Қарасай—Қази (1-бөлім)
Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 2 мин оқу
Он таңбалы Ұрымда,
Қырық таңбалы Қырымда,
Сан таңбалы санайда,
Он екi баулы ноғайда,
Баба Түктi баба өттi,
Едiге сұлтан хан өттi,
Төрехан, Мұса жана өттi.
Онан туған Орақ пенен Мамай-ай!
ОрақМамай күнiнде,
Теңгерiлген ноғай-ай!
Орақ деген ер өттi,
Мамай деген хан өттi.
Орақтан қалған қос жетiм—
Қарасай, Қази бала өттi.
Әкесiнен Қарасай қалды он бесте,
Қази қалды он үште.
Жетiмге дұшпан көп болды,
Қарайтын кiсi жоқ болды.
Мамай хан өлiп қалған соң,
Иесiз болып елдерi,
Ылай болып көлдерi,
Ноғайдың сынып белдерi,
Қызықты дәурен кең пейiл,
Басынан кетiп күндерi.
Орақ-Мамай анасы,
Ақылдың қара сабасы
Қорғанышы жоқ болып,
Қолында жетiм қалғасын
Немере екi баласы,
Кемпiр елiн жинады.
«Басшысыз халық болмас,—деп,
Хансыз халық оңбас»,—деп,
Шынтемiр деген шал екен,
Жаннан асқан бай екен,
Баласы жоқ жан екен,
Бiр перзентке зар екен.
Қартайғанда таққа мiнсiн деп,
Көтерiп көңiл жүрсiн деп,
Хан Мамайдың орнына
Таққа халық мiнгiздi,
Шынтемiр таққа мiнедi.
Шынтемiр таққа мiнгенiн
ОрақМамай анасы
Қараүлектей кемпiрдiң
Көңiлi анық сүйедi.
Мамайдың тоқал шешесiнен туған
Смайыл мен Тобаяқ,
Әли менен ер Сидақ
«Мирасымды бермед,—деп,
Қараүлек кемпiр көрмед»,—деп,
Өкпелеп қатты жөнелдi.
Хан болған соң Шынтемiр,
Боз жорға аты астында,
Алтын қалпақ басында,
Қырық уәзiрi қасында,
Қарала тазы соңында,
Қаршығасы қолында,
Ит жүгiртiп, құс салып,
Қара көлдiң қасында,
Күмiс төбе басында жүредi.
Қалмақтың ханы Темiрханнан
Қырық кiсi келедi.
Қырық кiсi iшiнде
Ханбегi деген ер едi,
Тiлге жүйрiк неме едi.
Келе сала Ханбегi,
Ханға сәлем бередi.
Шынтемiр хан сөйлейдi:
—Шауқын бұлбұл саласың,
Кiдiрсең жолдан қаласың.
Әскер жинап қасыңа
Ханбегi, қайда барасың?
Қалмақ, ноғай жан едiк
Неге келдiң жерiме,
Неге келдiң елiме?!
Жұмыс болса, айт,—дедi,
Осы арадан қайт,—дедi.
Ханбегi сонда сөйледi:
—Қатуланба, қамданба,
Қарт бурадай шамданба,
Долданба, шалым, долданба.
Ат үстiнде ырғалма,
Ақырма, маған шалым-ай,
ОрақМамай өлген соң,
Белгiлi ғой халiң-ай!
Бәлем, ноғай, қазағым,
ОрақМамай өлген соң,
Кеткен жоқ пе едi сәнiң-ай!
Алмай қояр деп пе едiң,
Орақтың төккен қанын-ай.
Кешегi кеткен Орағың
Самарқанда сандалды.
Мұнанайды мұнда алды,
Алаусамды анда алды,
Балуандыдан Батырхан.
Алшағыр мен Бабахан,
Жетi ханымды өлтiрiп,
Алтын тағым құлаған
Қатын, балам жылаған.
Тұлымдымды тұл қылдың,
Айдарлымды құл қылдың,
Жiбегiмдi жүн қылдың,
Туырлығымды тоқым еттiң,
Керегемдi отын еттiң,
Қызымды қатын еттiң,
Қатынымды жесiр еттiң,
Баламды жетiм еттiң,
Елiмдi иесiз еттiң,
Кетiрдiң сәнiмдi,
Шығардың жанымды,
Ағыздың қанымды,
Ерiксiз алдың малымды.
Бәлем, ноғай, шал ноғай,
Бозжорға аттың үстiнде шалқыма.
Тiлегiмдi Құдай бердi деп,
Көзiмнiң жасын көрдi деп,
ОрақМамай өлдi деп,
Кек алар кезек келдi деп,
Со кегімді аламын
Елiңе бүлгiн саламын.
Қазиға малды бақтырмай,
Қарасайға отты жақтырмай,
ОрақМамай шешесi,
Қараүлектей кемпiрдiң
Таяқ берiп қолына,
Саламын қойдың соңына.