Қарасай—Қази (20-бөлім)
Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 2 мин оқу
Тоқтап-тоқтап келедi,
Тiке шауып бара алмай.
Алдыңғы кеткен жетеуi
Атының басын тартпады,
Сапарынан қайтпады.
Тесiктен бастап кiм кiрдi?
Қарасай, Қази ер кiрдi,
Екеуi қатар тең кiрдi.
Екiншiде кiм кiрдi?
Батыр Қобылан сол кiрдi.
Үшiншiде кiм кiрдi?
Самарқанды сонда алған,
Мұнанайды мұнда алған,
Қалмаққа бүлгiн бұл салған,
Ахмет батыр сол кiрдi.
Төртiншiде кiм кiрдi?
Жау дегенде жайнаған,
Сай тасындай ойнаған,
Тебiнгiден тесе атқан,
Үзенгiден үзе атқан,
Өкпеден оғын өткiзген,
Өгiзтауда оқ атса,
Шағанға оғын жеткiзген,
Құбығұл батыр сол кiрдi.
Бесiншiде кiм кiрдi?
Ала жолақ бөз байлап,
Шақырып ұран ойбайлап,
Әуез батыр сол кiрдi,
Артынан Ахмет батыр бұл кiрдi.
Алдыңғы кiрген үшеуi
Тар тесіктен өтедi.
Айбалтасын қолға алып,
Қази менен ер Қобылан
Тар тесiктi кеңiтiп,
Бұлар да өтiп кетедi.
Он екi қабат орына,
Құрып қойған торына
Үш күн бұрын жетедi.
Кiрейiн десе есiк жоқ,
Сығалауға тесiк жоқ,
Алты күн жүрдi жағалап.
Жетi күнге толғанда,
Күн сәскеде болғанда,
Қази менен Қарасай,
Орақтың екi баласы-ай,
Қорғанды шауып жағалап,
Алыс жерден жол жүрiп,
Тұяғы тозған тұлпардың
Аяғын алды тағалап.
Айқайлап шапты қандаққа,
«Едiге» деп ұран салады,
Туларын қолға алады.
Екеуiнiң тұлпары
Он екi қабат орлардан,
Тоқсан қабат торлардан
Зеңбiректей зырғыды,
Ор текедей ырғыды.
Асыл туған ер Қобылан,
Қандаққа қарап тебiнiп,
Жауға қарап ебiнiп,
Секiргенде тор бестi,
Оры менен торынан
Жұқпай кетiп жөнелдi.
Әдiл келiп қалыпты,
«Баратын ерлер бар ма деп?»
Әскерге көзiн салыпты,
«Аллалап» салып ұранды,
Қыздырайын деп әскердi
Айнала Әдiл шауыпты.
Әдiл ханның кигенi,
Қырмызы, мақпал берендi,
Әскердiң жүрмейтiнiн бiледi.
Мiнген аты күрең-дi,
Жетеуiнiң соңынан,
Жалғыз шауып келедi.
Әдiл келсе алыстан,
Алдыңғы келген жетеуi,
Бәрi де кiрдi деп едi.
Шауып жүрген шабыс бар,
Айқайлаған дауыс бар,
Мылтық оғы зулаған
Қызылбаста ұрыс бар.
Кiргенiн жауға бiледi,
Соғысты көзi көредi.
«Жалғыз едi Әдiл, деп,
Келсең, бұған кiрме!» деп,
Орақтың ұлы Қарасай
Алақандай ақ қағаз
Қыстырып кеттi деп едi
Тобылғының басына,
Қаратастың қасына.
Әдiл мұны көредi,
Хан Әдiлдiң ойына
Үлкендiк сонда келедi.
«Мен бұлардан кем бе едiм,
Кеммiн деп жүр ме едiм?!
Енесiн ұрған Қарасай,
Жалғыз деп зәбiр бередi
Орақтың екi баласы-ай.
Баба Түктi Шашты Әзiз,
Перi, шайтан
Бұлардың ата-бабасы-ай».
Тоқсан қабат торынан
Аман-есен өтедi.
Он екi қабат орына
Екпiнiмен аттың жетедi.
Үстi құтсыз ит екен,
Жамалдағыр күрең ат
Өмiлдiрiк үзiлiп,
Халық билеген ханыңды
Орға тастап кетедi,
Әдiл орда қалады.
Шылбыр жiбек шұбатып,
Тiзгiнiн басып ойнақтап,
Екi көзi жайнақтап,
Жамалдағыр күрең ат
Көп қиқуға барады.
Қарасай соғыс салып жүр,
Қази артын бағып жүр.
Қарасай соғыс салыпты,
Қылышын қанға малыпты.
Үш күн соғыс салғанда,
Үш жүз қала алыпты.
Қобылан соғыс салады,
Үш күндiктiң iшiнде
Бес жүз қала алады.
Телағыс соғыс салады,
Екi жүз қала алады.
Құбығұл соғыс салады,
Үш жүз қала алады.