Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (4-бөлім)

Қарасай-Қази · Сейіт жырау нұсқасы · 2 мин оқу

Алты қабат үзеңгi бау
Алтауы да үзiлдi.
Дулығасы жапырылып,
Сауыты да сөгiлдi.
Жұлып алып атынан,
Тақымға сонда басады.
Екi көзi алақтап,
Қаныбек қатты сасады.
«Өлген деген осы», деп,
Бойынан үрей қашады.
Жарық дүние қараң боп,
Бетiн қолмен басады.
Осылай да, осылай,
Бiр-екi белдi асады.
Алып келiп бiр жерге,
Лақтырып тастады.
Шала-жансар толықсып,
Қаныбек көзiн ашады,
Қарасай мойын бұрады,
Кiдiрiп бiраз тұрады.
Үш ұмтылып Қаныбек,
Тұра алмай қайта құлады.
Тiлге келiп әзiрге,
Батырдан «сауға» деп жылап,
Жанына олжа сұрады.
Қарасай айтты сол шақта:
—Бiлсең еттi өлiмдi,
Сырың маған мәлiм-дi.
Өзiңдi басып артыңнан,
Салғызармын өңiңдi.
Бетiңдi тiлiп таңбалап,
Келтiрермiн сәнiңдi.
Қағып алам тiсiңдi,
Көрермiн сонсоң күшiңдi.
Танауыңды тесемiн,
Тiлiңдi де кесемiн.
Мыңқылдатып сөзiңдi,
Жарығыңды сөндiрiп,
Ойып алам көзiңдi.
Құлақ сал осы сөзiме,
Тiлеп алдың өзiңе.
Көрсетемiн жаныңды,
Шырылдатып көзiңе.
Шашамын арам қаныңды,
Алла өзi әкелдi,
Сенi айдап кезiме.
Басыңды кесiп аламын,
Ат көтiне саламын.
Үйiңе де барамын,
Қатын қылып аламын,
Ұрпағыңды құл етiп,
От пен суға саламын.
Соңымнан иттей ермесең,
Әкемдi тауып бермесең,
Көрерiңдi көресiң,
Нақ табанда өлесiң,
Деп ақырып Қарасай,
Қынаптан қылыш суырды.
Қарасай қылыш кезедi,
Қатты састы Қаныбек,
Ендi өлерiн сезедi.
Келiп едi гүрiлдеп,
Қаныбек қорықты дiрiлдеп:
—Әкеңдi тауып берейiн,
Қия көр күнiм, жанымды,
Түгел алсаң өзiң бiл,
Жиған-терген малымды.
Ағатайым, күнiм,—деп,
Аяғын құшып жылайды.
Қарасай сонда «тұр»,—дедi,
«Жолға түсiп жүр», дедi.
Құлдық ұрып Қаныбек,
Орнынан әрең тұрады.
Қарасай сынды батырдан
Жанын олжа сұрайды.
«Ал, қане, баста»,—деп едi,
Құдыққа бастап келедi.
Қаныбектiң соңынан
Қарасай батыр ередi.
«Әкем тiрi болар»,—деп,
Қарасай кәмiл сенедi.
Бiраз ғана жүрген соң,
Зынданға жетiп келедi.
«Осында әкең жатыр»,—деп,
Қаныбек айтып бередi.
Зынданның қазып түбiне,
Әкесiн Қарасай көредi.
Айтқаны шын болған соң,
Қаныбекке сенедi.
Әкесi тiрi болған соң,
Әкесiмен көрiсiп,
Разы қош болады.
Темiрханды жоюға,
Әкеден рұқсат сұрады.
Разылығын берген соң,
Әкеден бата алады.
Қаныбектi қосып қасына,
Екеуiн жолға салады.
Әкесiмен қоштасып,
Қарасай батыр қалады.
Түрi қанып қарт Мамай
Ауылға аман барады.
Қуанып кеттi ауылы,
Ақсарбас айтып шалады.
Темiрханды құртуға,
Қарасай iздеп барады.
Темiрханның артынан
Өкшелей қуып кетедi.
Желмен бiрге жарысып,
Құба құмнан өтедi.
Қара тауға iлiне,
Көп қалмаққа жетедi.
Қалмақтардың аулынан
Ойнақтатып өтедi.
Қарасайды көргенде,
Темiрхан қатты сасады.
Тiршiлiгi мұң болып,
Қайғы-уайым басады.
Жан сауғалаған Темiрхан
Жас батырдан қашады.
Жалтақтай қарап артына,
Атына қамшы басады.
Жан ұшыра тебiнiп,
Үш қырқадан асады.
Төртiншi қырға барғанда
Көк тұлпар жетiп басады.
Құтылмасын бiлген соң,
Темiрхан ендi тiл қатты:
—Неге қудың сен менi,
Сыйлағанды бiлмедiң?!
Ажал айдап келдi ме,
Осы сенiң өлмегiң?!
Сендей ақымақ неменi,
Бұл жаһаннан көрмедiм.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз