Қарасай—Қази (18-бөлім)
Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 4 мин оқу
—Мен барайын тесiкке,—деп,
Қарасай ханнан сұрады.
Хан Әдiл сонда сөйледi,
Сөйлегенде бүй дедi:
—Ай, Қарасай, Қарасай,
Саған кiмнiң шарасы-ай,
Баба Түктi Шашты Әзiз,
Едiгенiң баласы-ай.
Тай қара атқа мiн,—дедi,
Шақыр-шұқыр көк болат
Белiңе орай iл,—дедi,
Қареке-ау, барып кел, дедi.
Қарасай сонда күледi,
Көк бүркiтi келедi,
Келгенiн әруақ бiледi.
«Алла, бiр дiзгiн оңғар!»—деп,
Қарасай шауып жөнелдi.
Қарасайдай батырдың
Алдының бәрi сауық-ай,
Өлең-әндi салып-ай.
Жауға тигенде жөнелді,
Тайқара атпен шауып-ай!
Он бес күндiк жерiне,
Жетi күнде барады.
Тар тесiктiң аузында
Едiгенiң аты бар,
Қара таста хаты бар:
«Бұл араға кiм кiрер?!
Жетi атаға келгенде,
Шынжырлы бiздiң тұқымнан
Егiз туған қос жайсаң,
Тәуекел етсе, сол кiрер».
Қарасай мұны көредi,
Түсе қала қара аттан,
Бабасы жазған қара тас
Қабағын тастай түйiнiп,
Ақ сауытын киiнiп,
Көк найзаны шүйiрiп,
Атасына сиынып,
Тесiкке кiрдi Қарасай.
Бұл тесiкке кiредi,
Тар тесiкке бұл сыймай,
Шабылған қақ сал бұл қара,
Төрт аяғын бүгедi.
Ол тесiктiң iштерi
Қап-қараңғы түн едi.
Ар жағы мен бер жағы
Он бес күндiк жер едi.
Он бес күнде тесiктен
Қарасай өттi деп едi.
Ар жағына қараса,
Он екi қабат оры бар,
Тоқсан қабат торы бар.
Оған барған батырдың
Маңдайының соры бар.
Тар тесiктiң аузында,
Бiр тұлпардың iзi бар.
Буы жатыр бұрқырап,
Жап-жаңа тышқан боғы бар.
Қарасай оны көредi,
Қарауыл екен деп едi,
Iзбенен қуып жөнелдi.
Қызылбас басы Брансуз,
Iннiң аузын бағатын.
Жалби ақысына ант ұрған
Айына бiр қыз алатын,
Соның жүрген iзi екен,
Атының тышқан боғы екен.
Қарауылды ұстап алайын,
Артынан қуып барайын, деп,
Қарасай қуып жөнелдi.
Атаңа нәлет Брансуз,
Ендi артына қарады,
Қараға көзiн салады.
Қызылбас сонда сөйледi:
—Құдай болсаң, аяма,
Перiште болсаң, қайама.
Өлiп қалған ер Орақ,
Тiрiлiп көрден қала ма?!
Белде, белде белер ме,
Белден асып желер ме,
Бес қару белге iлер ме?!
Қарасай, Қази қағыңғыр,
Қара көңiл ер Қобылан,
Әлде, солар келер ме?!
Қобылан келсе оңбайды,
Қази келсе қоймайды,
Қарасай өзi қандай-ды?!
Жалғызбын деп жалығып,
О да жаудан таймайды.
Үшеуiнiң бiрi деп,
Кiм болса да iрi деп.
Есебiн тауып келгенi—
Ит ноғайдың ерi деп,
Қара дәу тұрды қалшиып.
Қарасай салып барады,
Қызылбас сонда сөйледi:
—Шауқын бұл-бұл саласың,
Алайын десем оңайсың,
Алмайын десем ноғайсың.
Ел шетiнде елбектеп,
Жау шетiнде көлбектеп,
Атың жарау, өзiң аш,
Жүзiң айдай қаламқас,
Ноғай қайда барасың?!
Қарасай сонда сөйледi:
—Мен, мен едiм, мен едiм,
Мен болғанда кiм едiм?!
Ежелден ендi қан төккен
Едiгенiң тұқымы,
Менiң атым—Қарасай,
Мен Орақтың баласы-ай.
Сен құсаған қызылбас,
Елiмнен iздеп келемiн.
Екеуi тұрып қағысты,
Жаман сөзге барысты.
«Қашпа балам, қашпа!» деп,
Қашпаласа қалады.
«Тайма балам, тайма!» деп,
Таймаласа қалады.
Қыл жалаулы көк сүңгi
Қақ жүректiң басы деп,
Өлер жерiң осы деп,
Бiрiне-бiрi салады.
Ұңғысынан омырылып,
Әдiра болып қалады.
Қолға алмас алады,
Шын болаттан соқтырған,
Қызыл қанға суарған.
Өткенiн адам бiлмеген,
Егер де қанға тимесе,
Қынабына симаған.
Жарқылдатып екеуi,
Бiрiн-бiрi шабады.
Тасқа шапқан пышақтай,
Бұ да әдiра қалады.
Кiл болаттан соқтырған,
Шынжырдан бауды тақтырған,
Қолға шоқпар алады,
Ауырлығы жүз пұттай,
Ұңғысынан омырлып,
Бұ да әдiра қалады.
Замананы қуырып,
Тақымнан балта суырып,
Шын болаттан таптатқан,
Темiрші саптатқан,
Бiрiн-бiрi шабады.
Тасқа шапқан пышақтай,
Жерге қаққан жебедей,
Тоңды шапқан немедей,
Бұ да әдiра қалады.
Қой жауырын, қол масақ,
Екеуi тұрып атысты,
Сарыжаны тартысты.
Сауытқа тиiп тақылдап,
Оты шығып жарқылдап,
Бұ да әдiра қалады.
Бес қаруды тауысты,
Ат үстiнен алысты,
Екеуiнiң аты да,
Шөге-шөге қалысты,
Аттан түсе қалады,
Белiне шынжыр салады.
Ендi екеуi алысты,
Айғыр, нардай шайнасып,
Жағаласты, шалысты.
Қарасай тұрып ақырды,
Ақырған ащы дауысы,
Тау үстiнде қара тас,
Шыққан шөптi жапырды.
Манағы айтқан қызылбасты
Көтерiп алып үйiрдi.
Етегiмен жеңiмен,
Қызылбастың лебiмен,
Брансуз мiнген Көк қасқа ат
Омақа асып жығылды.
Қызылбас жерге торс еттi,
Қара жерлер солқ еттi,
Топырағы бұрқ еттi,
Аузынан қаны жылп еттi.
Салмағымен жығылып,
Көтен шегi үзiлiп,
Атаңа нәлет қалмақтың
Iшi-бауыры шырқ еттi.
Басын кесiп алады,
Қанжығаға таңады.
Тесiктен кiрiп еркiндеп,
Ханға келдi бүлкiлдеп,
Қарасай келiп сөйледi:
—Ахмет те ер екен,
Қайтпайтын ердiң бiрi екен,
Ахметтiң айтқан сөзi—
Өтiрiк емес шын екен.
Болаттау деген тау екен,
Ол шетi мен бұл шетi,
Тоқсан жылдық бар екен.
Төбесi көкке тиiп тұр,
Көшкен бұлтты iлiп тұр.
Төбесiнде қара тас,
Күн көзiне шыдамай,
Қорғасын болып ерiп тұр.
Төбеден аққан сортағы
Етегiне келiп тұр.
Ортасында тесiк бар,
Болаттан салған есiк бар.
Тесiгiне қарасаң,
Қазып қойған көр емес.
Қазған көрден кең емес,
Ар жағы мен бер жағы,
Он бес күндiк жер екен,
Қараңғы iшi көр екен.
Ол тесiктен өттiм деп,
Ар жағына жеттiм деп,
Ар жағына қарасам,
Он екi қабат оры бар,
Тоқсан қабат торы бар,
Әскерi тым-ақ көп екен.
Айқай салып ат мiнiп,
Ат құйрығын шарт түйiп,
Ерлердiң кiрер жерi екен.
Кiре қойған ерлерге,
Олжасы тым-ақ мол екен.
Қызы сұлу, ат жүйрiк,
Салтанатты ел екен.
Брансуз деген батыры
Қарауылда жүр екен,
Тым-ақ әлдi неме екен.
Жетi күн соғыс мен салдым,
Өле жаздап мен қалдым.
Кейiгенсiн өлтiрiп,
Басын кесiп мен алдым.
Алып келдiм, тақсыр, басын-ай,
Жаудың iсi осылай.
Басты көзi көредi,
Жиналды әскер деп едi.