Құбығұл (15-бөлім)
Көне эпос · Н. Байғанин нұсқасы · 2 мин оқу
«Ойламасқа болмайды-ай,
Сияғым жоқ, ажар жоқ,
Әлім кетті, қажыр жоқ,
Ғашығымнан хабар жоқ.
Қайбір ісім келіскен,
Ойлайын ақыл кеңістен.
Қозыны тастап кетейін
Бағылып жүрген өрістен.
Енді қылық бастайын,
Өріске қозы тастайын,
Жалғызбын деп саспайын.
Іздеп келген ғашықты
Неге іздеп таппаймын.
Тауып алып Білекті,
Қалмақ деген халықтың
Басына садақ жастайын.
Қозы бағып нетейін,
Өріске тастап кетейін.
Қосылар күнім бар шығар,
Ақбілекке жетейін.
Шаһардан іздеп Білекті
Қаңғырумен өтейін.
Құбығұл батыр саспады,
Бір қылықты бастады.
Үстінде құрым киімді
Шешіп алып далаға
Лақтырып тастады.
Қозыны тастап далаға,
Теңгелікке келеді,
Суға түсе береді.
Суға түсіп жүргенде,
Екі шелек иінде
Ханның күңі көреді.
Келбеті артық Құбығұл
Тым көрікті ер еді.
Жалқын айдар төбеде
Құбығұлды көреді.
Күңнің ауды назары,
Келбеті зор келімді,
Көрікті айдай ажары.
Көзі көріп қара күң
Балаға ауды назары.
Қасына жақын барады.
—Суға түскен жас бала,
Қасыңа келдім мен,—деді.
Айыптама, шырағым,
Жөніңді айтып бер,—деді.
Көп қалмақтың елінен
Көргенім жоқ мен,—деді.
Қайдан жүрген баласың,
Мәнісін айтып бер,—деді.
Жаңа өспірім баласың,
Жас болсаң да данасың.
Жөніңді айтшы, шырағым,
Қай сапарға барасың?
Қайырлы болсын, шырағым,
Шыққан сапар жөн,—деді.
Хан баласы сияғың,
Келісің келген ер,—деді.
Қай сапарға барасың,
Жөніңді айта көр,—деді.
Көргенімді айтпаймын
Еш қалмаққа мен,—деді.
—Қайбір ісім келіскен,
Тастап кеттім қозымды,
Бағып жүрген өрістен.
Қысқа жерден айтайын,
Көп сұрама кеңістен,
Ақыл шықпас әр нешік
Ой ойламас кемістен.
Мен айтайын шынымды,
Шын айтайын мұңымды.
Хабарың болса егерде,
Рас айт маған сырыңды.
Әділбайдың Ақбілек
Аян беріп түсімде,
Кетірді менен тынымды.
Ақбілек үшін тастадым
Халық, Отан, қаламды.
Ғашық үшін жылаттым
Үлкейген ата-анамды.
Адамға ғашық жаман-ды,
Келгеніме көп болды,
Біле алмадым хабарды.
Ей, қара күң, қара күң,
Қауышқан саған күнімде
Сырымды айттым өзіңе,
Түсіндің бе сөзіме?
Сыр айтысар адам жоқ,
Келдің бүгін кезіне.
Хабарың болса айтып бер
Ақбілектей сұлумен
Қосылар күнім болар ма
Сондай ғашық теңіме?
Кең заманым тарылды,
Тарлықпен күнім арылды.
Хабарың болса айтып бер
Ғашық менің жарымды.
Көңілдегі мүде сөз
Айттым сырым, барымды.
—Қабыл екен, бала, тілегің,
Қуанғаннан, шырағым,
Жарылмасын жүрегің.
Ақбілектің күңі едім,
Қызмет етіп жүр едім.
Меніменен қауыштың,
Қабыл екен тілегің.
Қауыштырар өзіңе,
Алыс болмаса сүрегім.
Толықсып тұрған жасында,
Қырық қыз бар қасында,
Халқына ол жағулы,
Бөлек орда салулы,
Ақбілектің есігін
Күң мен құлдар бағулы.
Беркіндегі жас бала,
Күтуі мықты бақшада.
Қадірі артық халыққа
Тілегін тілейді астана.
Екеуіңнің араңа
Біту болып қарайын,
Білдіруге Білекке
Ақыл ойлап табайын,
Қосуым қызға тағайын.
Екі жақсы жолықсын,
Екеуіңді қосуға
Есебін өзім табайын.
Ақбілек сұлу асылды
Жемісті сайдың бойына
Алдап алып барайын.