Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (27-бөлім)

Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 2 мин оқу

Кең көкiректi келбеттi,
Жазық маңдай бота көз,
Қаршыға тұмсық, қалың қабақты
Сүйiншiге бiреу келiп жүр,
Барамысың, қарағым,
Бармаймысың, қарағым?!
Сонда Ылия жылады:
«Көкекемдi мен көрсем,
Мойнынан құшақтап,
Ақ бетiнен бiр сүйсем,
Болмас едi-ау арманым.
Тоқсандағы шалдарға
Тоқалдыққа мен тисем».
Айтқан ауыз жұмғанша,
Қарасай шауып келедi:
«Сүйiншi, сүйiншi!»—деп едi.
Ақтолқын мен Ылия
Етпеттей барып құлады-ау,
Жер бауырлап жылады-ау.
Қайта, қайта Қарасайдан,
«Рас па?!» деп сұрады-ау.
«Қорыққан мен қуанған
Бiрдей» деген бiр мақал,
Мiнекей, содан қалады-ау.
Күрең аттың енесi,
Әдiлдiң қаршыға салар күрең биесi
Алдынан шауып барады.
Күрең ат оны көредi,
Күрең бие иедi,
Күрең ат соны емедi.
«Мен түгел, хайуан сағынды-ау,
Менiң мамам неғылды-ау?»—деп,
Хан Әдiл өксiп қоя бередi.
Бұзылмайтын Қазидың
Көңiлi босап бұзылып,
Көзiне жас келедi,
Ауылына келедi,
Тiлегiн Құдай бередi.
Шешесi тұрып жылайды-ау:
—Айналайын, жалғызым,
Келмей жүрсең қандаймын,
Сағындым ғой, халқым зарлаймын?!
Қарағым келмей тұрғанда,
Мен—ботасы кеткен нардаймын,
Әлде де түсiм бе деп нанбаймын.
Келдi ме менiң түлегiм,
Болды ма қабыл тiлегiм?!
Қарағым үйге кiргенде,
Қарағымды көргенде,
Тарс етiп кетпейдi неге жүрегiм?!
Қарғамнан тiлек қалмайды,
Қарағым, құлын-тайлай-ды,
Халқына күн мен айдай-ды.
Қарғамды көрген соң,
Құдай неге менi алмайды?!
Қайта-қайта бұл жылап,
Бойы балқып, ылжырап,
Ақтолқын тiптi қоймады,
Қой дегенге болмады.
Тоқсанға келген Сыпыра—
Ноғайлының жырауы
Домбыра қолға алады,
Оңнан, солдан қағады,
Сыпыра толғап қалады:
—Әй, бәйбiше, Ақтолқын,
Кеткенiңнiң келген күн,
Дегеннiң бәрi болған күн,
Кемтiктiң бәрi толған күн.
Желпiнiп ұшқан ақ сұңқар
Ұясына қонған күн.
Елдiң иесi хан келiп,
Орданың iшi толған күн.
Би мен байлар жиналып,
Кең кеңестi құрған күн,
Тұлпарлар шауып озған күн.
Тамырың бәрi иген күн,
Үрпiңе сүтiң келген күн.
Боз биенiң тайлары
Тайрақдап келiп емген күн.
Боз iнгеннiң тайлағы
Енесiн келiп емген күн.
Құлап қалған терегiң
Қайта ендi ол тұрып,
Төбесi көкке тиген күн.
Төбесiне қаршыға,
Бұтағына келген күн.
Бүгiнгi күн неткен күн,
Төбе көкке жеткен күн,
Қайғының бәрi кеткен күн.
Толқиды жыршың жуатты,
Жана айтып қуантты.
Әдiл патша той қылды,
Екi тойды бiр қылды.
Осы тойды iрi еттi,
Алтын таққа мiнедi.
Ылиядай қарындасын
Қарасайға бередi.
Шашы бұйра күңменен,
Сақалы бұйра құлменен,
Қатарлаған нарменен,
Есебi жоқ малменен,
Мақсатына жетедi.
Халықтың көңiлi бiтедi,
Қайғының бәрiн кетiрдi,
Дұшпандары өкiндi,
Әдiл атты ханыңды
Дегенге Құдай жеткiздi.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз