мен,—дейді.
Тілейтұғын тілек бар,
Бір тілегім бер,—дейді.
Кіресі бос сол әкем,
Ардақты қызы мен,—дейді.

Әкем маған шыдамас,
Бұл айтқанды етпесең,
Маған да ісің ұнамас.
Жанашыры болмаса,
Бөтенге ешкім жыламас.

Кіресі бос атама
Қол қусырып баралық,
Аяғына бас ұрып,
Қарттың қолын алалық.
Әкем менен ағама
Татуласып қалалық.
Атаның хақы көп еді,
Ақ батасын алалық.

Құбығұл қорқып саспайды,
Ақбілектей арудың
Өтінген тауын шақпайды.
Бір қылықты бастайды,
«Олай болса, Ақбілек,
Ибаменен барам» деп,
Қолындағы бес қару
Сауытын шешіп тастайды.

Әділбайдай батырға
Енді болды атам деп,
Қол қусырып келеді,
Иіліп сәлем береді.
[Әділбайдай батырың]
Ішке сақтап ашуын,
Өлтірер келді кезеңі.

—Тілекті берді маған деп,
Ақылынан адасып
Қаруын тастап келген соң,
Жеткіземін ажал деп,
Алмаспенен шабам деп,
Орайыма келген соң,
Өлтірмей не ғып қалам?— деп,
Кешегі екі нәнінің
Енді кегін алам деп,
Ашу қысып тарылып,
Қабандай-ақ залымның
Қабағы түкті жабылып,
Ерлерінен айрылып,
Тұрған патша тарығып,
[Ақбілекке сөйлейді]:

Тағы оқыңыз