Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Құбығұл (29-бөлім)

Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу

Ердің қорған бабасы,
Соны айтып болғанша
Қасына келді бабасы.
Бабаның келіп қалғаны
Қас қаққанның арасы.
Тілекші болып сыртынан
Қорған болған панасы.

—Тарықпа, балам, сен,—дейді,
Тарыққан мұнша нең,—дейді.
Мұңая берер болар ма,
Қайтпас жүрек ер!—дейді.
Ақбілектей қызымның,
Балам, тілін алмадың,
Үлкендік келіп көңіліңе,
Сөзіңнен айтқан танбадың.
Жан жолдастан айрылып,
Ақырында зарладың.

Мен қорғаушы шал,—деді,
Алмасың қайрап ал,—деді.
Сабыр ет, балам, сабыр ет,
Мезгілсіз кетпес жан,—деді.
Сабырлық ет сен,—деді,
Риза болып көн,—деді.

Әділбайдай залымның
Теріс бата бергені,
Қабыл болып батасы
Міне, балам, келгені.
Ақыл ойлап тап,—деді,
Басыңнан қайтпас бақ,—деді.
Ақ алмасты қолыңа ал,
Көл басына жылдам бар.
Саған болған дұшпанның
Бүгін болар күні тар.
Мекен еткен су ішін
Жеті басты айдаһар—
Суда жатқан жылан бар.
Құр қайғыдан пайда жоқ,
Уайымменен болма зар.
Көрген түсін Ақбілек
Саған баян еткені,
Түстің рас, шырағым,
Қызыма баян еткені.
Ақбілектей аруды
Көлде жатқан жыланның
Анық жұтып кеткені.

Алмасты қайрап алады,
Көлге жетіп барады.
Жапырлаған нар қамыс,
Батыр көзін салады.
Ақбілек ғарық еткен жер,
Жапырылған бұл қамыс.
Ақбілектей сұлуды
Суға түсіп жүргенде
Айдаһар жұтып кеткен жер.
Суырма алмас қылышпен
Жалаңаш түсе қалады.
Жеті басты айдаһар
Лебімен тартып барады.
Жел ұшырған қаңбақтай
Тоқталмады аяғы.
Суға ұрды құйрығын,
Айдаһар соғып, сабалап,
Лебіменен тартқанда,
Қаңбақтай ұшты домалап.
«Иә, Алла!» деп жылады,
Пірінен жәрдем сұрады.
Жұтар жерге келгенде,
Ер қайраты қызады.
Мойнынан ұрады,
Алты басы кесіліп,
Жалғыз басы тұрады.
Енді тыныс алады,
Бір басын да қағады.
Судан сүйреп дұшпанды
Шетке алып барады.
Алмаспен ішін жарады,
Қарынының ішінен
Суырып сұлуды алады.

Ақбілектің кетіпті
Айдан сұлу ажары.
Көшкенге де ұқсайды
Сұлулықтың базары.
Қансыз бетін көргенде
Қайтыпты ердің қажыры...
Ердің қайтып назары,
Қорғаншы болған піріне
Ақбілекті алып барады.

—Зарыққан балам сен,—дейді,
Сүйеуші бабаң мен,—дейді.
Қызымды маған бер,—дейді,
Азырақ тарлық көргенге
Риза болып көн,—дейді.
Теріс қарап арман тұр,
Мен тілекші бабаң бір,
Қуаныш кіріп көңілге
Көңліңнен кетсін қайғы, кір.
Сенің бабаң мен,—дейді,
Ақбілек қызым сен,—дейді.
Басыңды көтер, шырағым,
Қатты ұйықтаған нең,—дейді,
Асамен тартып сермейді.
—Атаеке, мұнша неттім,—деп,
Қатты ұйықтап кеттім,—деп,
Ұйықтап жатқан жерімде
Қай жерден келіп жеттің,—деп,
Көтеріп басын алады.
Төңірекке қарады,
Кірді қыздың ажары.

Пірі жәрдем береді,
Әділбайдың батасы
Кесел болып қызына
Таршылық көрген жері еді.
Қалыбына келеді,
Осы көлдің бойында
Бейнет шеккен жер еді.

Уәлидің еліне
Қос тұлпармен жөнелді.
Көңілі өсіп екеуі
Әнін қосты сол енді.
Алыс емес тұлпарға
Уәли ханның елі енді.
Уәли ханның бәйбіше
Ұйықтап жатып түсінде,
Түсінде көрген ісінде
Бір жағына қисайған,
Құлауға жақын ордасы.
Дүниесі азуда,
Әр мүлкі де тозуда.
Сол күні көрген түсінде
Түс қорқыныш болуда,
Көңілге қайғы толуда.

Тағы оқыңыз