Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құбығұл (8-бөлім)

Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу

Құбығұл бала қуанып,
Қолға құрық алады,
Белге жүген салады,
Ұлы Құмсай бойына
Жаяулап кетіп барады.
Сол жетпіс бір құланы
Әкесі бөлек бақтырған,
Тәтті көлге жаптырған.
Құландайын таңдатып,
Құйрығымен ойнатып,
Тұлпардың көңілін шат қылған.

Тұнық су, қалың шалғын көлде жатқан,
Қарауылдап сыртынан құлдар баққан.
Өзі хан неғылса да, пұрсаты бар,
Тұлпарға мұндай жайлы қоныс тапқан.
Қолда құрық, белінде жүгені бар,
Құбығұл келе жатты ауыл жақтан.
Семіріп, ереуілдеп жараған ат,
Көрген соң Құбығұлды үркіп қашқан.

Алыстан болжап тұрады,
Құлаларды сынады.
Мақтаулы тұлпар ат емес,
Сынап көңілі тынбады.
Тұлпарды сынап жүреді,
Әбден сынап көреді.
Мақтауына сиярлық
Асқан тұлпар ат емес,
Біріндеп сынап келеді.
Шешесінің айтқанынан,
Санаса, бірі кем еді.
Ұлы Құмсай тарауын,
Кем болған соң біреуі,
Тағы қарап келеді.

Талма-тал түс болғанда,
Күнге қарап жусаған
Бір құла атты көреді.
Алды-артынан шығады,
Құлаша атты сынады,
Сынап көңілі тынады.
Қайшыланған құлағы,
От орнындай тұяғы,
Көрген жерден батырдың
Ықыласы құлады.
Әр мүшесі келісті,
Көңіліне ұнады.
Назарын атқа салады,
Көңліне Құла жағады,
Құлаға құрық салады,
Тоқтатпастан аяғын
Құлаша ат сүйреп барады.
Табанын тасқа тіреді,
Шынжыр баулы құрықпен
Маңдайын бұрып Құланың
Шықшыттап жүген салады,
Құланы ұстап алады,
Жануарға тіл бітіп
Адамдай сөйлеп барады:

—Адастың, батыр, сен,—деді,
Мұнша адасқан нең,—деді,
Қанша тұлпар көп еді,
Қартайып қалған тұлпармын,
Бүгінде бәсім кем,—деді,
Мәстекпен күшім тең,—деді.
Баяғы жас күнімде
Соққан желдей гуледім,
Басқан ізім сүрледім.
Қазандай тас кездессе,
Балшықтай басып иледім,
Тау мен тасты білмедім.

Уәли әкең мінгенде,
Мені мініп жүргенде,
Сансыз жауға тигенде
Таймаған тастан тұяғым.
Құбығұл, тыңда, шырағым,
Қайырлы тұлпар мен болып,
Әкеңнің еттім мұрадын.
Жастағыдан кеміген
Шабыс пен қайрат, сияғым.

Уәли әкең мінгенде,
Мені мініп жүргенде
Талай жерге барғанмын.
Жау көргенде көсіліп
Бауырымды жазғанмын.
Әкеңнің мен жолдасы
Барған жауын алғанмын.
Жасым жетіп қартайып
Шабысымнан танғанмын.
Менің немді сұрайсың,
Қырық сегіз жасымда
Сар буын болған жазғанмын.

Жастағыдай шаба алман,
Буын, мүшем босаған.
Алыс жерге бара алман,
Бауырымды жаза алман,
Барған жауың ала алман.
Кәріліктің жөнінен,
Шырағым, көңілім қабарған.

Сырымды айттым, Құбығұл,
Шырағым, өзің білерсің.
Ұлықсат бер кәріге,
Жастың бірін мінерсің.
Жас тілегі қабыл-ды,
Ғашық болған жарыңды,
Ер Құбығұл, сүйерсің.

Мұнымды мақұл көріңіз,
Мақұл ету жөніңіз,
Жасы жеткен кәрімін,
Қартқа рұқсат беріңіз.

—Ұлы Құмсай тараудан
Құлаша тұлпар табылды,
Ашар Алла бағымды.
Тау қайырып, жануар,
Сындыра көрме сағымды.
Сені мінсем, құшармын
Ақбілек сұлу жарымды.
Неғылсаң да өзің біл,
Мінер атым табылды.

Сен болмасаң, жануар,
Ол жетпіс бір құладан
Мінуге тұлпар таба алман.
Онан мінсем бір атты,
Шадыра ханның еліне
Жақын күнде бара алман.
Бейнет шегіп бұл жолдан
Қайтып үйім таба алман.
Самырлығың салынған,
Күншығысқа қараған,
Күйің түскен Құласың
Бақытыма табылған.
Әкем мінген Құлаша,
Ақбілектей аруды
Арзу едім сағынған.

Көне эпос

Барлығы: 53 жыр

Тағы оқыңыз