Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (3-бөлім)

Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 2 мин оқу

Қарасай сонда сөйлейдi:
—Жақсы айтасың, ағеке,
Мен дұшпанға көнбеймiн,
Қолымнан арды бермеймiн.
Мен дұшпанға бағынып,
Дiнiне оның кiрмеймiн.
Қызылбастың жауына
Аяғына бас ұрман,
Басымнан дұшпанның сөзiн асырман.
Мен болсам Орақ баласы-ай,
Атамның атын жасырман!
Атамның салған жолы бар.
Сасқанда жәрдем беретiн,
Қысылғанда келетiн
Баба Түктi Шашты Әзiз,
Едiге сұлтан пiрiм бар.
Жүрегiмде зәрiм бар,
Бiлегiмде әлiм бар,
Киюiме тоным бар,
Мен сияқты батыр бар,
Дұшпанға неге жалынар,
Жарау атқа ер салмай,
Емен найза қолға алмай,
Бес қаруды белге iлмей
Үзбелi де ілмелi,
Ақ сауыттан тон кимей!
Жабықпа, халқым, жабықпа,
Тарықпа, халқым, тарықпа,
Дұшпаннан қорқып, зарықпа!
Он бесiме келген соң,
Жау дыбысын бiлген соң,
Жалтармай мен шығайын жарыққа.
Не қылғаным дұшпанға
Қолдан арды бергенiм!
Қызылбасқа бағынып,
Не қылғаным жүргенiм?!
Мұнан да маған көп жақсы,
Он бесiме келгенде,
Халқымның ары үшiн,
Қатын менен бала үшiн,
Жылаған кемпiр, шал үшiн,
Оққа ұшып өлгенiм!

Қарасай ақ құба, кең көкіректi,
Келбеттi, жазық маңдай, бота көздi,
Айтты да жүре бердi осы сөздi.
Қарасай кетiп қалған соң,
Әнжi Смайыл сөйледi:
—Қарасайды Құдай ұрған ғой.
Әкесiне тартып, қасарма
Болып туған ғой.
Онбестегi баланың,
Не келедi қолынан?!
Көшiп, қашып кетелiк,
Сырдариядан зырқырап,
Әрмен қарап өтелiк.
Күл болмаса, бүл болсын,
Ұнталсын да ұн болсын,
Аспанға ұшқан күл болсын,
Орақ-Мамай ауылын
Жұртқа тастап кетелiк.
Әнжi Смайыл сөзiне
Көп ноғайлар нанады.
Құдай ұрып ноғайды,
Түн ортасы болғанда
Қонысынан көтерiлiп,
Қашып барады.
Едiл, Жайық—екi өзен,
Әдiра мұнан қалады.
Ертең таңдар атқанда,
Екi бала ұйықтап жатқанда,
Үйден шығып Қараүлек,
Жан-жағына қарады.
Жан-жаққа көзiн салады,
Таң-тамаша қалады.
Жайылып жатқан мал да жоқ,
Қыбырлап жүрген жан да жоқ,
Көп ноғайдың бiрi жоқ,
Қараүлек қайта үйге кiредi.
Ұйықтап жатқан баласын
Оятайын деп едi,
Тағы да кемпiр ойланды,
Қабыл еді-ау тiлегiм,
Ұзағынан тiлейiн.
Мезгiлсiз барып оятсам,
Екi бiрдей қарғамның
«Жау келiп қалды» деген соң,
Қозғалтармын жүрегiн.
Қозғалмасын жүрегi,
Iстiң болар себебi.
Күн сәскеге толғасын,
Ұйқысы әбден қанған соң,
Тамағына тойған соң,
Тысқа шығып, Қарасай
Жан-жағына қарады,
Төңiрекке көзiн салады.
«Ел қайда?!» деп сұрады.
Жүгiрiп келiп Қараүлек,
Қарасайдай баланы
Таяқпен басқа ұрады.
Ұрып кемпiр толғады,
Сөздiң басы Құранды-ай:
—Шығарған Құран бiр Алла-ай,
Жетi атадан келе атқан,
Мынау бiр алтын орда едi.
Таратпаған құралды-ай,
Қазақ, ноғай, ұранды-ай!
Қос жайсаңның барында,
Бәйгеден талай келтiрдiм,
Тай, жабағы, құнанды-ай.
Жайсаңым қолдан кеткен соң,
Алтын туым құлады-ай.
Басымнан кетiп базарым,
Бетiмнен кетiп ажарым,
Қолдан кетiп құралым,
Кетiп отыр қажарым.
Сен, Қарасай, оңбадың,
Жатырың жаман болды ма?!
Қарғама тартып тумадың,
Жау мен елдi бiлмедiң,
Қарғамнан қалған қара атты
Алшаңдатып ойнатып,
Ауыздығын шайнатып,
Екі көзін жайнатып,
Салқынға сарай байлатып,
Қуарғыр, жетiм, мiнбедiң!
Ноғайлы деген ел қайда,
Қатар құрбы, тең қайда,
Қу жетiм, кiмге сенесiң?!
Әкең өлiп қалған соң,
Бiлмедiң бе шешеңнiң
Қайырға шөккен кемесiн?!
Ел көштi, жылқыны жау алды,
Атты қайдан мiнесiң?!
Қу жетiм ақыл менен ойың қайда,
Кешегi ноғайға айтқан сөзiң қайда?!

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз