Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қарасай—Қази (8-бөлім)

Қарасай-Қази · Айса Байтабынов нұсқасы · 3 мин оқу

Қалмаққа Қази сөйледi:
—Әй, қалмағым, қалмағым,
Мен ауылға барамын.
Қараүлектей анамның,
Құлағына саламын.
Не дер екен сол анам,
Шешемнiң тiлiн аламын.
Он бес күнде келемiн,
Оған дейiн тырп етпе,
Жауабын сонда беремiн.

Аулына келедi,
Қази сөйлей бередi,
Сөйлегенде не дедi:
—Айналайын анам-ай,
Арнап келдiм саған-ай.
Қарасай балаң туыпты-ай,
Атаға тартпай жаман-ай.
Барсам, балаң қашып жүр,
Қара тұман басып жүр.
Ер жiгiттер тұра ма,
Жаудың көрiп қарасын?!
Жiгiттер бұйым көре ме
Жаудың салған жарасын?!
Балаң сонда шын айтты,
Қайтайық деп сөз айтты,
Қайтпадым сонда мен,—дедi.
Жау қарасын көрген соң,
Қайтама екен ер!—дедi.
Жауға салған қырғыным,
Қайратымды көр,—дедi.
Жеңiлiп қалмақ жылады,
Шыбын жанын сұрады,
Талай қалмақ құлады.
Қалмақ бiзге бағынды,
Қыздарын берiп жалынды.
Қарасай сонда күлдi деп,
Олжаны тәуiр көрдi деп,
Қыз беремін дегенге,
Қарасайдың жаны кiрдi деп,
Не қыл дейсiң, анам-ай,
Қаратып келдiм саған-ай?!
Сонда кемпiр сөйледi:
—Мен садағаң кетейiн,
Жанымды құрбан етейiн.
Қос ботам кеткен мен мая,
Садаға етпей не етейiн?!
Орақ-Мамай тiрiлдi-ау,
Тiрiлгенi бiлiндi-ау.
Екi орданың iшiнде,
Екi қарғам көрiндi-ау.
Едiл, Жайық екi өзен—
Ел орнаған жер едi.
Алпыс екi саласы—
Мал орнаған жер едi-ау.
Шөлге шыққан суларға
Қарағай, қайың, тал орнаған жер едi.
Айдын-шалқар көлдерге,
Қараша қаз, үйрек, қу орнаған жер едi.
Ел қорғаны кеткен соң,
Сол қоныстан көтерiлiп,
Он екi баулы ноғайлы—
Көшiп кеттi елiмiз.
Көштi дағы ел кеттi,
Бармағын тiстеп ер кеттi.
Қайғыменен би кеттi,
Қаралы болып қыз кеттi.
Қоныстан тайып мал кеттi,
Ботасын тастап нар кеттi.
Бәрi кетiп қалған соң,
Қарасынсыз болған соң,
Мен сорлыны еңiреттi.
Қарасайға «атқа мiн», дедi,
Мамайыма тартып ең,
Сөзiң жұмсақ, қарағым,
Көкiрегiң кең,—дедi.
Елеулi болсаң, ел ерер,
Басшылық қылсаң, көп ерер,
Басшысыз болсаң кiм ерер?!
Қамқор болсаң ел келер,
Қорғамасаң кiм келер?!
Мырза болсаң кiм келмес,
Сараң болсаң дым келмес?!
Қарасай атқа мiне көр,
Белiңе қару iле көр.
Түн ұйқыңды бөле көр,
Түнделетiп жүре көр.
Кешегi кеткен ноғайды,
Қайтарып қонысқа алып келе көр.
Қарасай атқа мiнедi,
Бес қару белге iледi.
Үрiккен елдiң артынан
Қарасай қуып жөнелдi.
Шынтемiр тiккен ордаға
Қарасай салып келедi.
Төрде отырған ханына
Иiлiп сәлем бередi.
Құдай ұрсын, Шынтемiр,
Балаға көзiн салмады-ау,
Сәлем берсе алмады.
Қарасай атты берендi,
Боқтап келiп, қарғады:
—Белде, белде, белдiң бе,
Белдерден асып желдiң бе?!
Түн ұйқыңды бөлдiң бе,
Түнделетiп жүрдiң бе?!
Қан үшiн ханды берем деп,
Арнайы маған келдiң бе?!
Қыршыныңнан қиылғыр,
Мен Ораққа ердiм бе?!
Қалмақтан барып олжа алып,
Орақпен бiрге келдiм бе?!
Сөйледi сонда Қарасай,
Орақтың үлкен баласы-ай:
—Мен келмейiн деп ем саған-ай,
Сенiң керегiң жоқ маған-ай.
Сен кеткенмен, Орақтың қатын-баласы
Қалған жоқ қой қараң-ай.
Саған менi жұмсаған
Қараүлек деген анам-ай.
Сен кеткен соң қалғанбыз,
Әуелден жауға бола туған жазғанбыз.
Жылқымызды жау алып,
Жылқыны жау алғанмен,
Кетпеген екен әруақ бiрден жоғалып.
Бiз қалмақпен соғыстық,
Қалмақты жеңiп бiз алдық.
Көздi жерлер көл-ау деп,
Көзсiз жерлер жол-ау деп,
Балалы адам тең-ау деп,
Баласыз адам кем-ау деп,
Сiз сияқты хандарды,
Перзентсiз болып жүр-ау деп.

Қарасай-Қази

Барлығы: 180 жыр

Тағы оқыңыз